10:39
Риясыз рух

ЖҮРЕК және ОНЫҢ АҚИҚАТЫ

Көзіңді алдасаң да, жүрегіңді алдай алмайсың!

Жүрек деген кезде көз алдымызға екі мағына келеді. Біріншісі – кеудеміздің сол жақ тұсындағы ет жүрек. Яғни бір тілім ет. Бұл адамда да, хайуанда да бар. Адамдағы ет жүрек – ең керемет қызмет атқаратын насос. Ол денедегі қан айналымын ретейді. Сол арқылы өмірімізді жалғастыруға көмектеседі. Жүректің соғысы тоқтаса, адамның тіршілік етуі де тоқтайды. Ет жүрек – денені ұстап тұрушы ең маңызды ағзаның бірі.

Екіншісі, жүректің рухани әлемі – рух, нәпсі және ақылмен тікелей байланыста. Бұл адам баласына ғана тән қасиет. Адамнан басқа жаратылысқа мұндай қасиет берілмеген. Сол себепті ғалымдар: «Адамның ақиқаты – жүректің рухани қырында», - деген. Адамға тән барлық сезімдер жүректен бастау алады. Қалау, ұғыну, түсіну, т.б. қасиеттер жүректе орналасқан.

Құран аяттарында жүрекке кейде «қалб», кейде «фуад» деп те айтылады. Сондай-ақ ишарат жолымен «садр» деп те айтылған. Мәселен, Құрандағы: «Біз сенің көкірегіңді ашып, кеңітпедік пе?» («Инширах» сүресі, 1-аят), «Уа, Раббым! Көкірегімді кең қылып, иман нұрына, ілімге толтыра көр!» («Таһа» сүресі, 25-аят), «Олардың осындай күпір сөздерінен көкірегіңнің қарс айырылатынын, қатты қамығатыныңды Біз жақсы білеміз» («Хижр» сүресі, 97-аят) деген аяттарда «садр», яғни «көкірек» сөзі арқылы жүрек айтылып тұрғандығына ишарат етілген. Өйткені жүректің орны – адамның көкірек тұсы.

Адамдағы есту, көру, ұстау, дәм сезу, иіс сезу секілді бес сезім мүшесінің атқаратын функциясы да жүректен бастау алады. Жүректің рухани әлемі һәм нұры мен сәулесі ақыл әлемімен ми арқылы байланысқа түседі. Нәтижесінде ақыл – нұрлы ақыл кейпіне еніп, сол нұрдың бір бөлігі маңдайдағы екі көз арқылы адамды «айнәл-яқин», яғни «яқин дәрежесінде көре білу» деңгейіне ұластырады. Бұл жерден байқайтынымыз, адамның жүрегі қаншалықты күнә мен рухани кеселдерден таза болса, сондай-ақ ақылы да түрлі жаман ойлардан ада болса, оның сыртқы әлемдегі сұлулықты тамашалауы да соншалықты тұны келеді. Ондай адам жүрек нұры мен нұрлы ақылдың көз шарпыған шағылысы себепті өзгенің тек жақсы жақтарын байқайды. Өмірге әрдайым позитивті көзқараспен қарай біледі. Өмірдің қуанышы мен қайғысында да Құдайдың әділдігі мен шексіз хикметін һәм мейірімін көреді. Адамның маңдайдағы екі көзі – сыртқы әлемді түсініп, ішкі әлемге тікелей әсер ететін жүрек көздерінің бірі. Бұған Құран мен сүннетте де ишарат етілген. Мәселен, Құрандағы: «Оның (өз көзімен көргенін) жүрегі жалғанға шығармады» («Нәжм» сүресі, 11-аят), «Раббыңның көлеңкені қалай ұзартқанын көрмедің бе?» («Фурқан» сүресі, 45-аят), «Раббыңның пілдермен келген әскерге не істегенін көрмедің бе?!» («Фил» сүресі, 1-аят) деген аяттар маңдайдағы екі көздің жүрек көзінің бірі екендігіне ишарат етуде. Егер бұл аяттардағы мағынаны маңдайдағы екі көзбен физиологиялық тұрғыдан көру болғанда, қазіргі таңда «Раббыңның пілдермен келген әскерге не істегенін көрмедің бе?!» деген сынды бұрын өткен тарихи оқиғаны көзбен көрудің ешбір мән-мағынасы қалмас еді.

Құранның бұл аяттарында көзбен көріп, жүрекпен терең ұғыну мәселесі баян етілген. Сүннетте де бұ мәселе былайша түсіндіріледі. Алла елшісі (с.а.с.) хадисінде: «Адам жүрегінің екі көзі бар. (Маңдайдағы екі көз және жүректің көзі). Ол екеуімен адам ғайыптың сырларына қанық болады. Алла құлына жақсылық қаласа, жүрек көзін ашады. Сол кезде адам (жүрек көзінің көмегімен) маңдайдағы көзден жасырын қалған сырларды көре алады», - дейді.

Басқа бір хадисте: «Менің екі көзім ұйықтайды, бірақ жүрек көзім ұйықтамайды», - деп келеді. Келесі бір хадисте: «Мүміннің парасаттылығынан абай болыңдар. Расында, ол – Алланың нұрымен көреді» делінген. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 83 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: