21:21
Мұғалім ол біздің

ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА

«Ұстазым менің, ұстазым. Өзіңмен өткен қыс-жазым» деп жүректерге нұр құятын осынау танымал әннің құдіреті жыл сайынғы қазан айының алғашқы аптасында асқарлана шарықтайды әлбетте. Себебі сол – жер-жаһанда білім саласында абыройлы еңбек атқарып жүрген мұғалім-оқытушылар күні мерекеленеді.

Дәстүрлерді үлгі тұтатын Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде де Ұстаз күні кешенді шаралармен алаулата-жалаулата мейрамдалды. Мәжіліс залында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаның ашылу салтанатында Қызылағаш ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Ж.Ш.Байтілеуова мұғалімдер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде жастар саясатын өркендетуге өлшеусіз үлес қосып, әрдайым белсенділік танытып жүрген жас мамандар Г.Қ.Абылғазиноваға, Ж.С.Әлдекеноваға, А.Қ.Баевқа Алғыс хаттарды қуана-қуана табыс етті. Ал концерт сценарийінде кілең оқушылар ғана дайындаған әндер мен билер көрсетілді. Ол ол ма, әр номер нақты мұғалімдерге тарту етілді. Қызықтан қалыс қалған оқушы болмады. Зейнеттегі болсын, қызметтегі болсын мұғлімдер ризалығында шек болмады.

Аудан орталығындағы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде өткен аудандық салтанатты жиында бесқарағайлық ардагер ұстаз Д.А.Ақатаевқа облыс әкімінің «Павлодар облысына 75 жыл» мерейтойлық медалі, ал мектеп директорының тәрбие істері орынбасары Б.Т.Мазановаға елеулі еңбегі үшін облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыстады. Педагогикалық өтілі сексен жылды құраған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің Қабдуова-Белгібаевалар ұстаздар әулеті өз алдына құрметтелді. Бұл да болса біздің мұғлімдерге деген ерекше ілтипаттың жасампаздық үлгісі болып табылады.

Ал сенбі күні жылдағыдай оқушылардың өзін-өзі басқару күні ұйымдастырылды. Мұғалімдер орнына бір күн болса да мұғалім болған жоғары буын оқушылары сабақтар өткізді. Мектеп әкімшілігі қызметінің қыр-сырына бір сәт болсын қанықты. Ал мұғалімдер өз алдына барсакелмеске әлдеқашан кетіп қалған мектеп оқушылары болған сәттерін оқушы кейпінде еске алды. Музыка, алғашқы әскери дайындық, құқық негіздері сабақтарын сәтті сабақтаған оқушы «мұғалімдер» мұғалім «оқушылар» алдында таусылмас қызыққа бөленді.

Осылайша, ұстаздар мерекесі таң-тамаша реңктегі шаралармен шарықтады.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1525 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: