10:40
Ұлы Даланың рухани жауһары

З.СӘНІКҰЛЫ / СЕРГЕЛДЕҢ   

Бұл Бәшкеге отау көтерген қуанышты күн болатын. Қыз қуар, лақ тарту, теңге ілу, арысқа түсу сынды алуан түрлі ойындар ойналып, айта жүрерліктей көңілді думан болады. Той өтіп абыр-сабыр басылған соң, Шақабай Тары тәйжінің шақыруымен Нұрбике бастап, жаңа отау қостап Төлебай, Әлкембайлармен бірге жолға шығады. Кезінде Тарының жүз тоғанақ түйесін Жамбылдың шеріктері заңсыз тоқтатқанда, Төлебай: мен тәйжінің баласымын деп барған. Үскінді жігіт ұлық алдында ұтқырлығымен ұтып, түйелерді саудасымен босаттырып алған әрі Тарының керуенін шаужайға қағуға болмайды деген қызы таңбалы қағаз да алып берген. Осы жүйрік хабар біреуден біреуге жеткенде өңделіп, әркім өзінше ажар қосып әрлендіріп, бүкіл елді аралап кеткен. Тарының тұяғымыз дегенге тәйжі де тарықпай, кең қолтық көрсетіп, әкелік қамқорлығына алмақ болған. Сол себепті бәрі осылай атқа қонған. Қаңтару бермеген қырсық тағы етектен тартады, сәнді керуен жол ортаға келгенде, арттарынан Кенже сары келіп Нұрбике шешесіне екі айғыр үйірдің ұрланғанын айтады. Барымташылардың ізін суытпай іздеу үшін Нұкең баласымен Төлебай үшеуі кері қайтады, Бәшкелер жолда байырқалайды. Олар кеткен соң Әлкембай да жалғыз қуғыншылыққа шығады, ол бұл сұмдықтың Сәлімнен келгендігін іші сезіп, қаладағы көңілдесі Зұһырәға тартады. Көптен көріспей ынтығы артқан қос жүрек қайта қосылып, түнімен мауықтарын басады. Таң ата ашнасының айтуымен, Әлкембай ұрылардың соңына түседі, ақыры қолды жылқыларды тауып, үйірімен аман-есен ауылға әкеледі.

Нұрбике көші кәрі тәйжінің ауылына келгенде кең даланың төсіне жапырлай тігілген ақ боз үйлермен алдағы ұлы қуанышқа құлшына кіріскен қалың қауымның қауырт қимылына куә болады. Бұларды жұрт болып қоғадай жапырылып қарсы алады, аты шыққан жігіттерге алыс-жақыннан келген сорпа бетіне шығарлар мен ел басылары топ-тобымен шұрқырай келіп, тоқтаусыз амандасады. Нұр үстіне нұр құйылып қормал тәйжі жілікті жерлермен құдаласып, қос ұлына сүйек тістетеді әрі еншілерін бөліп береді. Көп ұзамай Еренқабырға елінің билік тізгінін Төлебайға ұстатады. Осылай Тары тәйжіге құт қонып, төңірегі толыса береді.

“Меркіттің құлашегірі” атанған Жәке би найманның аузына қараған Бұтабайын қонаққа шақырады, қонақсерік болуға ел ақсақалы ретінде Тары тәйжі мен “Қазыбектің қара шоқысы” атанған Лақ биді қоса шақырады. Алыста жүрсе кісінесіп, жақындай қалса тістесіп жүрсе де Лақ пен Жәке би бірін-бірі жеңдім демей, өзара құрметтесіп өткен екен. Қазыбектің “Лағын” ала алмадыңыз қой-деп үгістірген ара ағайынға Жәке би: Лақ тек Қазыбектің ғана емес, мұқым керейдің қара шоқысы, ол шоқы сонау орта жүздің от тілді, орақ ауызды билері шыққан шоқымен тең. Артық-кемді Лақтай безбендейтін адам кемде-кем, ол “Лақ” емес, біздің серкешіміз қой десе; ал Лақ би: Жәке қырдың қызыл ебісі қой, ол мысасына мініп шыңдап соққанда жолындағы кедір-бұдырды қидай сыпырып, шыға алмайтын шұғанақтан бір-ақ шығады емес пе? Бейсауат шүйлікпейтін, шүйілген жерінен алмай тынбайтын сахараның сары шегірі, нағыз қыран қой  ол – деп егер қылғандардың еңсесін басады. Бір-бірімен айқаса жүріп құшақтасқан, алыса жүріп танысқан азулы екі биді кейін ел “Алыссаң Жәке мен Лайқтай алыс, таныссаң Жәке мен Лақтай таныс” – деп мәтелдеп кеткен екен.

Жұрт ортасында Жәке биге “Найманшыл”, “Қалмақшыл”, “Ұлықшыл” – дескен өкпе болыпты, сонысын сұрағанда Лақ би: Жәкенің “найманшыл” болуы дау көбеймесін дегені шығар, “қалмақшыл” болуы жау көбеймесін дегені шығар, ал “ұлықшыл” болуы заманына қарай бөрік кигені шығар, бұған бола Жәкеге мін тақпаңдар! – деп ақыл айтса керек.

Жәке бидің он екі қабат ақ ордасы адамға лық толы, төрдің қақ ортасына Бұтабай болыс орналасқан, Жәке би сөз бастап жиналыстың жәйін айтады. Әр би өз төңірегіне белді шешен, ақын, күйші, балуан, моллаларын топтай келген, олар өнерлерімен тойдың айбынын асырады. Алдымен ауыл күйшісі ауылдың алты ауызы ретінде Бейсембінің күй құдыретімен қорасына түскен ұрыны дуалап қолды қылғанынан бастап, “Жібек жирен”, “Майда жал”, “Сары өзен”, “Күңірену” қатарлы күйлерді шежіресімен қоса шертіп, отырғандарды ой омбысына батырады. Ендігі кезек Арғынбек ақынға тиеді, ол ата-бабаларының ерлігін айбаттап, халықтың басынан кешірген қиын-қыстау күндерін күңірене отырып көсіле тілге тиек етеді. Айналасындағылардың арғы-бергі тарихын тереңнен толғап, халқы үшін қаймықпай күрескен қайсар қасиеттерін қадап айтып, естушілердің еңсесін көтеріп, жігерін жанып, арыстардың алқауына бөленіп, алғыстарын алады. Астына ат, үстіне шапан жабылады. Сөйтіп, Жәке бидің қонағасынан  көп жұрт көңілді қайтысады. Риза болған жүргіншілер жолшыбай артта қалған Жәке бидің кеуделі сөздерін айтып, көңілдерін көтерісіп келеді: бірде алқа-қотан қысыр кеңес үстінде әлде кімдер “қандай әйел жақсы әйел?” деп сұрағанда Жәке би: астында тесігі, алдында бесігі бар әйел жақсы әйел!” – депті; “Қандай жігіт жақсы жігіт?” деп тағы сұрағанда Жәкең: “қызыл кеңірдегі мен қызыл тасағына ие болған жігіт жақсы жігіт!” – десіп жүргіншілер қыран жапқандай күлісіп барады...

Сергелдең күндерін келмеске кетірген Төлебай үш жүз түйелік сауда тоғанағын бастап тағы да алысқа аттанады. Олар Боғда бауырынан шығып, Жоңғар ойпатынан өтіп, Тарбағатайдың теріскейіндегі Шаған оба жолы арқылы, Семейге барады. Осынау ұзақ сапарда Төлебай қиялға ерік беріп, қарт тарихтың қатпарына сүңгуді ғадетіне айналдырған. Бір кездерде мұқым Азия  төсін ат тұяғымен дүбірлеткен жауынгер Сақ елі өздерінің ат басын шығыста қытайдың Чаң Ан шаһарынан бастап, батыста ежелгі гректердің Афина шаһарына дейін тіреп жүрген. Сақ-Үйсін дәуірінен бастап халқымыздың қытайлармен болған “Ат-жібек” саудасы біздің заманымыздың Х-шы ғасырының аяғына дейін жалғасқан. ХІ-ХІІ-ші ғасырларда Шыңғысханның шапқыншылығынан үзілген, ХҮ-ХҮІ-шы ғасырларда жалғасқанымен, ХҮІІ-ші ғасырларда тағы тоқтаған. Кейін Абылай тұсында жібек жол және жалғасын табады, қытайлар тартыс, мініс, егіс көліктерін қазақтардан көптеп алатын болған. Сол тұстарда тоғанақ тартып жүргендердің қатарында айбалталы адуын азаматтар, әнші, күйші, аңшы, ізші, бақсы, әңгімешілері бірге жүреді екен. Олар өз сапарларын дыр-думен өткізіп, бақсы-бәлгерлер арқылы алды-артын болжап отыратын болыпты. Тоғанақ еру болып, жолшыбай түнегенде тыныш жатпаған. Кей күндері аң аулап азық-түлік дайындаса, кейде балуан түсіріп, өзара күш сынасса; Кей түндерде әңгіме-ертек айтса, кейде һиса айтып, өлең-жыр думанын жасайды екен. Сол салтты Төлебай да сақтап, кең даланың шалқар төсіне қонған керуенімен әр түрлі әзіл-қалжың, айтыс өлеңдерін айтысып, көңілдерін көтерген. Осылай ел кезіп, жер шолып жүріп Төлебай да шар тартып тоғанақтан тоқтаған. Бұл барыста өмір тәжірибесі де молайып, билігі биіктеп “Төлебай ұяң” аталады. Бірде Төкеңнің ауылында түсел болып, әр рудың сорпа бетіне шығар біліктілерінің басы қосылады. Бұрынғы сар мойын билерден ешкім жоқ болса да соларды көре қалғандар немесе үзеңгілес жүріп, тізерлесіп отырғандар ғана ортаны толтырған. Әуелі аруақтарға арналып құран оқылып, бата жасалады. Көпшіліктің назары Әлен уаңда болып, ол сонау алыс тарихтардан сөз қозғап, төрелердің келу барысын, төрелердің қызыл тулы, көк тулы аталуын айтып ұзақ сөйлейді. Кеңесте көп істің басы қайырылып, қатарынан бірнеше күн жалғасып барып ақырласады. Төлебайдың талабымен Әлен төре және Жақия, Қасай қажы бастатқан топ ауылда еру болып, біраз аялдайды. Олар ауыл-ауылды аралап, әңгіме-кеңес құрып, өткен-кеткендерді тағы бір рет төңкеріп, ішкернеулерін басысады. Кетерінде Әлен уаң өзінің мосқал тартқандығын, ендігі үміт жастарда екенін, ал өз тұқымынан билік тізгінін Шәріпқанға беретіндігін айтса: Төлебай да егделегенін, артынан алдының таяғанын тілге тиек етіп, елдің екі тізгін, бір шылбырын бітірімді, жінтікті жігіт Құсайынға ұстатып өз тұғырына қоятындығын қоңыраулатады. Олар үміт артқан жас тұлғалар кейін елі үшін еселі үлестерін қосып, тарих беттерінде есімдері қалады. Осылай да осылай “Сергелдең” романы өткен ғасырлардың шаң басқан қоймаларын қопарып, оқырман зердесіне көненің көзінен түйірдей болса да түйіндер тастап, кеудесі дана кең қолтық қазақтың қалтқысыз қасиетін көрсетіп, көсегесін көгертіп, арқалаған жүгін арқасынан алады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: