20:50
Риясыз рух

НӘПСІ ДӘРЕЖЕЛЕРІ

Нәпсі мүлһәма – илһам мен шабытқа ашық деңгей. Бұл кезде адам жасаған зікір мен ғибадаттан толықтай ләззат ала бастайды. Аллаға деген махаббаттың дәмін сезеді. Дүниенің күнәлі қызықтарынан бас тартады. Бұл жақсылық пен жамандықты ажыратуға адамның еркі жететін кез. Нәпсі бұл кезде сауабы мен күнәсін таразылай біледі. Осы себепті Алладан басқа барлық нәрседен алыстайды. Бұл деңгейде адам бірқатар қасиеттерге ие болады. Оның белгілері: пайдалы ілімге ден қоя бастайды, қарапайымдылық, кішіпейілдік, тәубе, сабыр, жомарттық, шүкіршілік, қанағат пен шыдамдылықты үйренеді. Діни тәжірибені бастан кешеді. «Нәпсі мүлһәма» деңгейі позитивті әрі негативті жақтарымен аралас көрініске ие. Өзімшілдік, еліктеушілік, екіжүзділік әлі де қауіп ретінде бар. «Нәпсі мүлһәма» өте бір сындарлы уақыт. Негативті эго әлі де толық еңсерілмегендіктен, адамның табаны әлі нық тұр деуге келмейді.

Нәпсі мұтмаинна – нәпсінің тазара түскен, анағұрлым жоғарғы сатысы. Бұл кезең – адамның терең иманға қол жеткізіп, ғайып әлеміне деген сенімі өте берік орнаған кезең. Сол себепті мұндай нәпсі әр нәрсеге хикмет көзімен қарай білетін және жан дүниесі тыныштық тапқан нәпсі. Оны жалған өмірдің қорқынышы мен қайғысы жеңе алмайды. Нәпсі мұғмаинна – көңіл-күйде тұрақтылық пен рухани саулыққа қол жеткізген нәпсі. Араб тілінде «мұтмаинна» сөзі тойынған, тоқмейіл, жұбаныш тапқан, тыныштыққа бөленген, қанағаттанған деген мағыналарды білдіреді. Ғазалидың айтуынша, «алғашқы кемел дәрежелердің бірі – нәпсі мұтмаинна – мүлһәмадан анағұрлым абыройлы әрі сыршыл. Мұндай адам Алланың бұйрықтарына бас иеді әрі нәпсінің жамандықтарына қарсылық танытады. белгілі тәпсірші Елмалы Хамды Язырдың пікірінше, «нәпсі мұтмаинна» барша себептерге тәуелділіктен құтылып, Жаратушыны танып, Оған деген мағрифатын жетілдіруді мұрат тұтып, барлық іс-әрекетінде Алладан басқаны ысырған – «мендік» деген сөз. Бұл нәпсінің пендені алдайтын барлық қалауына ерік бермей, Алладан тыс нәрселерге деген тәуелділіктен толықтай арылуды білдіреді.

Ғалымдар адамның нәпсі мұтмаиннаға қол жеткізуі үшін төмендегі дәрежелерді меңгеру керектігін айтады:

  • Күдіктен арылып, яқини (шынайы) сенімге қол жеткізу,
  • Білімсіздіктен арылып, терең білімге ие болу;
  • Ғапылдықтан арылып, рухани ояну;
  • Қиянатты, зұлымдықты тастап, тәубеге келу,
  • Риядан арылып, ықыласқа жету;
  • Өтірік пен жалғанды тастап, шынайылықты ұстану,
  • Әлсіздікті тастап, батыл және тәуекелшіл болу;
  • Өзіне таң қалуды қойып, Алланың Ұлылығына бас ию. Толық бойсұну;
  • Тәкаппарлықты тастап, кішіпейіл және қарапайым болу,
  • Салғырттық пен еріншектікті қойып, еңбекқорлыққа, іс-әрекетке көшу.

Нәпсі радия – разылық деңгейін бағындыруды білдіреді. Мұндай нәпсі ендігі жерде тек қана Алланы разы етуді мұрат тұтады. Кемелдік жолындағы бесінші дәреже болып есептелетін «нәпсі радия» ештеңеге шағым айтпайтын болады. Пендешіліктен арылғандықтан, бұл кезде нәпсі көркем мінезділікті бойға сіңіреді. Бұйрықтарға толық берілумен Алланың есімдері мен сипаттарының сырларына қанығады. Алайда кейбір ғалымдар «нәпсі мұтмаиннадан» кейінгі дәрежелерді мойындамаған. Олар «нәпсі мұтмаиннаны» соңғы дәреже ретінде қабылдаған. Ал «нәпсі мұтмаиннаның» үстінде дәреже бар деп қабылдағандар нәпсінің «радия» дәрежесіне шыға алатындығын білдірген. Олар Құрандағы: «Сен Раббыңнан, ал Раббың сенен разы болған күйде» деген «Фәжр» сүресінің 28-аяты осы деңгейді білдіреді дейді.

Нәпсі мардия – өзіне разылық білдірілген нәпсі ретінде сипатталады. Ол рухани кемелдік жолына түскен адамның Алланың разылығына қол жеткізген деңгейі. Бұл деңгейге жеткен жан пенделік қалаулардың барлығынан арылып, көркем мінезге қол жеткізеді. Алланың рұқсат етуіне қарай Алла тарапынан кейбір ғайыптың сырларына қанығады. Бұл – Алланың оларға нәсіп еткен сыйы.

Нәпсі кәмила – кемшіліктен арылған, кемелдікке жеткен нәпсіні білдіреді. Бұл тазарудың адамзатқа тиесілі ең биік шыңы. Тән қалаулары емес жан қалаулары басым тұрады. Бұл деңгей «нәпсі сафия», «нәфсі құдсия», «нәпсі салиха», «нәпсі зәкия»деп те аталады. Бұл, негізінен, пайғамбарларға тән дәреже. Бұл деңгейдегі адамның жасаған барлық іс-әрекеттері тек қана жақсылықтан тұрады, иләһи сырларға көз жеткізе алады. Үндемегені терең пайым, қарағаны ғибрат, айтқаны тек хикмет болады. Жүзі нұрланғаны соншалық – оған қарағандар Жаратушыны еске алады.

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 65 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: