19:23
"Нұр Отан" партиясының құрылғанына - 15 жыл!

ЖАСАМПАЗ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Сынаптай сырғымалы уақыт ағыны көз ілеспес шапшаңдықпен белден белді, асудан асуды бағындыруда. Кешегі көмескіленіп, бүгінгі жаңарып, ертеңгі жаңғыруда.

Осыдан жиырма үш жыл бұрын еліміз бабалар аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет болып, өз қолы өз аузына жетіп, тірлік-тіршілігін жасай бастады емес пе. Уыздай жас елдің саяси-қоғамдық санасы әл-әзір беки қоймаған сол бір алмағайып кезде көптеген саяси партиялар, қозғалыстар қоғамға келіп, өз басымдық-ұстанымдарын жүзеге асыруға барын да, нарын да салды. Сан мен сапасы үйлесім таппағандықтан болар, мемлекеттігіміздің іргесін бекітуге күш-қайраты жетпеді. Жеткен күнде де бақталастық зиянын келтірді. Сондықтан азаматтарды адастырмайтын, елді дамыту бағытында оңтайлы бағдар ұстанатын, қолда бар алтынды бағалайтын, бір сөзбен айтқанда, ұстанымы нық, тұғыры биік бір орасан саяси-қоғамдық күш, яғни партия ауадай қажет болды. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей мұрындық болуымен 1999 жылы ресми түрде «Отан» республикалық партиясы құрылды. Уақыт өте келе «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, ал 2013 жылдың соңынан «Нұр Отан» партиясы болып аталды.

Әлқисса, «Нұр Отан» партиясының құрылғанына осымен он бес жыл толды, ағайын! Бұл тарихи уақыт аралығының еншісінде партияның қалыптасу, өсу, есею жолы жасампаздықтың үлгісіндей болды. Жаңа саяси-қоғамдық күштің қатары күн санап өсе берді. Партияның тұғырнамасында көрсетілген мақсат-міндеттер ел игілігі, әлеумет сұранысы жолында дамылсыз жүзеге асты. Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясының нақты жұмыс межелері абыроймен атқарылды. Кезең-кезеңмен өткізіліп отырған партия съездерінде бекітілген шешімдер бұлжытпай орындалды. Президенттік, парламенттік, маслихаттар сайлауларында «Нұр Отан» партиясының үлесі халық сенімі арқасында айтарлықтай қомақты болды. Өткен жылдың соңында қабылдаған жаңа саяси доктрина саяси-қоғамдық тұрақтылықтың бірегей кепілі екенінде және сөз жоқ.

Ел қалауынан барынша шығып отырған «Нұр Отанның» атқарып отырған бүгінгі тірлік-тіршілігі тартымды. Өйткені әлеуметтік-қоғамдық істердің талапқа сай орындалуын, ел қазынасынан бөлінген қаржы-қаражаттың жөнімен жұмсалуын, білім беру, денсаулық, әлеуметтік қызмет саласының дамуын, саяси тұрақтылықтың тұтастығын һәм басқа-басқасын жатпай-тұрмай бақылап, қажетті тұсында бағыттап-нұсқап, жақсысын ынталандырып, жаманын даттайтын, ел азаматтарын қорғаштап-қуаттайтын бірден-бір кепіл – «Нұр Отан» партиясы.

Жетекші партияның Лебяжі аудандық филиалы да, оған қарасты ауылдардағы бастапқы партиялық ұйымдардың қазіргі таңдағы аяқ алыстары бірқыдыру оңтайлы. Айталық, өткен жылы аудан орталығы Аққуда «Нұр Отан» партиясының Лебяжі аудандық филиалының өз алдына еңселі ғимараты асқарлана бой көтерді. Жұмысты ілгерілету мақсатымен жол талғамайтын су жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бастауыш партиялық ұйымдардың тыныс-тіршілігін заманға сай сапаландыру бағытында да қолға аланып отырған жұмыстар сенімділік ұялатады. Жоспарлы түрде өткізіліп отырған түрліше шараларда партияның аудандық филиалының атқаратын рөлі орасан. Азаматтарды жеке қабылдау күндерінде келелі мәселелерді оңтайлы шешу жолында да партияның мысы басым. Сыбайлас жемқорлық, құр жеке басын ғана ойлаған енжарлық, әлеуметтік-қоғамдық немқұрайдылық және т.б. теріс түсініктермен аяусыз күрес жүргізеді. Сонымен қатар партияның «Жас Отан» жастар қанатының да қайраткерлігі өз алдына бір төбе. Өскелең ұрпақтың бойында елжандылық, ұлтжандылық, отансүйгіштік атты асыл қасиеттерді қайрауда табандылық танытады әрдайым.

Қорыта айтқанда, Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев төрағалық жасап отырған «Нұр Отан» партиясы – ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» даму стратегиямыздың, тұғырлы Тәуелсіздік пен ерен Егемендігіміздің, даңғылды даму һәм баянды тірлігіміздің жасампаз тұрақтылық кепілі. Нұрлы жол нұр үстіне нұр жаудырсын!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1304 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: