19:27
Риясыз рух

АҚЫЛ-САНА

Ақыл – адамдағы басты капиталдың бірі. Ақылдың ақиқатты тануға, қоғамда болып жатқан жағдаяттар мен оқиғаларды дұрыс түсінуге, дұрыс пайым жасауға, әлемдегі әртүрлі құбылыстардан ғибрат алуға деген бейімділігін жоғалтып алған адам шығынға ұшырайды. Яғни өзінің таза рухани болмысы (фытраты) мен адами келбетін жоғалтып алады.

Ақылдың атқаратын функциясы – ақиқат пен жалғанның, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның арасын ажырату. Бұлардың барлығы ақылға тән сипат. Ал ажырату сипаты болса, келесі бір деңгей – таңдау сипатына жол ашады. Яғни ақыл жақсы мен жаманның арасын ажыратқаннан кейін, таңдау жасайды. Не жақсыны, не жаманды таңдайды. Сол таңдауына қарай дүниеде не жақсылыққа, не жамандыққа кенеледі.

Мәселен, өмірде пайдалы сусын түрлері өте көп. Соның ішінде арақ секілді бір-екі зиянды түрлері де бар. Зиянды болғандықтан шариғат оған тыйым салған. Зиянды болуының басты себебі де (илләсы) – адамды мас қылып, ақылынан алжастыратындығы. Мұндай кезде адамның ақылы өзіне жүктелген функцияны дұрыс атқара алмайды. Яғни адам ақылсыз кейіпке түседі. Нәтижесінде, өз өмірі мен өзгенің өміріне зиян беруі мүмкін. Бұл әлемдегі тепе-теңдік пен адамдар арасындағы қарым-қатынасқа зиян келтіреді. Ал шариғат мұндайға жол бермейді. Сол себепті араққа және илләсы (харам болу себебі) араққа сәйкес келетін барлық нәрсеге қияс жолы арқылы тыйым салады. Енді бір адам мыңдаған пайдалы сусын ішінен арақты таңдайды. Нәтижесінде, ішкіш атанады. Абыройынан айырылады. Жеке өмірінде, жұмысында, отбасында проблема көбейеді. Бірте-бірте денсаулығын да құртады. Ал енді қарап отырсақ, әлгі адам арақты таңдау арқылы өмірдегі басқа түскен проблемаларды да өз еркімен таңдап алды. Оны ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ал шариғат тыйым салған нәрсені өз еркімен таңдағандықтан, ақыретте де өз таңдауына қарай есепке тартылады. Таңдауы жақсылық болса, жақсылық ретінде қарымын алады, жамандық болса, оның да жазасын көреді.

Демек, адам ақылдың сәулесін сөндіріп алмай, дұрыс қолдану арқылы, таңдауын да дұрыс жасауы қажет. Абай мұны бір сөзінде: «ақыл – мизан (таразы)», - деп түсіндіреді. Өмірде ақылын дұрыс қолданбайтын, тиісті дәрежеде дамытпайтын, ухани ұйқыда бейқам жүрген адамдар бар. Олар рухани әлемнің, тіпті мына дүниенің сырларынан бейхабар. Олар өздерінің сол жағдайына қанағат қылады. Бұл – надандықтан туындаған қанағат.

Ғалымдар адам өз бойындағы екі фытратты (рухани таза болмыс пен ақылдың тану бейімділігін( тұншықтырып тастаған кезде Құдайына қарсы келетіндігін айтқан. Пайғамбар хадисінде де жаңа туылған баланың фытрапен дүниеге келетіндігі баяндалады. Адамдағы осы туа бітті тазалықты Имам Ағзам Әбу Ханифа иман деп атайды. Ол: «Имансыздық (күпірлік( фытраттың бұзылуы, иман – сол фытратты бұзбай сақтап, жалғастыру. Бірақ кейбір адам тумысынан берілген осы қасиетін бүркемелеп, өз жаратылысынан өзі жериді. Енді біреулері оны сақтап, таза қалыпта өмір сүреді. Алланың бұл тұрғыда ешқандай мәжбүрлеуі жоқ. Адамды ерікті, ақылды етіп жаратып, оған имандылықты бұйырды, күпірлікті бұйырған жоқ. Сонымен қатар иманда Өзінің разылығы бар екендігін, ал күпірілкте Өзінің разылығы жоқ екендігін білдірді. Кәпір болған адам өз ісімен ақиқатты бүркемелегені үшін Алланың жарылқауынан құр қалып, кәпір болады да, иман еткен кісі де өз ісімен мойындап, жүрегімен мақұлдап, Алланың жарылқауына ие болу арқылы иман еткен болады».

Асылында, адам табиғаты мәдениет пен қоғам арқылы өңдеуді қажет ететін шикізат емес. адам бір жағынан белгілі дағдыларды қалыптастыруға қабілетті болса, екінші жағынан оның бойындағы Құдай берген қасиеттер қоғамның кейбір қисық қамытын лақтырып тастап ақиқатқа жетуге де қабілетті.

Мына мәселені де ескерген жөн. «Ақылдың мүмкіндігі жақсы мен жаманды айыруға, Алланы тануға жетеді» деу арқылы, Ислам тарихында пайғамбарлықты жоққа шығаратын «бараһима» деген атпен танылған ағым өкілдері секілді шектен шығуға да болмайды. Керісінше, пайғамбарлар – ақылдың жалпылай жеткен ақиқаттарын жалқылай әрі нақтылай түсіп, бүге-шігесіне дейін ашып түсіндіру үшін келді. Сол себепті пайғамбарлардың барлығы бір дінді (яғни таухид дінін – бір Аллаға деген сенімді) әкелгенімен, шариғаттары әртүрлі болғанын ескерген жөн.

Батыстық әлеуметтанушылар, философтар мен антропологтар, адам өз табиғатымен жеке қалдырылған жағдайда жабайы, жыртқыш аңға айналып, күнә мен азғындыққа берілетіндігін айтып келген. Десе де, қазіргі ғылым адамда бейімділік, таңғажайып түйсіктер мен ақыл күшінің мүмкіндіктері, мәдени әрі тұп-тұнық болмыс бар екендігін айтып тамсануда.

«Сана» термині шығыстық сипатта адамның ақылын, ойын, танымын бейнелейтін синоним ретінде кең мағынада қолданылды.

Адам өмірі өзінің ойына сай өтеді. Оның сөзі мен іс-әрекетіне қарап, адамның ойы қандай екенін бағалауға, ал ойына сай қандай іс-әрекетке баруы мүмкіндігіне де болжам жасауға болады. Ойдың бағытына сай адамның ниеті анықталады.

Ақылдан туындаған сананың өз функциясын атқарудағы түпкі межесі – Алла жайындағы ілімге, яғни мағрифатқа қол жеткізу. Мұндай ілімге қол жеткізген ақыл яки сана кемелденіп, ар-ұждан тарапынан белгіленетін міндеттемелердің жауапкершілігін мойнына алатындай дәрежеге жетеді.

Асылында, материя адамның санасы арқылы белгілі бір мәнге қауышады.

Өйткені жаратылысты саналы түрде тамашалау – адамға ғана тән ерекшелік. Сондай-ақ, ғалам туралы терең ойланып, пайым жасау адамға ғана тән қасиет. Ал адамның барша жаратылысты Жаратушыдан деп білуі нағыз ізгілік. Мұндай дәрежеге жеткен адамның үнсіз ойлануы – тәфәккүр (Жаратушы мен жаратылыс туралы терең ойлану), сөз сөйлеуі – хикмет, барлық нәрсенің ішкі сырына қанығып, сана-сезімі бір ойға тұрақтауы – махаббат.     

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 87 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: