10:58
Ұлы Даланың рухани жауһары

З.СӘНІКҰЛЫ / СЕРГЕЛДЕҢ   

Зейнолла Сәнікұлы 1935 жылы ҚХР, СУАР, Тарбағатай аймағы, Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1954 жылдан бастап қоғамдық қызметке қатынасып, ілгерінді-кейінді “Шін Жаң жастар-өрендер баспасы”, “Шін Жаң халық баспасында” редакциялық жұмыстармен айналысқан.

Автор 40 жылдық редакциялық өмірінде қыруар кітаптарды ұйымдастырып, редакциялаған. Көптеген кітаптары мемлекеттік, батыс солтүстік, өлкелік, облыстық деңгейдегі сыйлықтарға ие болды. Зейнолла Сәнікұлы 1983-ші жылы “Өлкелік озат балалар қызметкері”, 1990 жылы “Өлкелік таңдаулы қызметкер” қатарлы атақтар алып, марапатталды. Оның 1955 жылдан басталған жасампаздық еңбектері өз алдына бір төбе. Қазірге дейін 2 роман, 3 повест, 50-ден артық очерк, сәнуын (шағын әңгіме), әңгіме, зерттеу мақалалары мен әдеби аудармалары және “Қазақ халық ертегілері”, “Қазақ балалар ертегілері”, “Қабанбай батыр”, “Мұралар нені айтады”, “Қазақтың тұрмыс-салт білімдері” т.б. фольклорлық-этнографиялық еңбектері жарық көрді. Алдағы күндерде алла қаласа автордың “Көкше әулие”, “Кетбұға жырау” атты повестері мен “Хан Абылай, Қабанбай” сынды романы және “Басбай” романының 2-ші бөлімі, сондай-ақ “Атаның алтын іздері” атты ғылыми зерттеулер жинағы баспа беттерінде жарық көрмек.

Зейнолла Сәнікұлы қазір қытай жазушылар қоғамы, қытай фольклоршылар қоғамы қатарлы көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі болып, ел аузынан немесе шаңбасқан архиптерді ақтара жүріп, туған елі үшін ерлене еңбек етуде.

“Сергелдең” тарихи роман. 1999 жылы “Шін Жаң жастар-өрендер баспасында” (Үрімжіде) бірінші рет басылған.

Кейіпкерлері: Бәшке, Төлебай, Әлкембай, Бор батыр, Әділбек батыр, Отыншы би. Қоңыз батыр, Нарынбай, Жұмақан, Сиыршы (Мошқа), Ақжарқын, Қырбек, Тайтеке, Бәкей, Бауырсақ, Кенжебай сары, Әбдікерім (ұйғыр байы), Жангөдай (қытай байы), Ма Иүнчи (дүңген аспаз), Құсыман, Бейсен, Асқарбек, Сәлім (өзбек саудагер), Зұһырә (Сәлімнің тоқалы), Шақабай Тары тәйжі, Нұрбике, Қадырбай, Көкше әулие, Есейбұқа, Кештік кемпір, Мамырбек төре, Қолқа (моңғол үкірдай), Қасиет, Кенже сары, құмалақшы Құмар, Тұқыш (Тары тәйжінің әкесі), Қотырақ, Жәнібек батыр, Дәлібай, Көбен, Балықбай, Қайысбай, Бақат, Бодыған, Бұтабай би, Жәке би, Ләтимә (Жәке бидің бәйбішесі), Лақ би, Жарқай, Ожырай шешен, ақын Жанұзақ, күйші Қайрақбай, Жақия молла, Арғынбек ақын, Жанайдар, Күнту, Шүрте болыс, Туматай, Едіге (Қабанбай батырдың баласы), Қортық қара, Ма Жіңхай (дүңген жігіт), Қамза, Досжан би, Арпабай ақын, Маусипа, Әлен уаң, Шәріпқан. 

“Сергелдең” романы бас кейіпкерлері Бәшке, Төлебай және Әлкембайлар арысын айтсақ үш жүзге ұран болған әйгілі Қабанбай батырдың, берісін айтсақ орта жүзді аузына қаратқан Отыншы би мен Әділбек батырдың ұрпақтары. Иесі болған көне көз қормалдары кетіп, тістегеннің тісіне, ұстағанның қатыгез уысына түсіп, туған ауылынан тепершік көріп өз жерінен қуған аңдай босып, бойын алшақтатуға мәжбүр болған үшеудің сергелдең тауқыметін тілге тиек етеді. Аумалы-төкпелі заманда іргелі елдің ырысы шайқалып, берекесі бұзылады. Бас қалқасынан айырылған олар қырғидан қорғаланған шылдай панасын іздеген. Бұл 1870 жылдардан бастау алатын ұзын арқаулы әңгіме.

Момын Бәшкенің қулауыт жамағайыны Қырбек оның аңқаулығын пайдаланып, көз бояп жалғаннан мал қосқан болады. Ертесі “қоспағын” алмақ болып барып, бейкүнә қойшыға жала жауып, айыпкер етеді де жемқор Жұмақан зәңгіге билік айтқызады. Алдын ала әтейлеп құрылған осы қақпан қолғанатқа жарымай жүрген Жұмақанның бүйеніне қулық кіріп, көптен көкейін тескен Бәшкені дауға жығып екі баласын өзіне тегіннен-тегін құлақкесті құл ету үшін құрылған болатын. Сиыршының үш ұлы бұл шырғадан қашпауға шарасыз еді, Нарынбай мен Ақжарқын жол азықтарын дайындап, шығарып салады. Олар Тайтеке, Бәкей қашқан деген жерлерге уақыттық мекендейді, түп мақсаттары алысқа ұзатылған түбі бір туысы Нұрбикені іздеу.

Мошқа (жасында сиыр баққандықтан жеңгелері оны Сиыршы деп атап кеткен) да қаракөктің тұқымы болып артында бақадай шулаған қабырғалы халқы бар, солардың ішінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс не бір мүйізі қарағайдай атқа мінерлері айбарынан ай жасырынып әлі де солқылдатып тұрған. Жұмақанның жолсыздығы сол жуан ауылдардың игі-жақсыларының құлағына шалынып, тумаларының қорланғанына намыстары қарылып, аттандап атқа қонған. Өзінің  байқамай шоқ басып, тығырыққа тірелгенін аңғарған зәңгі тігерге тұяқ қалдырмай, қашқындарға құрық салдырып, айналаны арылтса да дерегін таба алмай мысы құриды. 

Бәшкелер мың бір қиындықпен жолшыбай бір иен қыстауды паналап, табандарын суытады. Осы кезде Әлкембайды жылан шағады, оның утын сорып тазаламақ болып Төлебай да заһарланады. Бәшке мұқтаждық өмір үйреткен тәжірибесімен оларды емдеп сауықтырады. Ендігі күн көрістерінің қамын ойлаған жетім жолаушылар жолындағы ауылдардың қара жұмысына жегіліп талқандығын таба жүреді. Бірде Әбдікәрімге жалға тұрып, онан Жангөдайға ауысады. Сөйтіп, ұйғыр, қытай тілдерін игере бастайды. Бірақ бас бостандықтарынан мүлдем айырылатын болғандықтан, бұл жерлерінен де табандарын тайдыруға тура келді. Аш ішектей созылған ұзақ жүріске шыдамаған Бәшке сырқаттанады, кенезесі түтеп жатқан оған су іздеуге шыққан Төлебай мен Әлкембай несібе таппай сүлкіндері түсіп құр қол келе жатқанда, күре жолда машинаға май құйып тұрған солдаттарға суық қолдық істейміз деп тұтқынға түседі. Сәтіне салғанда кейін бұғаудан қашып шығып, қала жағалап тірлік кешіреді. Бірде жол жағасындағы Ма Иұнчидың дәмханасына даяшылыққа алынады, қолайларына жағып осында бірер жылдарын да өткереді. Ал енді айдалада ауырып қалған Бәкешке келсек, үміті қиылып, қаңырығы қаңсып жатқан жерінде құдай Құсыман байдың Бейсен деген қойшысына кезіктіріп көз ашады. Онымен көп күн отасып, ақыры Асқарбек қарттың қолын ұзартуға барады. Оған ішіне ұйған уайымын айтады, кісілігі мол қария аяғы жеткен жерлерге жариялай жүріп, жалшысының жоғалған балаларының  жіп ұшын табады. Қуанышты хабарды естіген қамкөңіл Бәкең аялдауға тақат қылмай, ақсақалдың ақ батасын алып, аяғына мінеді. “Жоқты сұрау табады” дегендей, сұрай жүріп балаларын тауып, сартап сағыныштарын басысады. Ошақтың үш бұтындай үш мұңлық бір-бірімен мәңгі айырылмастай болып қауышып, мауықтарынан бір шығады-ау! Ес жиып тыныққаннан кейін, ежелгі беталыстарын бетке алып, үйреншікті сапарларына қайта шығады. Базар төңіректей келе Сәлімге жолығып жұмысқа тұрады, құлан сирақ қу саудагер бұларға шырға құрады. Зұһыра ханым ұрымтал жерлерге тиын-тебендер тастап, ала жіп аттамайтын адалдығын сынайды. Атпал азаматтардың қолдарының кіршіксіздігіне көзі жеткен Сәлім Төлебайды қырдағы саудаға шығарып, Әлкембайды отбасындағы күнделікті күйбеңге қолғабысқа қалдырады. Тар қапаста тотыдай ширыққан, оның үстіне, шар тартқан шалының төсек рахатынан тойымын таба алмаған сұлу тоқалдың жүрегіне шайтан кіріп, жолбарыс жонды жас жігітке енді нәпсі құрығын тастайды. Құймыр келіншек құйқылжи жүріп, оның азаматтық атына шоқ тастап, назды күлкісімен ашық кеудесін көрсете, көңіліне қара бас құрт түсіріп, тұмса сезімді ақыры идіреді. Тәтті ләззәттің сеңгір теңізіне батқан екеудің бір-біріне деген мейірі мол ынтығы көпке дейін басылмайды. Сезікті қимылдары күлкендес сары қарын бәйбішенің қызғанышын қоздырып, өсек өртін өршітеді.  Қызыл көз бәйбіше ауылдың әпербақан содырларын айтақтап, Әлкембайды өлімші етіп сойылға жықтырады. Бағына қарай, су ішерлігі болып, төрткіл дүниені тінтіп табалмаған апайы Нұрбикеге жолығып жаны аман қалады. Қапсағай денелі, алпысты алқымдаған сәуегей ойлы Нұрекең әуелі оны жалбызға орап, жер бұлауға салады, онан семіз еркек қойды бітеудей сойғызып, теріге орап жарақатынан тез сауықтырады. Болған оқиғаны Төлебайға және өзі келін боп түскен жердің білікті адамдарына хабарлайды. Күнәсін мойындап Сәлім де келеді, бірақ, адуын, өр көңілді Нұрбике саудагердің сағын сындырып үйге ендірмей, даладан қайтарады. Терісіне симаған Сәлім көне кегіне жаңа кек қосып, бір бармаған ішіне бүгіп, тісін қайрап қайтады.

Абзал ана айналасына ат шаптырып, ой мен қырдағыларды жинап, өзін іздеп келген үш бауырына дүбірлетіп той жасайды. Алыс-жуықтан тілеуге келе жатқандар ат үсті қызу әңгімеде болады: Жәйір елінде Кештік деген керемет кемпір болған – деп бастайды қара мұртты азамат – Мамырбек төренің бір әйелінің соңынан өсек еріп, сол қауесетке сенген төре қатынына қыржиып, оның үйіне ат ізін салмай қойса керек. Бір күні Кештік кемпір келеді де төреге түспей, әйелінің үйіне бара жатып, іргеден із шолғандай болады. Не іздедің деген төреге із шолып жүрмін десе керек, сонда төре: қара жер, күн жылыда шалып жүрген ізің не? Деп сұрағанда, Кештік: тақсыр, төре-ай! Кейде жаза басып, жаңылатыныңды білмейсің ғой, қара жермен қатынға із түскенді қашаннан көріп-біліп едің. Мына керейдің төресі кетік кебіске өкпелі екен дегіз бе еліңе! – деп сөзден тосып, төрені әйелінің үйіне кіргізген екен.

Бірде сол Мамырбек төренің үйіне қалың қалмақ мықтылары бас қосып, қонақ бола отырып көп құдайымыз бар деп көпірсе керек. Сонда Кештік: ой, төре! Мыналар қалың құдайын қаптатып, біздің жалғыз құдайымызды жазым қып жүрмесін десе; тағы бірде, моңғолдың үкірдайы Қолқа жер дауымен Мамырбек ауылындағы төселге келіп, аралықта Кештікке амандаса барыпты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Кештік: сенше жер дауы мен жесір дауын бітіруге бола ма? деп сұрапты. Моңғол үкірдай: жақсылап кеңесіп, біріміздің айтқанымызға біріміз тоқтасақ бітеді ғой, неге бітпесін? Дегенде, Кештік кемпір: е, үкірдай-ай! Ол дау біздің астымыз бітелген күні бітер, онан бұрын бітеді деу әбестік болар – депті... Осылай Кештіктің құлағын шуылдатып, ат үсті әулие боп келе жатқан қалың жұрт тойлы ауылға да жетеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 30 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: