14:22
Ойлау және сөйлеу

ШЕШЕН СӨЙЛЕУ – ТАПҚЫРЛЫҚТАН ТҰРАДЫ

«Көп сөз ұтпайды,

Дөп сөз ұтады»

(халық мақалы)

Шешендік өнердің басты шарты – тауып әрі дөп сөйлеу. Талай жаудың бетін бірауыз сөзбен қайтарып, талай жиын мен даудың басын бірауыз сөзбен шеше білген тарих беттерінде таңқаларлық жағдайлар бар. Шешен билердің тапқырлықтары көпке үлгі әрі мұра болып жатқаны белгілі. Дөп сөзді оңтайлы қолдана білсе, тапқырлығы қаруға айналады.

Жиренше мен Қарашаш сұлудың тауып айтқан әңгімелері әдебиетте, тарих беттерінде көп кездеседі. Айталық, төмендегі әңгімені оқу арқылы шешендік өнердің шыңын, тапқырлықтың сырын түсінуге болады.

* * *

Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Шешен, сенің үйленбей жүргенің жарамайды. Пәленшенің қатыны ерінің тұсында жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» - дейді. Жиренше шешен: «Сіз ұйғарған болсаңыз жарайды», - деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?» - дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз», - дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай?» - дегенде, Жиренше шешен былай дейді:

- Ері есіне түседі,

Теріс қарап жатады –

Оныменен ол екеу.

Қарашашты ойлаймын,

Мен де теріс қараймын –

Оныменен мен екеу.

Оймен тауып жолдасты,

Боламыз түнде біз төртеу.

Таң атқан соң оянып,

Тура келсек тағы екеу!

Қыздай алмай қатын болмас.

Қанша жақсы көрем десең де,

Бұрынғыдан жақын болмас.

Байы өлген қатынды алу,

Ойлағанда ақыл болмас.

Хан мен жиылған көп шешеннің сөзін тыңдап «рас» депті.

* * *

Міне, «тауып айтылған сөз иесін табады» деген ақиқат. Осындай таң қалатын жауаптары бар сөздер тапқырлықпен ұштасып, шешендіктің шыңына жалғасады. Ал қазір шешен деген – тек ұзақ әрі көркем сөйлей беру деген оймен жүрген адам қателеседі. Шешендік өнердің ең басты элементі дөп айтумен сипатталады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 80 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: