00:10
Құрбан айт – 2019

ТЕГІСТІКТЕ ӨТКЕН ОСЫНАУ ОТЫРЫС

Әлбетте, Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн.

Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым», – деп білдірген («Зариат» сүресі, 56-аят). Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені: «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес»; «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың»; «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады», – деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Тегістік – бұрынғы ауылдық елді мекен, Павлодар облысы Аққулы ауданына қарасты Қызылағаш ауылдық округінің кезіндегі «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» кеңшарының (қазіргі Бесқарағай ауылы) бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. 1970 жылғы мәліметтерге қарағанда, тұрғындардың саны 72 адам болған. Ол ол ма, барсакелмеске кеткен Кеңестер Одағы заманында қсынау игі кең жерде балаларға білім берген мектеп те қызмет жасаған. Елді мекен «Тегістік» ұжымшарының атауымен аталған. Бұл 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін пайда болған және «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін идеологиялық атаулардың бірі. Бірақ заман өзгергеннен кейін, елді мекеннің қансырап қалған орны ғана қалды. Қазіргі таңда соңғы топырақ бұйырған аруақтардың зираты ғана мұнда кезінде жұрт тұрғанын айқындап тұрғандай.

Құрбан айт мерекесінің бірінші күні Тегістікте киіз үй тігілді. Осынау елді мекенде тұрған ата-бабалардың ұрпақтары зираттағы аруақтарды еске алу мақсатымен құрбандық шалып, Құран бағыштап, Құдайы ас беруді ұйымдастырды. Нұр-сұлтан, Екібастұз, Павлодар қалаларынан һәм басқа да үлкенді-кішілі елді мекендерден ат терлетіп келген қауым қазақы дастарқан басында бас қосты. Ата-бабаларын еске алып, жарасымды әңгіменің тиегін ағытты.

Ал осынау қасиетті күні құрбандық шалынған һәм ұзағынан есте қалатын отырысты ұйымдастыруда Сәдібек Әжіғұлұлы Темірғалиев, Нұрлыбек Қабылдаұлы Қыстаубаев, Қуан Мұқтарұлы Тұғаев, Табан Бауезұлы Хамзин, Сұңқар Нұрмұқанұлы Сейсембеков сынды абыройлы белсенділік танытқанын атап өткеніміз абзал. Сонымен қатар апалы-сіңлілі Мейрамгүл мен Гүлмира Есергеповалар, Шолпан Суханова да солардың қатарында.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Тегістік, Бесқарағай ауылы, Аққулы ауданы, Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 437 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: