22:48
Риясыз рух

НӘПСІ ДӘРЕЖЕЛЕРІ

Нәпсі жайын сөз еткен Ислам ғұламалары өз еңбектерінде нәпсіні бірнеше категорияға бөліп қарастырады. Мәселен, Имам Әбу Хамид әл-Ғазали (1058-1111 ж.ж.) нәпсіні үшке бөліп қарастырған: нәпсі әммара, нәпсі ләууама, нәпсі мұтмаинна. Бұл нәпсінің Құран және сүннет бойынша жалпылама жіктелу формасы. Ал егжей-тегжейлі жіктеген кезде ғалымдар нәпсіні жеті дәрежеге бөліп қарастырады. Мәселен, Ибн Араби нәпсі дәрежелерін төмендегідей категорияларға бөледі: нәпсі әммара, нәпсі ләууама, нәпсі мүлхәма, нәпсі радия, нәпсі мардия (разылық білдірілген нәпсі) және нәпсі кәмилә. Нәпсіге тән соңғы «нәпсі кәмилә» дәрежесін пайғамбар нәпсісі, бұл ең жоғарғы саты және оған пайғамбардан өзге адамның жетуі мүмкін емес дейді.

Бұл айтылған нәпсінің дәрежелері оның күнәдан тазарып, рухани тәрбиеден өтуіне тікелей байланысты. Өйткені нәпсінің болмысы бір. Алайда ғалымдар нәпсіні оның рухани деңгейіне қарай әртүрлі дәрежеге бөліп, сипаттарына сай түрлі атаулармен атаған. Енді кезегімен нәпсінің әрбір категориясына тоқталып өтейік.

Нәпсі әммара – адамды азғырушы әрі күнә мен түрлі жамандыққа итермелеуші нәпсі. Бұл кезең – адамға тәндік құмарлықтары, хайуандық сезімдері мен жаман ойлары оңай үстемдік жүргізе алатын кезең. Бұл кезеңде адам көңілі жамандыққа тартып тұрады. Нәпсі әммара – адамды шаһуатын оятатын тән құмарлығын қанағаттандыруға итермелейтін нәпсі. Ол адамды әрдайым төменге тартады. Қазіргі психологиямен салыстырып қарайтын болсақ, Зигмунд Фрейдтің невроздан құтылу үшін ұсынған тәсілі осы нәпсі әммараны қанағаттандыру болатын. бұл – адам руханиятының ең төменгі деңгейі. Яғни бұл кезеңде адамның топыраққа тән тәндік қалаулары басым келеді. Құрандағы «Қу нәпсі әрдайым жамандықты бұйырады» («Юсуф» сүресі, 53-аят) деген аят осы төменгі деңгейді білдіреді. Сол себепті бұл кезеңде адамға тәлім-тәрбие ауадай қажет. Нәпсі әммараның азғыруынан арылу үшін зікірге салауат пен истиғфарға қатты көңіл бөлінуі тиіс. Бұл кезеңде нәпсі әлі тәрбие көрмегендіктен, адамның жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінен көптеген шикіліктер байқалып тұрады. Қалай отырып-тұру, ішіп-жеу секілді қарапайым әдепті де әлі меңгермеген, ойынан күнә арылмаған кез ретінде сипатталады.

Атақты тәпсірші ғалым Ибн Жәрир әт-Табари: «Жамандыққа бұйырушы нәпсі адамдардың көпшілігіне тән. Мұндай деңгейдегі адам Аллаға ұнамайтын істерге үйірсек келеді. Алла өзі рақымымен сақтаған пенделері болмаса, көпшілік адамдар нәпсінің осы қалауларынан оңай бас тарта алмайды», - дейді.

Жүсіп пайғамбардың «нәпсі әммара» туралы айтқаны жақсы-жаман барлық адамның нәпсісі жамандықты қалап тұратынын білдіруде. Сол себепті шариғатымызда нәпсінің жамандығынан сақтану үшін діннің талаптары мен міндеттерін орындауға көбірек көңіл бөлу керектігі баса айтылады.

Нәпсі ләууама – бұл әр ісіне жауаптылықпен қарап, өз-өзіне іштей есеп бере бастайтын кезең. Бұл кезеңде адамның ар-ұждан қуаты нәпсінің тәндік қалауларынан басым келеді. Сол себепті адам өзгенің кемшілігін сынағаны секілді, енді өзінің де қателіктерін сынға ала бастайды. Мужаһид ибн Жәбр: «Нәпсі ләууама – жіберген қателіктері үшін өкініш білдіріп, өзін жазғыратын нәпсі. Ондай адам күнә немесе жамандық қылса, өзін «мұны неге жасадың?» деп сөгеді, ал жақсылық қылса, «артығырақ неге орындамадың?» деп айыптайды» деген. Құранда «өзін-өзі жазғырушы нәпсіге серт!» («Қиямет» сүресі, 2-аят) деп келген. Бұл кезеңде адам көңілі жамандықтан гөрі жақсылыққа бір қадам жақындау болады. Әуелгі істеріне іштей өкіне бастауы – соның айғағы. Хаман Басри (һ. 110/728 ж.ж.): «Аллаға ант етейін, шынайы мүмин үнемі өз нәпсісісн жазғырады. Ол үнемі: «Осы сөзіммен нені тұспалдадым? Бұл асты жеудегі мақсатым не? Жүрегімнен өткен әлгі ой арқылы неге қол жеткізуді көздеймін?» дейді. Ал пасық адам өз нәпсісісн ешқашан жазғырмайды» деген. Мужаһид: «Нәфсі ләууама» - тақуа адамдардың нәпсісі. Ондай адамдар жақсылық жасау мүмкіндігін жіберіп алғанына өкінеді әрі өздерін жазғырады», - дейді. (жалғасы бар)

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 70 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: