18:38
Ұмытылмас ұлтандар

ӨЗГЕ ЕЛДІҢ СҰЛТАНЫНДАЙ

Зерделесек, Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Отан алдындағы борышын адал атқарған әрі өз болашағына сенген жас ұрпақ саяси ойынның құрбанына айналды. Жүздеген жас жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. Баласын, бауырын, ағасын, інісін майданға шығарып салған отандастарымыздың да, қанды қырғынның ортасынан оралған сарбаздардың да жүрегінде Ауғанстан мәңгілік жара болып қалды. Он жылға созылған бұл соғыстың кімге, не үшін қажет болғаны – бүгінгі күннің басты сұрағы. Сонымен бірге  қанды қырғынға ерікті, еріксіз қатысып, өз борыштарын адал атқарған Ауған соғысының ардагерлерінің есімін жас ұрпаққа жеткізу, тарихтан әділетті орнын беру де – бүгінгі күннің ең маңызды мәселесінің бірі.

Өткен күндердің айғағы болатын қасиетті тарихқа көз жібергенде, Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тауыпты. 21 адам хабарсыз кеткен. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында.

Не керек, Лебяжі ауданынан да тау кезіп, қыр асып, «Ауған елі қайдасын» деп бірқатар өрімдей сарбаздар сол кездегі беделге айналған «интернационалдық борыштарын абыроймен өтеуге» асығыс аттандырылды. Әрине алдымен КСРО-ның әскери базаларында алдын-ала әзірліктен өткеннен соң.

Лебяжілік Серік Хамзин де еріктілер қатарында еді. Тумысынан спортқа бейім, оның үстіне еркін күрестің жілігін шағып, майын ішкен жігіттің төресі атанды. Небәрі он сегіздің қырқасына шыққаннан соң әскер қатарына қатардағы сарбаз болып аттанды. От құсып, түтінмен тұмшаланған Ауғанның қанды даласына түспес бұрын шекарамызды іргелей жанаған Новосібірде алғашқы әскери қызмет қадамдарын жасады. Осынау мекенде қарудың нешеме түрін еркін игеріп, жекпе-жектің қандайма әдіс-тәсілдеріне әбден қанық болған Қабдештің Серігі Ауғанстанға жөнелтілді. Өмір мен өлім арпалысқан ауған майданының тарихи-ақиқаттық шежіресі ретінде отбасылық хаттар мұрағаты бар. Серіктің жазған хаттарынша, сондағы Рухи атты кішкентай қалашықта әскери бөлімдері орын тепкен екен, сонымен бірге соғыстық жағдайда қорғауға алынған Пабак қышлағында қызметін өтеп жүрген. Айта кету керек, аталмыш елді мекендер Ауғанстанның оңтүстігінде, көршілес Пәкістанмен шекаралас, Панджер атты сойқаңдығымен белгілі ауданда, орналасқан да. Оның үстіне бұл маңда содыр-дұшмандардың қару-жарақ, әскери қор һәм әскери техникасы сақталған, солардың бас шатбтары мен моджахедтердің басқармасы да шоғырланған көрінеді. Міне, осындай өмірге аса қауіпті мекенде қыршын Серік те бірнеше мәрте соғыс әрекеттеріне өз полкі қатарында ат салысқан. Жазмыштан озмыш жоқ. Тағдырдың сызығы таусылар шақ және бар. Екі жақ та өліспей-беріспей, бел кетпей лаулаған аяусыз ұрыс-шайқастың бірінде он тоғыздың ішіне кірген Хамзиндер тегінен шыққан Қабдештің Серігі ажал оғына тап келіп, батырға тән ерлікпен қаза тапты...

Бұл тізбелей жазғандар бұған дейін де сан рет ақ парақ бетіне басылған. Жылда өткізілетін тәрбиелік-тағылымдық жиындарда айтылған. Жаңалық жасау емес, естелікті ескірместей ескеру деп қабылдаған абзал. Аудан орталығы Аққуда бой көтерген Серік ағамыздың ескерткіші, жауангердің аты берілген көше, өзге елде сұлтан болып, өз елінде ұлтан атанған сарбазға көрсетіліп отырған зор құрмет өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпаққа өміршеңдігі өрелі өркенді өнегедей өрнектеледі.

Қазір арамызда болған қырық бестің құзына шығып, өмірді қомағайлана сімірер еді, сүйер еді, құшар еді... Әттең, жазмыш! Алланың әміріне көндігу. Тағдырдың жазуы.

Бесқарағайлықтар ауған соғысына қатысқан Ахметшәріпов Бейбіт Мұхтарұлын мақтан етеді. Қазіргі таңда Екібастұзда тұрып жатқан ардагер-интернационалист Бесқарағайда тұрған кезде оқушыларға, тұрғындарға басынан өткергенін әңгімелейтін.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 941 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: