21:02
Ойлау және сөйлеу

СӨЙЛЕУ ЕРЕЖЕСІ

Біз ас үйде ас дайындау үшін ең алдымен оның мәзіріне, дайындалу әдісіне назар аударамыз. Астың бабында, дәмді әрі дұрыс дайындалуына әсер ететін басты шарт – оның қоспасы мен реті. Ретсіз, көңілсіз, қалай болса солай дайындалған тағам да дәмсіз болады. Тура солай дайындықсыз, көпшілік алдына шыққанда сөйлеу ережесі мен өзіндік әдебіне бағынбай пікір айтып, сөйлей беру – дәмсіз тағам сияқты көпке ұнамайды.

Жалпы өмірде әрбір іс-әрекеттің өз ереесі бар. Бағыну керек талабы мен белгілі бір қағидасы қатар жүреді. Математика ғылымында да формуланы біліп, сандарды сол көрсетілген формулаға салып есептейтін болсаң, бәрі де ретімен дұрыс шешіледі. Ұялы телефонды, кез келген техниканы қолданбас бұрын оны тұтынудың жолы жазылған кітапшаны оқып шықсаң, бәрі түсінікті әрі меңгеру оңайға соғады. Дәл солай сөйлеу ережесін меңгеріп алған адам қандай ортада болса да ойын нақты жеткізіп, көптің назарын аударта алатын қабілетке ие болады.

 

СӨЙЛЕМЕС БҰРЫН АУДИТОРИЯНЫ АНЫҚТАҢЫЗ

Біздің қателік сөйлеуге дайындықтың жоқтығынан туындайды. Ойланбай сөйлеу, ауызекі сөйлеу форматында қате сөйлеу, тұрмыстық стильде ой білдіру, күнделікті қарым-қатынаста қолданатын сөздердегі қателіктер бөлек. Ал көпшілік алдына шығып тұрып, аудиторияны жалықтырып, қызықсыз тақырып қозғап, тіпті ғылыми баяндама болса да адамның миына ақпарат қонбайтын сөздермен, қағаздан көз алмай, бір тонда сөйлеу – тәжірибенің жоқтығын байқатады. Сол үшін ең алдымен көптің алдында сөйлемес бұрын сіз білу керек бірнеше ереже бар.

Біріншіден, сөз бастайтын аудиторияңыздың жас ерекшелігіне назар аударыңыз. Сөзіңізді бастамас бұрын алдыңызда қанша жастағы тыңдарман отырғанын анықтап алған жөн. Егер 16-25 жас аралығындағы жастар ортасы болса, қандай тақырып қозғасаңыз да оны заманауи, олардың тілімен тез түсіндірілетін сөздерді қолдану абзал. Ауыр ақпараттың өзін аудиторияға қызық әрі жеңіл түрде түсіндіруге болады. Мысалдардың қисынын келтіріп, қазіргі сәндегі сөздерді қолдана отырып, тақырыпты кеңінен талқылауға мүмкіндік аша аласыз. Амандасу, сөз ортасындағы жеңіл әзіл, бәрі жастар қабылдай алатындай болса, аудитория есінде ұзақ сақталасыз. Ал егер жастардың өз тілінде, заманауи бағытта емес, тек ғылыми немесе көне сөздерді қолдану арқылы аудиторияны өзіме қаратамын деп ойласаңыз, бұл көп жағдайдада іске аспайды.

Екіншіден, сіз сөйлеп, ой білдірейін деп тұрған аудиторияның жас ерекшелігі 40-50 жастағы орта буын өкілдері болса, оларға да әр ақпаратты түрлі мысалдармен, мақал-мәтелдермен, тақырыпқа сай аңыз-әңгімелерді тілге тиек етіп, аудиторияның назарын аудартып, сәтті байланыс орната аласыз. Бұл ортада «Қайырлы күн», «Сәлеметсіздер ме» деген сияқты амандасу түрлерін қолдану дұрыс болмақ. Сөз барысында әдептілік, үлкенге құрмет белгісі сезіліп тұруы да сізді тәжірибелі тұлға ретінде көрсетеді.

Үшіншіден, жас ерекшеліктерін анықтап алған соң, аудиторияңызда қай саланың мамандары, қай қызметтің адамдары отырғанына да көңіл қою артық етпейді. Себебі сіз тақырып арасында оларға жақын, мамандықтарына таныс әрі оларға тез қонымды болатындай мысалдарды негізге алып сөйлесеңіз, сізді қабылдау және сізге деген қызығушылық арта түседі.

Ортақ тақырып қызық болу үшін – аудитория сізді ұйып тыңдауы үшін де олардың тұрмысында, өмірінде қолданатын таныс жағдайларды атап өтіп, өтімді, орынды әзілдерді айтып, күлдіріп, арасында сергектік сыйлауды да ұмытпаңыз. Әрине, әр жиынның өз әдебі бар. Дегенмен ғылыми формат екен деп тым ресмилендіріп жіберу адамды қатты жалықтырады, сосын маңызды ақпарат болса да оған мән беріп, қабылдамайды. Сондықтан ұтымды ақпарат жеткізудің үздік тәсілінің бірі аудиторияға еркіндік сыйлау, сөзіңізді бір тонда емес, дауыс құбылтуды ұмытпау маңызды болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 101 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: