12:25
Риясыз рух

АҚЫЛ-САНА

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Абай

Адамды адам еткен ең басты фактордың бірі – ақыл. Ақыл – адамдағы ұлы болмыс, рухтың асыл қасиеттерінің бірі. Ақыл адамға өмірлік ұстанымдары мен жауапкершіліктерін, сондай-ақ ойлары мен шешімдерін, іс-әрекеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ақыл емел әрі толысып-жетілген жағдайда емес, қарапайым және бүршік жармаған дән кейпінде адамға тарту етілген. Сол себепті адам ақылын кемелдендіріп, жарыққа шығаруға борышты.

 Ақыл – ішкі рухани дүние мен сыртқы материалдық дүниетаным арасында айна болып, ар-ұжданмен бірігеді. Осылайша адамның іс-әрекетіне баға беретін, бағыт-бағдарын айқындап, жөн сілтейтін күшке айналады.

Ислам философиясында бұған «қууа әл-ақлия», яғни «ақыл қуаты» деп айтылады. Ақыл – адамның ұяты мен ар-ұжданын белгілі бір бағытқа салатын құрал. Ал ұят пен ар-ұжданын белгілі бір бағытқа салатын құрал. Ал ұят пен ар-ұждан болса, жамандықтан тосып, жақсылыққа бастайтын адамның ішкі халі. Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне осыны ескертіп: «Ар-ұят – иманның бір тармағы», - деген.

Осы уақытқа дейін материалистер ақылдың эволюциялық жолмен өздігінен пайда болған нәрсе екендігін айтып, сананы улап келді. Осы арқылы олар адамдағы ақыл мен сананың негізгі жаратылыс мақсатын білуге кедергі жасады.

Ислам көзқарасында ақыл – таза фытраттан (туа бітті таза болмыстан) кейінгі адамға берілген негізгі капиталдардың бірі. Құранда Құдайға сенбейтіндер мен екіжүзділер жайында айтылған аяттарға берілген түсіндірмеде: «Олар өздеріндегі ең басты капитал – «тумысынан таза рухани болмыс» пен «ақиқатты тануға деген ақылдың бейімділігін» жоғалтып алғандар. Дүние-мүліктің басты капиталын жоғалтып алған адам – шығынға ұшырайтыны белгілі. Мінеки, бұлардың хәлі де дәл осындай», - деп келеді.

Хадисте де. «Ақыл – ақиқат пен жалғанды ажырататын жүректегі нұр» делініп, Абайдың да «нұрлы ақыл» дейтіні осыдан. Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді. Нұр – қараңғылықта жол табуға көмектесетін жарық сәуле.

Егер маңдайдағы екі көз, жүректегі осы нұрды қолданбаса не болмаса қабыл етпесе, жай ғана көру құралы болып қалады да, сыртқы әлемді рухани көзбен көре алмайды. Мұндай жағдайда адам бойындағы энергия мен қайрат-жігер, сыртқы материалдық әлеммен рухани байланысын әлсіретіп алады.

Демек, екі көзге рухани жан бітіретін жүректегі осы айтылған нұр. Құран бұған ишарат қылып: «анығында, көздер көр болмайды, керісінше, көкіректердегі жүректер көр болады» («Хаж» сүресі, 46-аят), - дейді. Ибн Аббас көз жанарынан айырылып қалған кезінде, өзін соқыр деп мазақ қылған адамға: «Біздің көзіміз соқыр, ал сендердің көкірек көздерің соқыр» деп жауап берген. Құранда қиямет күні кейбір адамдардың былай деп шағымданатындығы баяндалған: «Сол кезде ол бейбақ: «Раббым, мені неліктен көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға суқараңғы күйде келтірдің, мен (дүниеде) көретін едім ғой?» - деп сұрайды». «Сонда Алла оған: «Солай, саған аяттарымыз келгенде, оларды қалай ұмыт қалдырып, елемеген болсаң, бүгін өзің де дәл солай ұмыт қалып, мүлдем еленбейтін боласың», - деді» («Таһа» сүресі, 125-126 аяттар).

Ибн Араби мұны «ақылдың нұрын һәм ақылдың ақиқатты тану бейімділігін» дұрыс қолданбау деп түсіндірген. Осы аяттың мағынасын түсіндіргенде ол былай дейді:

«Ей, пенде! Нәпсі қалауларыңа ерік беріп, табиғи болмысыңды кірлету себепті, сендегі ақылдың сәулесі – көру құралы болған маңдайдағы екі көздің ар жағында, сыртқы әлемге шағылыса алмай жасырын қалды. Сен ақиқатты тануға, өзіңді кемелдендіруге талпынбадың. Салиқалы амалдар жасаудан бас тарттың. Жауапкершілік жүктелетін мына әлемде Пайғамбар әкелген міндеттерді орындамадың. Бойыңды жаман мінезден тазартпадың. Жүректің әлемін тазалау арқылы, көзіңдегі надандық пен күпірлік пердесін ашуға тырысқан жоқсың. Осылайша сенің көзіңдегі надандық пен күпірлік пердесі ақыр соңында сені ақиқатты көре алмайтын көрсоқыр қылды. Егер осы айтылғандарды орындағаныңда, ақылдың сәулесі жүрегіңнің айнасы болып жарқ етер еді. Сол кезде Раббыңның әлемдегі кереметтеріне куә болар едің. Өзіңді нағыз ақиқат бейнесінде таныр едің. Мағрифатқа жетіп, Раббыңды тану арқылы бақыттың бал дәмін татар ең. Құран бұған былай деп ишарат етеді: «Алланы ұмытқан, Алла да оларға өз-өздерін ұмыттырған бейбақтар секілді болмаңдар» («Хашр» сүресі, 19-аят). Байқаймысың?! Олар Алланың аяттарына, әлемдегі белгілеріне ілтипат танытқан жоқ. Оны Құдайдан басқаға теліді. Құдайын ұмытты. Сол себепті олар өз ақиқаттарын танудан тосылып, мақұрым қалды. Ақыр аяғында өздерінің де кім екенін ұмытты. Олар өз ақиқаттарын танығанда, Раббыларын да танитын еді». (жалғасы бар)       

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

Просмотров: 107 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: