12:21
Риясыз рух

РУХАНИ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жауапкершілік – адамдағы асыл қасиеттердің бірі. Жауапкершілік – мораль ілімінде маңызды тақырып болып саналады. Жауапкершілік жеке басқа ғана қатысты емес, ол сондай-ақ ауқымы кең әлеуметтік феномен.

Жауапкершілік болмаса жерде әділдік те, мейірім де, даму да орын алмайды. Адам рухани әлеміндегі жауапкершілік құндылығын іске қосқан уақытта, тұлғалық даралығын әлемге паш етеді.

Жауапкершілік – қызық феномен. Оны адамға зорлап тана алмайсың не алып тастай алмайсың. Адамға еркіндік пен рухани қасиет қай күні берілсе, жауапкершілік те сол күні пайда болады.

Бүгінгі таңда жауапкершілік «адамға сырттай жүктелген борыштан құтылу» деп түсінілуде. Алайда жауапкершілік шын мәнінде – ерікті түрдегі келісім. Бұл өзге адамның айтып немесе айтпаған қажеттілігіне жауап қатып, көңіл бөлу. Демек, жауапты болу дегеніміз – ерікті түрде жауап қатып, көңіл аудару деген сөз.

Ислам діні жауапкершілікті – әр пенденің адамдық уәзипасы деп түсіндіреді. «барлығың да бақташы секілдісіңдер және қол астыларыңдағылар үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші – халқының бақташысы, ол халқы үшін жауапты. Ер адам – отбасының бақташысы, ол өзінің отбасы үшін жауапты. Әйел – күйеуінің шаңырағының бақташысы, ол күйеуінің шаңырағы үшін жауапты. Қызметші – қожайынына тиесілі мал-мүліктің бақташысы, ол да қожайынының мал-мүлкі үшін жауапты. Қысқасы, барлығың да бақташысыңдар және қол астыларыңдағылар үшін жауаптысыңдар» деген хадис те бізге осыны ұқтырады.

Хадистен жауаптылықтың ең әуелі адамның рухани әлемінен басталу керектігін аңғару қиын емес. себебі өзіне, өзінің рухани дүниесіне, оны кірлетпеуге, өзін күнделікті жан-жақты жетілдіруге жауаптылықпен қарай алмаған адам басқаның құқығына жауапкершілік таныта алмайды. Мұны күнделікті өмірлік тәжірибеден де байқауға болады. Мәселен, рухани құлдырауға душар болып, нашақорлыққа немесе маскүнемдікке әбден салынған, өмірінің мәні мен сәнін кетірген адамнан хадисте айтылған қоғам алдындағы жауапкершілікті күте алмаймыз. Себебі ол адам өзінің әлемі мен өміріне тиесілі жауапкершілікті қолға алмаған адам. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік – адамның өзін жақсылыққа қарай өзгертуге деген жауаптылығынан бастау алады.

Жауапкершілік адамға қатысты дүниемен қоса, ақырет мәселесін де қамтиды. Адам – трансценлентті болмыс болғандығы себепті, оның мына дүниемен қоса, Алланың құзырына рухани әлемін кірлетпей, таза қалпында сақтап, бүлінбеген, саф күйінде қайта оралу сынды тағы бір үлкен жауапкершілігі бар. Құранда бұл ақиқат: «Уа, (Аллаға иман келтіріп, құлшылық етіп, дұға етіп) жаны жай тауып, көңілі орныққан жан! Раббыңа қайт: Сен Раббыңнан, ал Раббың сенен разы болған күйде» («Фәжр» сүресі, 27-28 аяттар) делінсе, келесі бір аятта: «Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз» («Бақара» сүресі, 156-аят) деп баяндалған.

Бұл аяттар адам өмірінің мына дүниемен шектеулі емес екенін, адам түптің түбі Раббысына қайтатындығын көрсетеді.

Яғни адамдағы жауапкершілік тән тұрғысынан дүниемен ғана шектелмейді, рух арқылы ақыретпен де байланысып жатыр. Егер жауапкершілік дүниемен ғана шектелген жағдайда адам өмірінің мәні болмас еді. Франкл: «Адамның әлемдегі болмысы – өмірінің соңының бар болуынан туындайтын жауапкершілік», - дейді. Тағы бір сөзінде: «Өмірдің соңының бар болуы және уақыттың шектеулігі өмірдің мәнін жоқ етпейді, керісінше, біздің көзіміз жеткен нәрсе – өлімнің өмір мәнін келтіретіндігі», - дейді.

Оның пікірінше, адамдағы жауапкершілік – оның тағдырының өзіне ғана тән ерекшелігінен туындайды. Яғни әр адамның тағдыры өзінше ғажап және бұл сол адамға ғана берілген тағдыр. Оның тағдырындай басқа тағдыр жоқ. Оған берілген мүмкіндіктерге дәл ол секілді ешкім ие емес. тағдырға ие болу – өз тағдырына ие болуды білдіреді. Өмірден мән тауып, өмірлік миссиясы мен мақсатын айқындаған адам өзінің қоғам алдындағы, қала берді адамзат алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік алады.

Мұсылман үмбеті ретінде біз бүгін өте үлкен жауапкершілік арқаллаудамыз. Пайғамбар мен сахабалар секілді алып тұлғаларға жүктелген рухани әрі қасиетті жауапкершілік, көптеген кемшіліктерімізге қарамастан иләһи ихсан ретінде біздің де мойнымызға жүктелді. Бұл жауапкершілік – исламға қызмет етуді мақсат еткен барша мұсылман үмбетіне қатысты міндет. Бұл іс бос нәрсе немесе еріккееннің ермегі емес. бұрынғылардың бізге аманат етіп қалдырған бұл жүгі өте ауыр және ауыр болғандығы секілді аса абыройлы іс. Мұндай істі атқара білу, әрдайым рухани дүниемізді қадағалап отыруды талап етеді және соның негізінде ғана толық жүзеге асады. Болмаса, сахнада өзіне жүктелген рөлді дұрыс сомдай алмаған адамның сахнадан абыройсыз кеткені секілді жағдай, біздің де басымызға келуі мүмкін.

Орыстың атақты инженер-конструкторы, практикалық космонавтиканың негізін қалаушы С.П.Королев: «Іс атқарғысы келетін адам – мүмкіндік, ал іс атқарғысы келмейтін адам – сылтау іздейді», - деген. Асылында, мұсылман адамның идеологиясы өмір қиындықтары мен кедергілеріне қарсы сылтау іздеу емес, керісінше, табандылық танытып, үздіксіз өзін жетілдіріп, жақсылыққа қарай өзгеру арқылы, өзгені де жақсы арнаға бұру. Бұл – қоғамның да жақсылыққа қарай өзгеруіне ықпал ететін фактор. Ал мұның бәрі айналып келгенде адамның рухани жауапкершілік құндылығын іске қосу арқылы ғана жүзеге асады.       

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 107 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: