16:18
Нұрлы жол

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТАУ ТОБЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ

Елдігі еңселі, Егемендігі ерен һәм Тәуелсіздігі тұғырлы еліміздің ірілі-шағын елді мекендерінде, кәсіпорындарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерінде жаппай талқыға салынып жүрген Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауы бұқара көңілінен шығып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-көпшілік беделі қарыштап артуда. Осынау маңызды стратегиялық құжатты халыққа сауатты түрде айқындау мақсатымен жер-жерлерде ақпараттық-насихаттау топтары құрылды. Аталмыш топтар өздерінің әкімшілік-аумақтық құзырына тиесілі мекендерге жұмыс сапарымен шығып, Жолдауды түсіндіру бойынша зиялы қайраткерліктерін танытуда қазіргі таңда.

Осындай топ жуырда Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай ауылына да келді. Оның құрамында Лебяжі аудандық мәслихаты хатшысы әрі Қызылағаш ауылдық округінен аудандық мәслихатқа халық қалаулысы болып сайланған Қ.Әлтаев, Лебяжі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Халемов, Лебяжі аудандық қаржы бөлімінің басшысы Н.Абаева, Лебяжі аудандық «Жалын» жастар бастамалары орталығының тәлімгері А.Ибадуллин төбе көрсетті. Ауылдық әкімдік ғимаратының мәжіліс залында ұйымдастырылған ақпараттық-насихаттау тобының жұмысын ауыл әкімі Ж.Байтілеуова тізгіндеді.

Жанат Шоқанқызы талқылау басында биылғы жылдың қараша айында жарық көрген «Нұрлы жол» Жолдауының баянды болашаққа нық қадам жасайтын маңызды стратегиялық құжат екендігін айта келіп, сөз тізгінін ауданнан келген өкілдерге ұстатты. Мәслихат хатшысы Қанат Мыңтайұлы өз кезегінде үр жаңа Жолдаудың еліміздің қарыштап дамуының басты стратегиялық жобасы – «Қазақстан – 2050» дамуының маңызды тетігі екенін екшеді. Сонымен бірге онда тайға таңба басқандай айқындалған нақты межелердің аймағымызға, қала берді аудан-ауылымызға қаншалықты қажет екендігін де іскерлік тұрғыдан дәлелдеп берді. Ауыл азаматтарын мал өсіруге арналған тиімді несиелер алып, өз шаруашылығын тіктеп, қосымша табыс табуға шақырды. Бесқарағайлықтарды бір серпілткен жайтты Серік Темкенұлы әңгімеледі. Тарқатып айтқанда, биылғы Жолдауда автомобиль жолдары жайында айтарлықтай міндет-тапсырмалар жүктелді, соның аясында алып жоба Астана-Павлодар-Өскемен тас жолының құрылысы басталып кетті. Аталмыш автобан Лебяжі ауданының әкімшілік аумағынан да өтеді екен болашақта. Ал айта-айта, жаза-жаза әбден жауыр болған, бар болғаны он шақырымды ғана құрайтын Аққу-Бесқарағай тас жолының жөндеу жұмыстарына келесі жылы 45 миллион теңге қаржы бөлінетіндігін, тозығы жетіп тұрған қысқы ауыз су құрылғысын жаңасына ауыстыруға қаражат қарастырылғанын жеткізді С.Халемов. Ал аудандық қаржы бөлімінің басшысы Назгүл Төлеуханқызы Жолдауда көрсетілген басты басымдық-бағыттарды қаржыгерге тән сауаттылықпен егжей-тегжейледі. Қыруар қаржыны уақтылы һәм орнымен жұмсап қолданғанда ғана Елбасы айшықтаған асу-белестерді бағындыруға болатынын тілге тиек етті. Қандай да бір кесе-көлденеңдеп жатып алатын жаһандық девальвацияға, экономикалық дағдарысқа қарамастан, шәкіртақы, төлемақы, еңбекақы һәм зейнетақы төлеуде кідірістер болмайтынына да сендірді. Бойында жастық жігері жалындап тұрған аудандық «Жалын» жастар бастамалары орталығының тәлімгері Абай Тасқынұлы жастардың да Жолдауға бірауыздан қолдау көрсететіндігін мақтанышпен жеткізді. Қоғамның маңызды ұяшығы болып табылатын ауыл жастары қазіргі таңда ел игілігі үшін қандай да болсын қызмет-жұмысты асқан жауапкершілікпен көтеріп әкететініне сендірді. Жолдауды талқылау барысында бесқарағайлықтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Ауыл зейнеткерлері Д.Ақатаев, С.Темірғалин «Нұрлы жолда» көтерілген басымдықтарға ризашылығын білдіріп, ақпараттық-насихаттау тобына жемісті еңбек тіледі. «Нұрлы жол» нұрландырсын!          

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]  Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 866 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: