16:12
Ұлы Жеңіс ұлағаты

МӘҢГІЛІК ПОЛК! МӘҢГІЛІК ЕСТЕЛІК! МӘҢГІЛІК ЖЕҢІС!

Майда мамырдың ажарын ашатын мәңгілік мейрам, мәңгілік мереке – Ұлы Жеңіс күні. Биыл жетпіс бірінші мәрте жер-жаһанда аталып өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші тармағы болып табылған Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандарды, жазықсыз құрбандарды бір минуттік үнсіздікпен еске алдыратын һәм Бейбітшілік сыйлаған Жеңісті жеткізген батыр-баһадүрлерді құрметтейтін бірегей күн ғой әлбетте.

Қарт Ертісті жар жағалай қоныс еткен Бесқарағай ауылында осынау мереке биыл да игі дәстүр ізімен аталып өтті. Орталық көшеге жиналған мектеп оқушылары, мұғалімдер, ауыл тұғындары қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан бесқарағайлықтардың аты-жөні һәм туған жылы жазылған, сонымен қатар фотосуреті бар қолдан жасалған планшеттерді жоғары ұстап, осымен үшінші мәрте «Мәңгілік полк» игі акциясына қатысты. Осынау мәңгілік полкті Ұлы Отан соғысының көзі тірі шежіресі, ардагер ақсақал Қаблен Қасенов бастады. Ұзағынан созылған шеру сол бетімен Ұлы Отан соғысына қатысқан бесқарағайлық жауынгерлер рухына арналып тұрғызылған Даңқ орнына беттеді. Ауыл тұрғындарымен қатар осынау қасиетті орынға алыс-жақыннан арнайы келген қонақ-меймандар да мейілінше жиналды.

Былтырғы жылы күрделі жөндеуден өткен Даңқ Ұлы Жеңіс күні бір жасап қалады. Соғысқа қатысқан Бесқарағай ауылының жауынгерлерінің есімдері қашалған мәрмәр тас ерекше көзге түсіп, бойды айырықша рухтандырады, жігерлендіреді. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті орын бір жаңғырып қалады. Шара барысында бір минөттік үнсіздік болып, батырлар аты-жөні бедерлеген мәрмәр тасқа алқызыл гүлдермен тағзым етілді.

Даңқ орнында өткізілген митингіде күркіреген күндей өткен сұм соғыстан оралмағандар, бейбіт өмірде дүниеден озған соғыс ардагерлері рухына арнап, ауыл тұрғыны Қ.Күнбаев Құран оқыды. Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова, еңбек ардагері, зейнеткер ұстаз Д.Ақатаев, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин өз сөзінде жиналған қауымды осынау маңызды мерекемен құттықтап, игі тілектерін Күн нұрындай жаудырды.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары жылдағы игі дәстүр ізімен Ұлы Жеңіс тақырыбын ту еткен өлең шумақтарын әдеби монтаж түрінде ұсынды.

Аудан бойынша соғысқа қатысқан екі ардагер ғана қалса, соның бірі – Қаблен Қасенов ақсақал. Осынау мереке күні құрметті ақсақалды құттықтауға Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазинов және ауданымыздың басқа зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, шын жүректен құттықтап, естелік сыйлықтарын салтанатты түрде табыстап, тоқсан үш жасты толтырған қарияның дастарқанынан дәм татты. Қадір-құрметтің шынайы таптырмас үлгісі деп осыны айтқанымыз абзал. 

Мереке мектеп алдындағы импровизацияланған сахнада концертпен жалғасты. Оның барысында былтыр жетпіс жылдық мерейтойда жүгірумен көзге түскен ауыл зейнеткерлері Д.Ақатаевқа, С.Темірғалинге, М.Ахатовқа, Ж.Молдажановқа Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазиновтің Алғыс хаттарын ауыл әкімі Ж.Байтілеуова салтанатты түрде табыс етті. Сонымен бірге шараға қатысқан тыл ардагерлері Б.Жүнісоваға, У.Жұмашевқа сый-сияпат көрсетілді. Ал мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Л.Қазбекова, мектеп мұғалімі Б.Ибрагим, 10 сынып оқушысы Алуа Увакова жиналған көрермендер назарына соғыс, патриотизм тақырыбындағы әндерден шашу шашты. Түс ауған соң мерекелік шаралар спорттық жарыстармен жалғасты. Шағын футболдан жарысқа түскен балалар ойын көркін қыздырды. Мейілінше тартысты өткен кездесуде жеңіске жеткен команда тәтті сыйлықтармен ынталандырылды.

Ұлы Жеңістің жетпіс бір жылдық мерекесі Бесқарағай ауылында осылайша аталып өтті. Соғыс һәм тыл ардагерлері қатары сиреп бара жатқанына қарамастан, осынау мейрам өз маңызы биіктей бермек. Асылы сол, ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 677 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: