14:23
Риясыз рух

АР-ҰЯТ

Ұят – дін мен адамгершілік құндылықтар қабыл етпейтін күнәлі істің немесе жаман әдеттің жүзеге асуымен ортаға шығатын адамдағы рухани сезім. Ұят сезімі адамды қателік пен күнәға жібермей, үнемі үн қатып, адамдық қасиеттерін оятып отырады.

Абайдың тілімен айтсақ: «Шын ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы теріс бір іс себепті болады».

В.В.Зеньковский өзінің «Психология детства» атты еңбегінде ұяттың екі түрін атап көрсетеді: біріншісі – адамның өзінде болатын ұят (мұны ар-ұят дейміз); екіншісі – әлеуметтік ұят түрі. Оның айтуынша, адамдағы өзіндік ұят (ар-ұят) – адамның өзінен ұялу арқылы, ал әлеуметтік ұят көп жағдайда адамның өзге адамдардан ұялуы себепті; «олар не дейді, не ойлайды?» деген формада көрініс табады. Оның көзқарасында әлеуметтік ұят негативті сипатқа ие. Өйткені әлеуметтік ұят адам бойында екіжүзділік және менмендік, сондай-ақ жағымпаздық т.с.с. көптеген жағымсыз қылықтарды тудыруы мүмкін. Ал М.Левис ұят сезіміне мынадай түсіндірме береді: «Ұят – адамның өз ісіне, әрекетіне және сезіміне баға беріп, бір нәрсені дұрыс жасамадым немесе қателестім деген шешімге келген уақытта пайда болатын рухани сезім».

Жан-Поль Сартр ұятты «Менің болмысымды сырттан басқару сезімі» дейді.

Франклдың пікірінше, ар-ұяттың тамыры бейсаналы аймаққа жалғанып жатыр. Функциясы иррационалды. Ақылмен санасып отырмайды. Логикамен де санаспайды. Ар-ұят міндетін логикаға жеткізбей атқарады. Мысалы, көшеден әмиян тауып аласыз. Ақшасын көріп, «Кімнің ақшасы екен?», «Қайтарып берсем иесін қайдан табам?», «Қой, мұны аманат орнына апарып берейін» деп логикаға саламын дегенше, саусағыңның ұшы әмиянға тимей жатып ар-ұят сізге «Кісінің заты. Тиме! Ұят болады!» деп үкім беріп үлгереді. Әмиянды алып жатқанда міндетті түрде қолайсыз бір сезімді бастан кешесің. Бейне бір ұрлық жасаған адамдай аяқ-қолың дірілдеп кетеді. Яғни ардың соты логикасыз соттап үлгереді.

Ар-ұятқа қатысты тағы бір сөзінде Фракл былай дейді: «Психотерапевт емделушіге (пациентке) құндылықты міндеттемеуі керек. Емделуші өзінің ар-ұятына бағытталуы тиіс. Егер менен сұраса (жиі сұрайды да): «Бұл бейтараптықты Гитлерге қатысты ұстануға бола ма?» деп. Бұған былай деп нақты жауап беремін. Мен сенімдімін, егер Гитлер өзіндегі ар-ұяттың үнін тұншықтырып тастамағанда, ол ондай жауызға айналмас еді».

Ар-ұятқа әмір беруші инстанцияға адамзат «Тәңір» деп ат берген. Ар-ұятты бейнелеп былай деп түсіндіреміз. Біреу сәбидің кіндігін көрсетіп: «Мынау не? Қарындағы бұл шұңқыр нені білдіреді?» десе, сіз оған екінші бір объектіні қатыстырмай жауап бере алмайсыз. «Бұл баланың кіндігі. Туғаннан бар» деген жауап емес. міндетті түрде «Кіндік баланы анамен жалғап жатқан арқанның ізі. Ол арқан жатырда ана мен баланы жалғап жатты. Туған соң кесілді» дейсіз. Сол сияқты Тәңір ұғымын қарастырмай ар-ұятқа анықтама бере алмаймыз. Ар-ұят адамды Тәңірмен жалғап жатқан көпір.

Ислам тұрғысынан алатын болсақ та, ар-ұят – рухани компонеттің бірі. Яғни адамның рухани қабатымен тығыз байланысты. Сол себепті хадисте де: «Ұят – иманнан» делінген. Ал иманның Құдай мен адам арасындағы рухани келісім екені белгілі.

Діни философияда адамды күнәдан тосатын басты фактордың бірі – осы ар-ұят. Ғалымдардың «Адам жеке қалғанда күнәға оңай беріледі» деп айтатыны бар. Ал оған тосқауыл болатын фактор ретінде осы ар-ұят көрсетіледі. Ислам діні бойынша ұят – адамды Алла алдында немесе көпшілік алдында күнә немесе теріс қылық жасаудан тыйса, ар-ұят адамды жеке қалғанда Алладан және өзінен ұялып, күнәлі іске барудан тосады. Ар-ұяттың даусын адамның өзінен басқа ешкім естімейді. Егер адам ар-ұяттың үнін тыңдай білсе, өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізбек. Бір сөзбен айтқанда, ар-ұят дегеніміз – адамның өзіне тиесілі өмірлік миссиясына жауаптылық танытуы. Себебі өмірдегі маңызды әрі адамға қиын келетін нәрсенің бірі – өзінің өмірге келудегі негізгі миссиясы мен өмірлік мақсаттарын айқындап, соған сай жауаптылықпен әрекет қылу. Бұл – фантастикалық кинодағы секілді әп-сәтте бола қоятын оңай нәрсе емес әрине. Ол уақытты, төзімділікті, ерен еңбекті қажет етеді. Яғни бұл жерде де нәпсі қалауларынан адамның үстем келу мәселесі жатыр.

Тасаууф ілімінде адам бойдағы ар-ұят сезімін оята білмесе әп-сәтте нәпсінің басыбайлы құлына айналады. Адамгершілік және діни құндылықтарды, моральдық принциптерді, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етіп, өзінің адами қасиетін жоғалтады. «Ар-ұят – ап-айқын адамгершілік феномен. Адам – адамшылығын жоғалтып алмасы үшін өзінің ар-ұятына бағынуы тиіс». Ар-ұяттың адам өміріндегі маңыздылығын ескеріп Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамдарға әуелгі пайғамбарлардан «Ұялмасаң, білгеніңді жаса!» деген сөз қалды», - деген.

Бұл хадисті мына екі мағынада түсінуге болады:

Бірінші: Ар-ұятты былай ысырып қойып, қалағаныңша өмір сүр. Білгеніңді жаса. Бірақ есіңде болсын, өмір өткінші. Ерте ме, кеш пе, Алланың алдында есеп беретін күн келеді. Яғни бұл жерде адамды ар-ұяттың шеңберінен асып кетпеуге үндеп, жауапкершілікке шақыру бар.

Екінші: Шариғат рұқсат еткен немесе тыйым салмаған іс – рұқсат етілген амалға жатады. Сол себепті шариғат шеңберінен асып кетпеу шартымен, білгеніңді жасай аласың.   

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 83 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: