00:05
Ұлы Даланың рухани жауһары

Б.ЖАНДАРБЕКОВ / ТОМИРИС         

Аттар құстай ұшып келеді. Тұяқтары жерге анда-санда бір тиеді. Иелерінің асығып келе жатқанын сезгендей, ауыздықтарымен алысып, межеге жетпей тоқтар емес.
Сақтардың қуаныштан естері шығып кеткендей. Жүгенді бос тастап, аттарды еркіне жіберген. Құлаштарын кең жайып шауып келеді. Көсіліп жатқан даланы бейне бір құшақтап алғылары келгендей. Еріндеріне жұға бастаған дала шаңын құшарлана жалайды. Аңқыған дала иісіне кеуделері толар емес. Көздерінен аққан жас. Толастамайды. Бұған ұялатын сақтар жоқ. Кеше ғана қан майданда сыр бермеген айбынды жауынгерлер енді міне балаша еңіреп келеді. Өмір зардабын молынан татқан сақтар. Ұлы Дала – Отан-Анаменен кездесуге әбден асық…

“Сақтар” тарихи роман-диалогияның авторы Болат Жандарбеков көп жылдар бойы елінде болмаған тиграхаудтар мен сақ массагеттердің Ұлы Далаға жете бергендегі көңіл-күйлерін осылайша сипаттайды. Роман екі кітаптан тұрады. Соның “Томирис” атты бірінші кітабы біздің жыл санауымызға дейінгі алтыншы ғасырда Қазақ даласында болған тарихи оқиғаларды оқырмандар алдына тосады.

Қалам шеберлері шығармаларының ішінде көшпенділер тарихының терең тамырына көз салған туындының ұтымды жері – суреттеліп отырған оқиғалардың сол кездері өмір сүріп, тарих сахнасында сан-қилы әрекеттерімен орын алған ел басқарушылар, атақты қолбасшылар есімдерімен тікелей байланысында. Ақылды да, айлакер, даңқты жаулап алушы, өмірі аңызға айналған парсылар патшасы КИР, жас та болса батырлығымен көзге түскен, ел намысын қорғау жолында жанын пида қылған сақтар қолбасшысы СПАРГАПСИС, әсіресе, осы айтылған шығарманың дүниеге келуіне тікелей себеп болып отырған, сақ-массагеттердің әйел патшасы, даңқты Томирис.

Роман-диалогия өзінің тарихи деректілігімен қызықты. Бұған келтірер дәлелдеріміздің бірі – жоғарыда біз атап кеткен тарихи есімдер болса, екіншіден – шырғалаңға толы оқиғалардың көпшілікке кеңінен таныс бола бастаған көшпелі тайпалар – сақтардың өмірі, қоғамдық қатынастары, тұрмыс-салт, рухани дүниесі. “Бастарына үшкір тақия кигендер”, “хаома сусынын дайындайтындар”, “күшегендердің алтынын күзететіндер” атты есімдермен көне тарих келбетінде қалған дала иелері – сақтардың — өздерінің тарихта қалдырған іздері себепті осы күндері талай жаңа ойлар жүйесінің қалыптасуына негізгі итермелеуші болып отырғаны белгілі ең негізгісі. Болат Жандарбековтің “Сақтар” тарихи роман-диалогиясы кезінде Цицерон “Тарихтың атасы” деп атаған, біздің заманымызға дейінгі 490-425 жылдар аралығында өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың тарихи еңбектеріне негізделіп жазылған.

Жиханкез тарихшы Геродот кезінде Кіші Азияны түгелдей аралап, Вавилонда, Финикиада, Эгей теңізінің аралдарында, Пелопеннесте, Орта Греция қалаларында болып, көптеген деректер жинаған. Ал оның “Тарих” атты әйгілі еңбегі осы сапарлар барысында жинақталған деректерді топтастыру нәтижесінде дүниеге келген.

Тоғыз кітаптан тұратын шығармада қазақ даласына тікелей қатынастары бар көшпелі тайпалар – сақтар туралы деректер көптеп кездеседі. “Осы халықты (вавилондықтарды айтып отыр – Қ.А.) өзіне бағындырғаннан кейін Кир массагеттерді жаулап алмақшы болды. Біреулердің айтуларына қарағанда бұл массагеттер сандары жағынан өте көп және де батыр тайпа. Олардың тұратын жерлері Шығыста Аракс өзенінің арғы бетінде күннің шығысына қарай исседондарға қарсы.

Енді біреулер оларды скифтер тайпасына да жатқызады” – деп хабарлайды Геродот.
Б.Жандарбеков болса жазушылық шеберлігінің арқасында осындай бір тарихи деректерді көркемдік шыңына жеткізе алған. Әр оқиға өзінің әсерлігімен қатар, оқырманды түрлі ойға қалдырады. Тарих тереңіне бойлай еніп, сол кездері болған түрлі оқиғаларды жай ғана емес, терең логикалық жолмен қабылдауға мүмкіндік тудырады.

“Томиристі қаулай қоршаған, тек оның өзіне ғана бағынатын жеке ұландары – “қояншықтар” қатарынан әрең өткен ұлы Кирдің елшісі шатырға енгенде, оның көздеріне бірінші іліккені Томирис болды. Сақтар падишасы төмендеу болса, ол піл сүйегінен кең қылып, тамаша әшекейлеп жасалған тақта отыр. Үстінде жауынгерлер киетін киімі, жан-жақтан түскен май шамдарының сәулесіне шағылысып, балықтың қабығындай жалт-жұлт етеді. Тізесінде асыл тастармен безендірілген қол қаруының қынасы. Оның бір жақ шетінен сақтардың әйгілі семсері – ақинақтың теңіз жануарының сүйегінен жасалған сабы көрінеді…” Парсылар елшісінің сақтар патшасы Томириспен кездесуін Болат Жандарбеков осылайша суреттей келе, бұл сюжет арқылы көшпелілер мен парсылар ара-қатынасын әсерлендіре сипаттайды. Бірнеше жолдар арқылы олардың бір-біріне деген көзқарастарын, араларында туындап келе жатқан үлкен қайшылықтардың түп- тамырын мегзеп те үлгереді. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: