21:38
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.ӘБІЛҚАСЫМ / ОСПАН БАТЫР     

Сейітхан Әбілқасымның “Оспан батыр” тарихи романы екі кітаптан тұрады. Романның бірінші кітабы “Жұлдыз” журналының 1994 жылғы № 10-12 сандарында,  екінші кітабы “Жұлдыздың” 1996 жылғы
№ 1 санында жарияланған.

Қазақ халқының өмірінде із қалдырған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын толымды көрсету, сол кезеңде өмір сүрген адамдар тағдырын сипаттау ілгерішіл тәсілдердің бірі десек, “Оспан батыр” романы да аласапыран заманда атқа қонған ерлер өмірін суреттеуге арналған. Мұндағы кейіпкерлер Оспан, Мәмей, Зуха, Сүлеймен, Ырысхан, Ноғайбай т.б. аса шытырман, қиын сәттерде сыналатын, дәуірлік ақиқаттың бетін ашуға септігін тигізеді.
Оспан батыр – романдағы ең қызықты тұлғалардың бірі. Оның өмірі қызғылықты, шытырман оқиғаларға толы және мінезі мен ісі нақты, ойлы адам ретінде көрінеді. Оспан сөзге сараң болғанмен, ой- өрісі кең, іштей толғанысы орамды, тиянақты, әр нәрсені жіті барлап, жете тұжырымдай білетін, ойын сыртқа шығарарда түйеден түскендей дүңк еткізіп қысқа қайратын, шорт мінезді жан ретінде көрінеді.
Романға арқау болатын оқиғалар қазақтың бір бұтағы Абай Керей рулары ару Алтайдың өрдегі үзілер сілеміндегі қара Ертістің бастау алған тұсында өтеді. Жазушы тарихта болған оқиғаларды, оның қозғаушы күштерін саралап, сол оқиғалардың мәнін жан-жақты ашып көрсетуді нысанаға алғанына куә боламыз.

Романның бесінші тарауында тәуелсіз елміз деген Шығыс Түркістан Сталин жіберген жендеттер мен жансыздардың қолына өткені жайлы, олардың зорлық әрекеттері едәуір орынды көрсетіледі:

“Тарихқа әйгілі жосылтып қанды із қалдырған қара түнекті құйын 1938-1939 жылдары үдей түсіп, әр ұлт халқын тұншықтыра тұқыртты. Сталин билік жүргізген Қызыл жауынгер, азамат өркенінің биігін отап, асылын жойып жасығын қалдырды. Қырғындаумен ырыс жиып, қанымен тояттады. Аш арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан ол, қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп әспенсіп, астамдыққа басты. Бодамшыл, өркөкірек өктемдікпен билеп-төстеп Моңғолия мен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгелдеп, сығымдап қыса берді. Шығыс Түркістанды торлаған сол қара түнекті құйын күшті екпінмен тебітіп кіріп кеуледі”. Осы қатыгез қастандықтан Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қырғыз, моңғол, Тарбағатай мен Баркөл бойындағы қазақтар да аман қалмағаны, керейдің ғұлама ақыны Ақыт, Халел тайжі, оның баласы Рахаттың айдауда кеткені, елдің еркіндігі табанға басылып, зомбылық халықтың кегін қоздырғанын автор нақты және дәлелдер келтіру арқылы жүзеге асырады.
1940 жылдары Ноғайбай бастаған ұлт азаттық көтерілісшілер мен Қытай армиясы арасындағы шайқастар жиілей түсіп, ұзақ жылдар бойында зорлық-зомбылық езгісі, ауыр алман салықтан аттап, ұлтты құрту жолындағы ашылған аран, осындай ерлік күреске байлатқаны суреттеле отырып, сол кезеңде өмір сүрген адамдар мінез-құлқына тарихи нақты, шынайы сипат дарыта баяндалады.

“Оспан батыр” романындағы Оспанның портреттік сипаттамасын бергенде жазушы тек жансыз сыртқы пішінін суреттеумен шектелмей, қаһарманның ішкі дүниесін, дара мінездік тұлғаларын, рухани эволюциясын жинақтап сомдайды.
“Оспанның ерекше бір қасиеті — өте қарапайым, кішіпейіл, өзін жоғары ұстамайды, қаршадайынан қара табан кедей болып өскендігі ме бұлданып, бәлсіну, шендену пиғылы онда болған емес. Соғыс кезінде де қол астындағы сарбаздарға қатал ескертіп әмір бергенімен, өзі солардың алдыңғы қатарында жүреді. Көбінде асқан ерлік көрсетіп, атай салып жападан жалғыз жау шебін бұзатын кездері жиі кезігеді”. Мінезіндегі қарапайымдылық пен батырлығын ұштастыра келіп, жазушы персонаждың пайдасына шешіп бергенін көреміз.

Романның соңында қазақтың дәстүрлі өлшемдері бойынша Оспан батырды ақ биенің саумалына шомылдырып, хан сайлаудағы болжымас ережелер орындалмағаны, жазда Алтай жайлауына барған соң барлығы атқарылатынын айтып алдаусыратқан маршал Чайбалсан бастаған топ өз істерін ат үсті тындырғаны баяндалады. Роман соңында “Уақыттық үкімет” бастығына Оспан, штаб бастығы болып Нұрғожа, Оспанның орынбасары болып Дәлелхан белгіленген.

Қорыта айтқанда, жазушы Сейтхан Әбілқасымның “Оспан батыр” романы белгілі өмір шындығын көркемдікпен игеріп, таныған, әлеуметтік ортаның шындығын көркейтіп жеткізген шығарма деуге болады. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 50 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: