08:57
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ЖОМАРТБАЕВ / ҚЫЗ КӨРЕЛІК

Тайыр Жомартбаев (1884-1937) – Абай төңірегінде болып, ұлы ақынның өлеңдері өзегіндегі ғұлама ойларын көкірегіне құйып,  өрім-өлшемдерін, түр-пішінін көзбен көріп, көңіліне тоқып, жаттап өскен қаламгерлердің бірі. Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесін бітірген. Қоғамдық қызметі мен шығармашылық ізденістері балаларға тәрбие беру, рухани тілін меңгеру мәселелеріне арналған. Кезіндегі мерзімді баспасы бетінде жарық көрген шығармалары да осы іске, ағартушы-демократтық идеяларға бағындырылған.

1912 жылы Семей қаласындағы “Жәрдем” баспасынан “Балаларға жеміс” атты өлеңдер кітабы мен “Қыз көрелік” романы жарық көрген.

Соңғы шығарма ХХ ғасыр басындағы қазақ романы тарихындағы шығармашылық, ізденістерді көрсететін туындылардың бірінен саналады.

Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік” романы – құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары,  тақырыптық-идеялық мазмұны бағытындағы ерекше шығарма. Әсіресе, автордың романға тосын пішін (форма) таңдау жолындағы ізденістерді ойлануға тұрады. Біздің ойымызша, романның табысы да, қазақ әдебиет тарихындағы маңызы да осы төңіректен табылады.

Дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған “Қыз көрелік” романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Семейдегі  “Ярдам” баспасынан 1912 жылы жарық көрген.

Роман басындағы эпиграф тәрізді мына жолдар шығарманы талдауға апарар кілт тәрізді:

                        Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,

                        Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.

                        Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,

                        Жігітті қыз таңдаған біз көрелік.

“Жігітті қыз таңдаған біз көрелік”, демек, автор ХХ ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. “Қыз көрелік” романында осы тақырып проблематикасын мүлде басқа бағытта көтереді. Енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек.

Жаңа идеяның өзі жаңа  пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан.

Дүниені шарлап қалыңдық іздеп жүрген іргелі рулардың атақты байларының балалары Ғайынкамалды кедей жігіті Мұхаметқалимен оп-оңай қалай жібереді? Реалистік арна авторды осы бағыттағы тартыстарға киліктірер еді басқа мазмұнға апарар еді. Автор мақсаты - өзінің ағартушылық-демократтық көзқарасына сай, тәрбиелік  мәнді шығарма. Роман құрылымы, пішіні осы мақсаттан туындайды. Автор мақсатынан, идеясынан ауытқымауға тырысады. Кейде шығарма көркемдігіне нұқсан келгеніне де қарамай, өз идея, мақсатын орындап шыққан.

Ғайынкамал – байдың оқыған қызы. Сауатты, көзі ашық. Қазақ ұғымындағы үлкен қалада, Уфада үлкен оқу-медреседе оқыған. Өмір туралы ойы, идеалы, мақсаты осында қалыптасқан. Әкесі Ғайса да көзі ашық, көкірегі ояу, заман тілін түсінген, оған ілесіп отыруды мақсат қылған жан. Қызын малға сатып, қалың мал  алып баю оның ойында жоқ. Реті келсе қызы теңіне қосылса екен деп армандайды. Романда әке, бала тілегі қабысып жатыр. Араларында қақтығыс түгіл қайшылық та жоқ.

Бостандық пен теңдікке ұмтылған, көзі ашық, сауатты қазақ қызына тор құрып жатқан ескі-салт сана қорғаушылары үлкендер, көне көз қариялар да емес – жастар. Романда ел басына ауыр, қиын күндер төніп тұрғанда ауыл аралап сұлу қыз, қалыңдық іздеп жүрген бай балаларына деген авторлық ирония, юмор бар.

Т.Жомартбаев өзінің ағартушылық, демократтық көзқарасын, идеясын жеткізу үшін қазақ қыздарының бостандығы,  теңдігі тақырыбын таңдаған.

Өзіне жар таңдауға толық мүмкіндігі бар қазақ қызының шындыққа жанасатын бейнесін жасау үшін қаламгерге алдымен оқушы сенетіндей тақырыптық мазмұн қажет. Оны іздеу бағытындағы әрекеттер қаламгерді тосын шешімге, синтетикалық формаға алып келген. Ал ағартушылық, демократтық идеяны жеткізу үшін реалистік шығарма құрылымында ертегілік, аңыздық фабулаларды пайдалану сол кездегі әдеби ортада кездесетін. Мысалы, “Айқап” журналы бетіндегі А.Сорокиннің әңгімелерінде, өзге де әдеби басылымдарда осы үлгілердегі шығармалар жиі жолығады. Қазақ халық прозасының хикая,  әпсана-хикаяттарында да бұл әдістің талай үлгілері пайдаланылады.

Тақырыптық мазмұн қазақ қыздарының бас бостандығы болса да, авторлық идея күрделі. Оның Абай қара сөздеріндегі идеялармен үндестігі бар. Т.Жомартбаев – адамнан адамның айырмасы-білімінде деген Абай афоризімін ағартушылық қызметінің ұраны етіп ұстағаны ұстаз.

Қаламгер ұстаздық қызметінде роман сюжетінде қолданатын француз ертегісіндегі шешендік сұраққа ойға қалуы, қыз кімді таңдайды дегенге шәкірттерін де ойлантып, өзі де ойланған болуы керек. Қыз таңдауы ғаламат сыйлықтар әкелген жігіттерге емес, адамзатқа пайдасы мол, теңдесі жоқ қажетті нәрселерді жасай алатын сауатты, білімді, өнерлі жігітте болуы керек деген ойдан туындаған тәрізді. “Қыз көретін жігітті бір көрелік” идеясының бастауы ағартушы-демократтық көзқарас, қызметте екені белгілі. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 93 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: