22:06
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.СЕЙФУЛЛИН / ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ      

“Тар жол, тайғақ кешу” автобиографиялық сипаттағы роман болғандықтан, көп жағдайда автор мен баяндаушы  бірігіп, ортақ қызмет атқарады. Алайда бұл екі ұғымның ара-жігі көрінетін сәттер де жиі ұшырасады. Баяндаушы – қаһарман өзінің сюжеттік желіге негізгі  түйін ретінде тартылуы нәтижесінде  зор тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, айналадағы сан алуан құбылыстарға  жеке көзқарасы тұрғысынан баға береді. Ол ең алдымен тура сол сәттегі жағдаяттар, көңіл-күй әсерлерін нақты қалпында бейнелеуге міндетті. Шығармада бұл процесс әрі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Сәкен Сейфуллиннің  қазақ төңкерісінен кейінгі  жылдардағы түсінік, толғамдарымен толыға түсіп, барынша объективтендірілген.

Романдағы баяндаушы-кейіпкер тек байқап қоюшы ғана емес, шығарма фабуласындағы әр түрлі мағыналық астарларды талдап, қорытушы, оған қатысты ой-сезімді ашық жеткізуші орайында белсенді эмоционалдық роль атқарады. Міне, дәл осы тәрізді экспрессивті актілерде авторлық позиция анық бетін танытады. Белгілі бір оқиға, құбылысқа байланысты әсер, толғаныс сипаттары баяндаушы-қаһарманның сол сәттегі жан дүниесінен хабар береді де, автор бейнесі арқылы дәлелденген сенімді интонацияға иеленеді. Мұндай жағдайларда мезгіл алшақтықтары сыналған көзқарас дұрыстығы нәтижесінде мазмұндық бірлікке ұласады. С.Сейфуллин романы онда суреттелетін уақыттан көп қалыс жазылмаған. “Тар жол, тайғақ кешуді” осы заман туралы тарихи туынды деп қабылдауға әбден болады. Сондықтан да баяндаушы-қаһарман мен автор арасында дүниетанымдық, саяси айырым жоқ. Алғашқысы тас өткел, тар босағадан жанталаса өтіп жүрсе, соңғысы - әлгі ерлігіне, революционер достар өміріне, дауылды кезеңге таңырқай қарап, ойлана жауап іздейтін азамат – жазушы.

Пейзаж, портрет жасаудағы С.Сейфуллиннің суреткерлік ерекшелігін тану үшін “Әупілдек” әнінің туу тарихы, кешкі ән-сауықта ерекше  көрінген Қабиба атты қыздың бет-келбетін сипаттау тәрізді эпизодтарға көңіл аударсақ, терең авторлық толғаныстардың эмоционалды-бейнелеушілік күші мол екенін көреміз.

С.Сейфуллин шығармада ұшырасатын көптеген кейіпкерлерге толық тоқталып жату мүмкіндігі болмағандықтан, авторлық мінездеме беріп отырады. Мысалы, Ақмола үздік Совдеп мүшелерін ресми түрде санамалай келіп, кейбір өзі неғұрлым таныс адамдарға  әдеттегідей шыққан тегі мен кәсібін атаумен шектелмей, оған қосымша адамгершілік, азаматтық қасиеттерін, ең басты характер сипатын ескертіп өтеді. Бұл тұста автор-қаһарман істес болған адамдармен ғана танысып қоймаймыз, жазушының едәуір тұрақты, тыныш психологиялық жағдайларда бұрынғы айтыс-дау, жасырын әрекеттердің қызу көрігінен өткен серіктерін бағалаудағы көңіл-күйі мен негізгі ұждандық-этикалық ұстанымдарын аңғарамыз. Жолдастарына берілетін анықтамалардан әсіресе оқшау, ұнамды мінез көрінетіні – қажырлылық, бірсөзділік, ақылдылық.

Алдымен субъектінің іс-әрекеті, мақсаты баяндалады, одан соң автордың эмоционалды-баға беруші тұжырымы түйіледі. Катченкоға байланысты қаламгер ұлттық характер туралы ой қорытқанда, тарихи-әлеуметтік негіздерге жүгінетінін байқаймыз. Ал Дризге мен Павлов мінездемесі қарама-қарсылығы бойынша емес, бірлігі, туыстығы орайында салыстырыла беріледі.

Романда айналада өтіп жатқан оқиға, құбылыстарды терең қуатпен бейнелейтін әсерлі жолдар жиі кездеседі. Бірінде автор – қаһарман халық басына түскен ауыртпалыққа күңіренеді, бірінде идеологиялық қарсыластарына ашынады немесе өзінің, достарының қателіктеріне күйінеді, бұқараның аңқау, надандығына кейиді. Әйтпесе тұтқында жатқанда көрген азап-тауқіметтерін еске түсіріп, шамырқанады, қиын-қыстақтан халықпен бірге шығар жол іздеп, ширығады.

Сәкен Сейфуллин романы ұлттық прозаның балаң шағында туғандығына қарамастан, жазушы көркемдік құралдарының әр алуан түрін пайдаланады. Бұл жолда ұлттық әдебиет үшін мүлде тың тақырып әрі жөргекке ораулы роман жанрының автобиографиялық үлгісіне тән кейбір стильдік-композициялық шектеулер әкелетін кедергілерді жеңе білді. Мәселен, жазушы мұрат тұтатын кейбір характер өлшеміне қарама-қарсы келетін мінез-қылықтарды кездестіріп, ашына толғанатын шағынан басқа жерде аса ірі рухани-эволюциялық мәні бар монологтарға барған. Ширыққан тақырыпқа толы бұл монологтар дүниетанымдық, әлеуметтік-ұждандық сауалдарға терең сезім толқынымен жауап іздеу, нағыз ақиқатқа ұмтылу пафосын өрнектеген. С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешуі” қазақ ұлты бастан кешкен ХХ ғасыр басындағы әрі тарихи оқиғаның талғап, оқитын көркем шежіресі болып табылады.    

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: