20:36
Мектеп ырғағы

Игі дәстүр ізінше

КҮЗ ХАНДЫҒЫНА САЯХАТ

Құзыретті тұлғаны қалыптастыру жолында сапалы білім һәм саналы тағылымды бас меже тұтқан Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жылдағы игі дәстүр бойынша күз мезгіліне арналған «Күз хандығына саяхат» атты кешенді тәрбиелік шара өткізілді. Шараға 1-9 сынып оқушылары белсенділік таныта қатысып, өнер көруге жиналған қадірменді қауымды өз сахналық шеберліктерімен тәнті етті.

Аталмыш шара сәрсенбі менен жұма күндері мектептің мәжіліс залында мерекеленді. Алғашында бастауыш сыныптар оқушылары өзара үш топ іріктеп, өнер мен тапқырлық қызығына кіріссе, артынша орта буын оқушылары жұптық өнер таласының көрігін қоздыра түсті.

Мейілінше дайындық жүргізген сыныптар сахна төрінде өздерін таныту жолында қолда бардың барлығын салып-ақ бақты. Айталық, таныстыру сайысында шағын да көлемді әрі өздігінен ұйқас түзген өлеңдер де, қара сөз де кәдеге жарап тұрды. Ал күз тақырыбын ту еткен сұрақ-жауап сынында қызықты жұмбақтарды шешуде, танымдық-пәндік сұрақ-сауалдарға жауап беруде ерен шапшаңдық һәм тапқырлық атойлады. Салаттар жасауда да көптеген тамаша тағам үлгілері көркімен де, дайындау рецептімен де сондай тартты. Көпшіліктің көңілінен шыққан сән үлгісін көрсету байқауында қиял менен үйлесімділікте шек болмады. Үй тапсырмасы ретінде әзірленген өнер сынында қатысушылар тамаша әндер менен тартымды билерді, күлдіргі шағын қойылымдарды нақышына келтіре көрсетуге бойда бар қабілеттерді аянбай салды.

Қатысушы оқушылар ішінен Молокова Александраны, Уапов Арланды, Жанпейісов Әнуарды, Садуақасова Айнұрды, Рыбалевская Янаны, Жұмабек Мәдинаны, Қожина Инсананы, Важниченко Анастасияны, Жүнісова Әлияны, Сағатбеков Айбарды, 4 сынып оқушыларының сахналық белсенділіктерін екшей атап өткеніміз лазым.

Осынау байқауға адал төрелік жүргізген әділқазы алқасының құрамына жеңімпаздарды анықтау тіпті оңай болмады. Нәтижесінде, бірінші орынды 9 қаза сыныбының жұбы жеңіп алса, екінші орынға 8 орыс сынып оқушысы Важниченко А. илік етті, ал үшінші орынды 5 қазақ сынып ұлдары қанағат тұтты, 8 қазақ сынып оқушысы Жұмабек М. көрермендер көзайымы сыйлығын қанжығасына байлап алды.

Гран-При ретінде тағайындалған «Күз ханы» атағына 9 қазақ сынып оқушысы Сағатбеков Айбар лайық деп танылса, тиісінше «Күз ханшайымы» деген тартымды атақ 7 қазақ сынып оқушысы Қожина Инсанаға салтанатты түрде берілді. Хан мен ханшайымға әсем өрнектелген белгі кигізілді.

Жалпы, осынау игі дәстүр біздің мектепте жылма-жыл ұйымдастырылып отырады. Оны өткізуге мұрындық болатын ұйымдастырушылар жылда оңтайлы өзгерістер тауып, оларды сәтті түрде жүзеге асыру жолында тер төгіп еңбектенсе, оқушылар сынып намысы жолында сахна төрінде өздігінен танылуға күш-жігерін аямайы да.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

http://shakhibbeker.ucoz.kz

shakhibbeker@gmail.com

Просмотров: 1549 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: