20:29
Риясыз рух

ҚАЙРАТ-ЖІГЕР

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Абай

Рухтың асыл қасиеттерінің бірі – қайрат-жігер. Абайдың тілімен айтсақ – ыстық қайрат. Қайрат-жігер – адамның ойлаған ойын, алға қойған мақсатын жүзеге асыруға түрткі болатын, сондай-ақ адамдағы энергияны сөндірмей, қайта тұтатып отыратын рухани күш.

Қайрат-жігер бар жерде қашанда жетістік пен жеңіс бар. Қуаты күшті қайрат-жігердің атқаратын функциясы – түрлі кедергілерге тап болып, бойдағы іштен әсер ету немесе сырттан әсерлену күші (мотивация) аза бастаған уақытта, адамды бағытынан жаңылдырмай сол жағдайдан алып шығады. Сол себепті рухтың сипаттарынан саналады. Немістің атақты ойшылы Гете: «Кәміл адам бола салу оңай шаруа емес. бұған қол жеткізгендер қайрат-жігері мықты адамдар. Қайрат-жігері мықтылар ғана адамдықтың шыңына шыға алады», - дейді.

Жыр алыбы Жамбыл атамыз да: «Жігерлі болса – ер болар!» дейді. Қазақта бастаған істі орта жолдан бастап кететін, жалқау, табандылық пен мақсаты жоқ және алға ұмтылмайтын адамды «жігерсіз» дейтіні де осыдан.

Қайрат-жігер адамға зиянды нәрсеге қарсы «жоқ», ал пайдалы нәрсеге қарсы «иә» деп айтқызып, сәйкесінше іс-әрекетке жұмылдыратын күш. Адамды үнемі мақсатына қарай итермелеп оытарды. Мәселен, адам өзіне пайдалы бір істі жалқаулығы себепті орындағысы келмеуі немесе ертеңге қалдыра беруі мүмкін. Осы кезде бойдағы қайрат-жігер адамды бір сілкіп алып, іс-әрекетке итермелейді.

Әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі саналатын Стэнфорд университетінің профессоры Келли Макгонигал «Сила воли: как развить и укрепить» атты кітабында ерік-жігерді бұлшық ет секілді шынықтырып отыру керектігін айтады. Ол үшін адам миды жаттықтыру қажет. Миды жаттықтыруға көмектесетін тәсіл ретінде медитацияны ұсынады. Медитация – терең ойлану тәсілі. Бұл мұсылмандық танымда «тәфәккүр» деп аталады. Адам терең ойланып, тәфәккүр жасау арқылы, іс-әрекет пен шешімдерін саналы түрде жүзеге асыруды үйренуі тиіс. Айтуынша, медитация арқылы миды шынықтыру, шарыңқы ойды жинақтап, қажетті нәрсеге көңіл қоюды (фокус, концентрация) үйретеді. Сондай-ақ бойдағы ерік-жігерді күшейтіп, батыл болуға және қорықпай шешім қабылдауға жәрдемдеседі. Бұл адамда пайдасыз іске «жоқ», пайдалы іске «иә» деп айтуды және «өзі ұнатқан» нәрсеге ұмтылуды қалыптастырады.

Келли Макгонигалдың айтуынша, ерік-жігерді күшейту үшін адам өзіне мына сұрақтарды қойып, соны іс жүзінде атқаруы тиіс. Олар: «Мен істеймін», «Мен істемеймін» және «Мен ұнатамын немесе қалаймын» деген сұрақтар. Айтуынша, адам миындағы префорнтальды қыртыс және оның негізгі үш аумағы осы сұрақтарға жауап береді. Сондықтан адам пайдалы іске өзін әрдайым жігерлендіріп, «Мен істеймін» деп, нақты шешімі қабыладауы тиіс. Мәселен, күнде таңертең жүгіру немесе күнделікті кітап оқу секілді пайдалы істе «Мен істеймін» деген нақты шешім және жігер маңызды. Зиянды істе де өзін жігерлендіріп, «Мен істемеймін» деп, одан бас тарту керек. Мәселен, темекі, уақытты бос өткізу, шамадан тыс тамақ жеп артық салмақ жинау секілді зиянды істе «Мен істемеймін» деген нақты шешім және жігер маңызды. Адамның орындайтын және орындамайтын істерінен тыс, ұнататын һәм қалайтын істері де бар. Бұл жерде де адам өзін жігерлендіріп, ұнайтын істе «Маған ұнайды, мен қалаймын» деп, соған сай нақты шешім қабылдауы қажет.

Ерік-жігер – заряды азайып тұратын батарея секілді. Сондықтан оны толтырып отыру маңызды. Ол үшін адам ұйқыны қандырып, ойды жинақтап, жан дүниені тыныш және мінезді салмақты ұстағаны жөн. (жалғасы бар)   

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 79 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: