23:41
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Қалиев Сембай Қалиұлы 1916 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Қазы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1932-1933 ж.ж. Қызыләскер орта мектебінің 4 сыныбын тәмамдады. 1933-1934 ж.ж. Қарақала ауылындағы кеңшараралық мектепте оқып, шопандар курсын бітірді. 1934-1935 ж.ж. Ертіс ауданына қарасты Северный кеңшары жанындағы кеңшараралық мектепте алты жыл оқып, май зауыты шеберлерін дайындайтын курсты аяқтады. 1936-1937 ж.ж. Қарақала кеңшарында тракторшылар бригадасында санақшы ретінде жұмыс істеді. 1937-1940 ж.ж. Кеңес Армиясы қатарында болып, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді де, сол жақта 1938 жылы кіші командирлер дайындайтын бір жылдық курсты бітіріп алды.  1940 жылдан бастап 1941 жылдың шілдесіне дейін Лебяжі ауданының әскери істері инспекторы қызметін атқарды. 1941 жылдың шілдесінен бастап 1946 жылдың шілдесіне дейін Кеңес Армиясы қатарында болып, соғыстың әскери жорығын басынан кешірді. Атап айтқанда, Богдан Хмельницкий орденді Қызылтулы 7-гвардиялық әуе-десанттық дивизия құрамында болды. Мәскеудің іргесіндегі Раменское қаласында жасақталған дивизиямен бірге КСРО асып, Аустрия астанасы Венадан шалғайлау жатқан Иббс өзеніне дейін жетіп, кеңестік әскер қатарында ағылшын-американ одақтас әскерлерімен қауышты. Бүкіл соғыс бойында қару-жарақтың командирі болды, 1943 жылдан 1946 жылға дейін батарея парторгі болды. Демобилизациядан кейін 1946-1951 ж.ж. Қазақстан КП Лебяжі аудандық комитеті нұсқаушысы болды. 1951-1953 ж.ж. Жаңаауыл ұжымшарынының төрағасы лауазымын атқарды. 1953-1956 ж.ж. Алматы ауылшаруашылық мектебінде ұжымшар төрағаларын дайындайтын курстарында біліктілігін арттырды. 1956 жылы Жаңаауыл ұжымшарына төраға болып оралды. 1957-1961 ж.ж. Лебяжі, Майқарағай кеңшарларында бөлімше басқарушысы, зоотехник болып жұмыс атқарды. 1962 жылдан бастап 1972 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл кеңшарында агроном қызметін атқарды. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Венаны азат еткені үшін», «Будапештті алғаны үшін», «Будапештті азат еткені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды.

 Қасенов Қаблен 1923 жылы Павлодар қаласында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1932-1936 ж.ж. Бесқарағай ауданының Беген ауылында балалар үйінде тәрбиеленді. 1938-1942 ж.ж. Павлодар қаласының №10 мектебінде оқып, негізгі орта білім алды. 1942 жылдың 23 мамырында әскер қатарына шақырылды. 1942 жылдың қазан айынан 1946 жылға дейін Ұлы Отан соғысының Оңтүстік-Шығыс, Дон, Украин, Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысты. 1946 жылы Павлодар қаласына оралып, Успен ауданы Тоғжан поселкесінің партия бюросының басшысы болды. 1949-1955 ж.ж. Успен ауданының комендатурасында  жұмыс істеді. 1958 жылы Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылына келіп, Қызылағаш селолық кеңесінің хатшысы, ал 1964 жылдан бастап селолық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды. 1969 жылдан  Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының мал шаруашылығында қызмет етті. 1983 жылы зейнеткерлікке шықты. «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін»,  «Германияны жеңгені үшін» медальдармен наградталды.

Қанашев Қалияр Қанашұлы 1916 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Әскер қатарына 1939 жылы алынып, 1941 жылы 310-атқыштар дивизиясының жаяу әскер қатарындағы жауынгері болды. Ленинград үшін күрес майданына қатысып, мергендігімен танылды. Маршал Г.К.Жуков басқарған майданға қатысып, біріншілердің бірі болып Берлинге кірді. Жеңіс сәтін 1945 жылы 9 мамырда Берлинде қарсы алып, сол қаланы фашис басқыншыларынан азат етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт заманда Тереңкөлде еңбек жолын шопан, бригадир, кәсіподақ жұмыстарымен жалғастырды. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен наградталды.

Қамзин Омар Қамзаұлы 1922 жылы Лебяжі ауданы Қаракесек ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1940 жылы мектепті бітіріп, әскерге Владивосток қаласына аттанды. 1941 жылы желтоқсан айында 62-шекара жасағының құрамына шақырылды. 1943 жылы 117-полктің құрамына ауыстырылды. 1945 жылға дейін 72-полктің құрамында болды. Соғыстан соң Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының Подпуск бөлімшесіндегі мектепте мұғалім болды. 1947 жылы  аудандық атқару комитетінде бірінші хатшы болды. 1949 жылы Қорт ауылының төртжылдық мектебінде директор болды. 1953 жылдан бастап үзіліссіз қырық бес жыл Қызыләскер орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1962 жылы Семейдің педагогикалық институтын тәмамдады. «Жапонияны жеңгені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталды.

Қаппасов (Қорт) Боранбай 1907 жылы Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келді. Ұлы отан соғысына қатысушы. Жастайынан көркем сөзге, өлеңге әуес болған Боранбай қолына домбыра ұстап, өлең айтатын болды. 1928 жылы ауылдық Кеңес төрағасы болып сайланды. 1933 жылы Лебяжі ауданы Сталин ұжымшарына келіп, маман ретінде жаңа құрылып жатқан ұжымшар мүшесі болды. 1941 жылы алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыста ауыр жараланып, төсек тартып қалды. 1945 жылы елге оралды. Бірқыдыру өлең жазды. Лебяжі ауданы Шалдай ауылында ақынның үнтаспаға жазылған бірегей дүниелері сақталды. Атап айтқанда, «Қыз Жібек» қиссасы, «Шөже мен Кемпірбай айтысы», сонымен қатар қазақ хандары (Абылай хан, Қасым хан, хан Кене, Наурызбай) туралы шығармаларды домбырамен әндетіп үнтаспаға жаздырған. Бұларға қоса ақын Боранбай домбыраға салған Ақылбек Сабалаұлының «Сәтбек батыр», «Қойшының ертегісі» аталған Ер Арғынбай туралы дастанын, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын», Мәлике қыз бен Ғабдылғалым, Рымжан мен Әсет, Үмбетәлі мен Нүрилә айтыстарын және т.б. шумақтарды айтып жүрді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 757 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: