21:28
Ұлы Даланың жеті қыры

ШАМШЫРАҚ

Ұлт көшбасшысының Ұлы Даламыздың жеті қырын терең таразылаған мақаласын оқығаннан кейін отансүйгіштік көңіл күйге бөлендім. Халық көкейінде жүрген бірқыдыру дүниелерді дөп басып көрсеткен, тарихи-заманалық ұсынысы үшін Президентімізге мың да бір ризалығымды білдіргім келеді.

Жаһандық мәдениетке, ғылымға, жалпы қоғамдық дамуға өзінің өлшеусіз үлесін қосқан өлкеде туып, өсіп-өну, оның тарихын жалғастыру – әрбір санасы сау, көкірегі ояу қазақ үшін үлкен мәртебе және мақтаныш.

Зерделесек, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының заңды жалғасы. Н.Назарбаев төл тарихын білетін, бағалайтын һәм мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенеді. Өткенін үлгі-өнеге тұтатын, бүгінін нақты бағалай-бағамдай білетін және баянды болашаққа оң көзқарас танытатын ұрпақ тәрбиелейтініміз хақында нақты көрсетілген. Мақала мазмұнында Ұлы Даланың жеті қырына ерекше назар аударады. Соның ішінде Ұлт тарихындағы кеңістік бөлімі ішінара бірнеше бөлікке бөлінген. Айталық, атқа міну мәдениеті. Жылқы шаруашылығы, оны қолға үйретіп, міну мәдениеті жер-жаһанға Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі екенін атап көрсеткен. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін айғағтап-айқындап, бүгінгі таңда өз деңгейінде тарап жатқанын айтты. Сонымен қатар металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткенін, сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі болып табылатынын да екшеді. Солардың дәлелі ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік һәм Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастағаны ақиқат екеніне ерекше тоқталды. Осынау мақаладағы ең басты мақсат – нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау. Келешекте өскелең ұрпақ санасына елжандылық рухты сіңіруде, тарих қойнауына терең бойлауда Елбасының осы мақаласының таптырмайтын құжат болып табылатынына кәміл сенемін.

Әлбетте, Елбасымыз біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгіні ел болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты екенін айтып өтті. Сонымен еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мəдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар əлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар əлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқанын айтты. Сондықтан да ежелгі дəуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық һәм шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды дұрыс идея деп тауып, оны мейілінше қолдайтындығын тілге тиек етті. Менің ойымша, бұл жоба жүзеге асырылса, біздің еліміздің тарихын бүкіл шет мемлекеттерде танып отырады. Қай жағынан болсын бұл маңызды жұмыс. Сондықтан да архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.

Асылында, қазіргі таңда әр оқушы, әр қазақстандық азамат өз тарихына деген мақтаныш сезімінде болу керек.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы №42 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Павлодар қаласы

Просмотров: 478 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: