09:23
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.СЕЙФУЛЛИН / ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ      

Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында  тарихи-революциялық  тақырыпқа барған тұңғыш роман – “Тар жол, тайғақ кешу”. Ол 1922 жылдары жазыла бастап, 1927 жылы жеке кітап болып шықты. 1936 жылы өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылды. Шығармада 1916-1919 жылдардың оқиғалары қамтылады.

Роман сюжетіне діңгек боп орналасқан аса көрнекті азамат ақын, күрескер Сәкен Сейфуллин  тұлғасы зор тарихи-әлеуметтік құбылыстың қазақ жеріндегі дүмпуін, сахара халқының ұлттық-саяси бостандыққа ұмтылған алмағайып тағдырын елестетеді. Автор – қаһарман бар болмыс-бітімі мен дара характер ерекшеліктеріне қарамастан, үлкен жалпылаушылық сипаттарға бай. Қаламгер өз басынан кешкен сұрапыл оқиғаларды еске түсіре отырып, эпизодтық кейіпкерлер өмірінен тікелей баяндау немесе автордың шегіністер арқылы уақыт шындығын көрсететін мәлімет, хабарлар келтіріп отырады. Романда төңкеріс қарсаңы мен кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның бар түкпіріндегі саяси-қоғамдық істердің бағыты, барысы, салалары кең пайымдалады. Автобиографиялық кейіпкер тіршілігі ел ішіндегі іргелі әлеуметтік-психологиялық құбылыстармен тығыз байланысты. Роман композициясындағы екі сюжеттік жүлгенің бірлесе дамуын, бір-бірін толықтырып, мазмұндық жағынан байытуын аңғарамыз. Сәкеннің жеке басынан өткен жағдайлар газет мақалалары, хат, телеграмма мәтіндері, лирикалық шегіністер, әңгімелеу түрлеріндегі тарихи шындық деректерін нақты мысалмен өрнектейді.

Романда белгілі қаһармандар тобының арасында фабулалық негіз бойынша тұтанып, өрістейтін, шарықтау шегіне жетіп,  шешімді табатын әдеттегідей тартыс жоқ. Мұндағы тартыс жалпылық көлемде  алғанда не ықылым заманнан бері тақымға басқан үстемдігінен айрылғалы тұрған бай-болыс, төрелер мен патша жандайшаптары және  материалдық игіліктер бөлісінен ысырылып қалған, әлеуметтік-құқылық бостандығы шектеулі еңбекші бұқара арасындағы әскери, идеологиялық қақтығыс. Тар мағынасында – Анненков, Колчак армиясын жақтаушылар мен Ақмола Совдепі мүшелерінің күресі. Біз қазір құндылықтар парадигмасын ауыстырғанмен, “Тар жол, тайғақ кешудегі” бас қаһарманмен бірге атақты азабын, Анненков вагонын, Омбы лагерінің темір шынжырын көрген Катченко, Бачок, Дризге, Павлов, Нүркин, Асылбеков, Кондратьева, Панкратова тәрізді большевиктердің сенім күші мен төзім қуатын, табандылығын мансұқ ете алмайсыз.

Жоғарыдағы ар-ождандық, әлеуметтік-психологиялық сапалар шығарманың баяндау жүйесі бойынша С.Сейфуллин образында әрекет-сезімдік деректер арқылы мейлінше мол жинақталады. Сәкен революцияға қалыптасқан тұлға ретінде араласады. Образдың туу, өсу тарихынан хабар беретін көріністер жоқ. Іс-қимыл, қайраткерлік үшінде ширығып, шыңдала түсетін тұтас мәнді мінез сипаттарын  танимыз. Кейіпкердің саяси-дүниетанымдық бет-әлпеті жауларына қатысты көзқарасынан байқалады. Ақмоладағы қажы, қалыс, саудагерлермен де, Орал, Торғайдағы Алашорда өкілдерімен де Сәкен публицистикалық стильде ашық айтысқа барады. Біз, әрине, мұндай сәттерге уақыт талабы ыңғайымен, әркім өз талғамына орай, түрлі рәуіште көз салуға еріктіміз. Мәселен, автор теріске шығара көрсететін Алаш қайраткерлерін қазір ұнамды қырынан  пайымдауға  мүмкіншілігіміз мол. С.Сейфуллин жеке өзіне тән сол кездегі пайыммен, тағдыр нұсқауымен дұшпандық жікке бөлінген қарсыластары туралы субъективті тұрғыдан сөйлеуге құлықты әрі мәжбүр. Кедейлердің “Үш жүз” ұйымын сауатсыздығы, орашалақтығы үшін қостамас, идеологиялық жауларын сынағанмен, олардың білімі, айла-шарғысын, шешендігін бағаламай қоя алмайды.

С.Сейфуллиннің теориялық, таптық ұстанымға сүйенгенін жасыру да, ол үшін жазушыны айыптау да керек емес. “Тар жол, тайғақ кешу” – ең алдымен тарихи, әдеби факт және көркем мәтін. Ал мәтін әр заманда әр адам арқылы әр түрлі оқыла береді.

Қаламгер кедей қауымына  әлеуметтік аяда көз салады. Жалшы-жарлының сырт кейпіндегі ерекшеліктер шет-шегі жоқ бейнет тауқіметін бедерлейді. Ішкі әсер күйлерін, кейінгі салдарымен бірге алынған іс-әрекет түрлерін бай ауыл тұрмысындағы  жай-жапсарға сай риторикалық-публицистикалық стильде суреттеу реалистік  мақамға бай.

Ал бұдан басқаша сипаттағы, қыр халқы  қадір тұтатын рухани серпіліс сәті – той-думан көрінісі психологиялық тұрғыдан аса қызық. Баяндаушы-қаһарман қалың елмен бірге қуанады. Мұнда шешендік пен поэзия, музыканың беделі өлшеусіз зор. “Шұбыра” аулындағы мереке барша сахара жұртына хас ойын-сауық, архетипіне сай мезеттерді  шебер өрнектейді. 

Сондай-ақ “Әупілдек” аталатын  тараудағы жазушы  тағдыр тәлкегінен сүйгеніне қосыла алмай, сол қасіреттен жүрегін жарып шыққан зарлы әнін Әупілдек көлі жағасында әрбір кеш сайын салып, жан жарасына табиғаттың сиқырлы күшінен ем іздейтін әйел жайлы халық жадындағы естелік те қыр өмірінің шынайы детальдармен бейнеленуіне елеулі үлес қосады. Қоршаған ортаның жалпы суретінен әйел зарына  ортақ лебіз байқалмайтындай. Алайда қасірет тартқан жандарға деген қоғам қатігездігіне тұспалмен мағыналық егіздесу бар. Шындықты сарабдал бейнелеуден С.Сейфуллиннің фольклор мен ауызша  поэтикалық дәстүрлерге қатысты жаңашыл қадамы байқалады. Табиғатты  суреттеудегі бұл амал  ландшафтың сыртқы қасиеттері автор-қаһарман сана сфералары арқылы көрінуімен ерекшеленеді. Жазушы  кейіпкер жан дүниесіне үңілер сәттерде пейзаждық жекелеген бөлшектері субъективті қызмет атқара  бастайды, антропоморфизмге негіз беретіндей: жылаған бейбаққа қамыс сыбдыры қосылатындай, көл үстіндегі құстар мұңды дауысты іліп әкететіндей. (жалғасы бар) 

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 21 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: