06:54
Риясыз рух

ТҮПСАНА және БЕЙСАНА

Құран адамның өзгелерге көрсеткісі келмеген және түпсанасында жасырынған сезімдердің оның сөйлеу барасында айтқан сөздері арқылы кенеттен ортаға шығатынын аяттар арқылы білдіреді: «Жоқ, әлде жүректерінде дерті барлар іштеріндегі (хақ дінге һәм мүміндерге деген) өшпенділікті Алла тағала әшкере етпейді деп ойлады ма?! (Уа, Мұхаммед!) егер қаласақ, саған оларды бір-бірлеп көрсетер едік те, оларды бет-әлпетінен таныр едің. Әйтсе де сен оларды сөздерінің сарынынан-ақ сөзсіз танисың. Алла сендердің барлық істеріңді біледі» («Мұхаммед» сүресі, 29-30 аяттар).

Хадисте де адамның түпсанасында жасырынан сезімдердің адамның түр-әлпеті арқылы және сөйлеу барысында бейсаналы түрде ортаға шығатындығына ишарат бар.

Алла елшісі (с.а.с.): «Адамның ішіне сақтаған сырын Алла Тағала оның үстіне кигізеді, яғни жүзіне шығарады. Егер ішіне сақтаған сыры жақсы болса, жүзінен жақсылық байқалады, ал ішіне сақтаған сыры жаман болса, жүзінен де жамандық көресің», - дейді.

Осы мағынада мүміндердің әміршісі Османның (р.а.) да мынадай сөзі бар: «Адамның ішіне сақтаған сырын Алла Тағала оның жүзі мен тілі арқылы ортаға шығарады».

Түпсанада жасырынған сезімдер кейде адамның қиын жағдайға душар болған кезінде немесе бір мәселенің алдында шарасыз қалған уақытында, сондай-ақ, өлім аузында жатқан кезде де бейсаналы түрде ортаға шығады. Құран мұны мұса (а.с.) пайғамбар мен залым перғауынның қиссасы айтылған аяттарда баян етеді. Перғауын – Аллаға иман келтірмей күпірлік пен күнәнің батпағына малынып, әбден шектен шыққан адам. Шектен шыққаны соншалық – «мен Құдаймын» деді. Сөйтіп, өзіне әлемнің Жаратушы бар екенін айтып иманға шақырған Мұса (а.с.) пайғамбарды қауымымен бірге өлтіруге әрекет жасады. Бірақ перғауын қанша жерден күпірлік танытып, «мен Құдаймын» деп тәкаппарланса да, бейсаналы түрде өзінің Құдай емес, көптеген мұқтаждығы мен қажеттілігі бар әлсіз пенде екендігін білді. Оның бейсаналы түрде Құдай емес екенін сезінуіне, өмірінде орын алған көптеген оқиғалар мен өзінің адами тұрғыдан болған әлсіздіктері дәлел болғаны анық. Мәселен, оның дәуірінде Ніл өзенінің қызыл қанға боялуы, бақа-шаяндардың қаптауы т.с.с көптеген оқиғалар орын алды. Перғауын мұның біріне де тосқауыл бола алған жоқ. Тіпті бұл азаптан құтылу үшін әзірет Мұсадан Аллаға дұға етуін өтінді. Бойындағы әлсіздіктері де оның бейсаналы түрде Алланың барын білгендігіне дәлел екендігі айтпаса да түсінікті. Мәселен, адам өмірде ауырмай тұрмайды, міндетті түрде кем дегенде жылына бір рет әртүрлі ауру себепті жаны да, тәні де қиналады. Ал перғауын ауырмады емес, ауырды, сондай-ақ қарнының ашқанын, шөлдегенін, басының ауырғанын сезінді. Аптап ыстық пен қақаған суыққа қарсы қауқарсыздығына және дәретханаға баруға мұқтаж екеніне көз жеткізді. Міне, осы қажеттіліктердің барлығы оған бейсаналы түрде Құдіретті Жаратушының бар екенін сездірген болатын. алайда ол биліктің буына мастанып, тәкапарлығы себепті ешкімді мойындағысы және менсінгісі келмеді. Мұнымен де қоймай, «мен Құдаймын» деп жар салды. Ақыр аяғында басына тықыр таянып, Қызыл теңіздің қақ ортасында қалып, жан-жақтан таудай-таудай толқындар қыспаққа алған уақытта және өліммен бетпе-бет келіп, жаны алқымға келген кезде түпсанасында жасырынған нәрсе бейсаналы түрде тілі арқылы ортаға шықты. Амалсыз «Бір Құдайдың бар екеніне иландым» деді. Бірақ бұл иманы оған пайда берген жоқ. Себебі Исламдағы сенім жүйесі бойынша, өмірде Аллаға иман етпеген адам, өлім сәті таяп, жаны алқымға келген уақытта иман келтірер болса, оның иманы қабыл етілмейді. Перғпуынның «мен Құдаймын» деп қанша тәкаппарланса да бейсаналы түрде Құдіретті Жаратушының барын білгендігін Құран былайша баян етеді: «Сөйтіп, Исрайыл ұрпақтарын теңіздің арғы бетіне өткіздік, сол кезде перғауын мен әскерлері қаны қарайып, олардың соңына түсті. (Исрайыл ұрпақтары түгелдей теңіздің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, оларға жол ашып қақ айырылған) теңіз суы қайта қосылып, Перғауынды жұта бергенде, ол: «Исрайыл ұрпақтарының иман келтіргенінен басқа құдай жоқ екеніне иландым. Мен енді Оған жан-тәніммен бағынған мұсылмандардың бірімін», - деді. Енді ғана ма?! Расында, сен бұдан бұрын үнемі Аллаға қарсы келіп асы болдың һәм лаң салушы бұзғышылардың бірі һәм бірегейі болдың» («Юунус» сүресі, 90-аят).

Бұл аяттардан өлім аузында тұрып иман келтіргені Перғауын үшін нәтижелі болмағандығын аңғарамыз. Мұның себебі – жан алқымға келгенде иман келтіру – шарасыздық, амалсыздық, мәжбүрлік болып табылады. Ал иман мәжбүрлікпен емес, адамның таңдау еркімен жасалады. Перғауынның да бұл жердегі иман келтіруі – шарасыздықтан орын алып отыр.

Онымен қоса Перғауын көзі тірісінде жер бетінде Аллаға қарсы шығып, күпірлік етті, тәкаппарланды, күнәнің батпағына батты, жер бетінде бұзғыншылық жасап өзін де, өзгелерді де адастырды. Сол себепті иманының қабыл етілмей кері қайтарылуына, қорлыққа, жазғырылуға, төмендетілуіне лайық болды.

Имам Фахруддин әр-Рази осы аятқа берген түсіндермеде: «Перғауын жаны алқымға келгенде үш мәрте иман келтірді. Бірінші сөзі «Исрайыл ұрпақтарының иман келтіргенінен басқа құдай жоқ», екінші сөзі «иландым», ал үшіншісі – «мұсылмандардың бірімін» деген сөзі. Енді осы жерде мынадай орынды сұрақ туындайды. Үш мәрте иман келтірсе де перғауынның иманы неге қабыл етілген жоқ

Мұның жауабы мынадай: Перғауын басына азап келгенде ғана барып иман келтірді. Ал бұл уақытта иман қабыл етілмейді. Өйткені басына азап төнген уақытта адамның хәлі – мәжбүрлікке ұласады. Яғни Перғауынның иман келтіруі өзінің таңдауымен емес, мәжбүрлік себепті орын алды. Осы себепті Алла Тағала Құранда: «Алайда өздеріне төніп келген жойқын азабымызды көрген сәттегі айтқан имандары оларға титтей де пайда бермейді» («Мүсін» сүресі, 85-аят), - деген.   

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 86 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: