08:38
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ұ.ДОСПАМБЕТОВ / ҚЫЗЫЛ ЖОЛБАРЫС

Романда Ұзақбай Доспанбетов малмен кәсіп еткен қазақ халқының жылқы малына деген сүйіспеншілігін, екіншіден, жаугершілік заманды сәйгүлік тұлпардың орны ерекше болғандығын келістіре бейнелеген:

            “Көкбайтал аса ірі сүйекті жылқы емес, кеуек бас, қалбыр өкпе, сом тұяқты жаратылған, жал -  құйрығы тай, оның үстіне төс сүйегі омырауы, бел арқасы бөлек-бөлек пішілгендей тұлғасының да аса қиюы келіп тұрған жоқ. Жай жолға мінерлік  көп  жылқының  біріндей  ғана  теке жәуміт бедеу. Сөйте  тұра,  міне, бес жылдың жүзі болды,  Арқа мен Жетісуда  бәйгенің алдын  бермей  келеді. “Байтал шауып бәйге алмас” деп ескілектен қалыптасқан мәтелді тұмсықтан ұрған да осы жануар. “Байтал неге бәйге алмас,  жүйрік болса”  деп, Жетісу  ақындарының  осы қанатты тұлпарды бетке ұстап біраз желпінгендері де бар. Бір  ғажабы мұның неше тісі  шыққанмен көкбайтал деген аты  да қалмай келеді. “Жетісудің   көкбайталы”, “ Ұлы жүздің көкбайталы” деген қосақтамасы ғана  атақ-даңқына  біраз салмақ  қосып тұрады”,-деп Көкбайталдың  бәйгісімен де, мал үшін  айырбасқа тусуімен де  адамдарды  байтқандығын сан ел, сан рудың  маңдайына  біткен  жүйрігін  есті            жануар  етіп суреттейді. Шығармадағы  Сары және Ноқай атты иттердің түйсік-сезімін   танытатын оғиғалардың түп-төркіні  халықтың  ғасырлар     бойы  дамып, жалғасып келе жатқан  бай рухани мұрасында  жатқаны анық. Ит жеті қазынаның  бірі  болғандықтан  да  қалмақ қонтайшысының  екі иті елдің, жердің ғана  сақшысы емес, ұлы  қонтайшының  көмекшісі есебінде  саналуы  едәуір орынды көрсетіледі.

“- Ол біздің   қонтайшының екі иті. Бірінің  аты Сары, екіншісінің аты  Ноқай. Ол екі ит адамнан ақылды,  көздері  аспандағы  бүркіттің көзінен өткір. Еліміздің, жеріміздің  сақшысы. Жаңа сені  айлакер  жау келе   жатыр деп   хабарлады.

            Балпық бұл сөзден  аздап  тіксінгенмен де сабырлы жауап  қайырды .

            - Бараба   татарлары  да ит  ұстайды. Олар да  иттің  ақылдысы  деп, оның неше түрлі  тұқымдарын сұрыптап,  іріктеп, қасына ертеді, дос етеді.  Бірақ мақұлықтың  аты мақұлық,  кейде ол  иесінің  көптен көрмеген қарын  бөлесінің  де қарнын ақтарып тастай жаздайды.

            -  Сөз саптасын  қарамаймсың  ба,  мынау анық  жау,- деп жаңа әскербасымен  үзеңгі  қағыстырып,  өз күндігін айтқан неме  найзасын төбесінде  ойнатып, қайта  жынданып   шыға келді.

            - Сенің  мына  сөзің  үшін  басыңды  осы жерде  кесіп  алса  сауапшылық  болмақ! - Әскербасы  бұл  сөзді  өз намысы  аяққа  тапталғандай   бұрынғыдан   реңкі  бұзылыңқырап  айтты. -  Еліміздің, жеріміздің  сақшысы,   ұлы қонтайшының баласы,  біздің бас  қолбасшымыздың    күндіз-түні  жұмылмас ояу  көзі,  асыл текті  Сары,  Ноқайды  қай-қайдағы  шапқан   мен соққанның  жемтігі  жаман  татарлардың табанын жалайтын  құлағы  қалқиған, жүндес иттеріне  неге  балайсың?

             Автор  Сары мен Ноқай  ерекшеліктерін  суреттеуде  реалистік  сипатқа жол бергеніне   куә боламыз. Екі ит адамнан да   ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір, қалмақ  елінің, жерінің сақшысы, жау келе жатқаны туралы  хабар беріп  отыратын қырларын суреттеген тұстарында  қалмақтардың ішкі мұрат-тілегін , мінез – құлқының  қырларын да  астастыра,  көркемдік тұрғыда  ашып береді.

            Ұзақбай Доспанбетов өз романында Төле би, Абылайдың өмір деректерінің мағынасын сақтаған және едәуір тың мазмұнмен кеңейткен деуге болады. 

            “Ұлы би көлге ұзақ қарады. Қасындағы жас жігіттер бұл адамның не нәрсені де орнымен, асқан кірпияздықтан істейтінін көріп үйренгендіктен қазіргі мінезін түсіне алмай тұр” немесе,  ... Көздерін көтерсе әлде кім ойып алардай, дүниенің жарығы олар үшін осымен таусылғандай мойындата біржола зіл көтерген көк қорғасын байлап алған, бұл дүниеден баз кешкен мәңгілік пақыр жандарға ұқсауы”. Ұлы бидің ел басына күн туғанда жаны ауырған кейпін жазушы көңілден таса қалдырмайды. Келтірілген үзіндіде Төле бидің қайсар рухы мен хан алдындағы сертті мінезі дараланып қана қоймай, келе жатқан жауға бірігіп күш жұмсау жөніндегі пайымдауларын жеткізгенде  ойлау жүйесінің сол кезеңнің заңдарына негізделгендігі ерекше көзге түседі. 

            Романдағы Жолбарыс ханға берген портреттік суреттемелер көркемдік шындық және өмір шындығының байланысын ашу үшін қажет болған сияқты. “Бұл хан отыз үш жастағы, ат үстіндегі сайыстан, не аң қуудан бір күшін де құр жібермейтін, күрт, қауырт қимылға әрқашанда дайын, оңтайлы, қайрат – жігері тасып тұрған жас адам еді”, немесе, “ Мандайы сопақ көрінгенмен бет-ажарының қырлы мұрыннан төменгі бөлігін ұстара мен қайшыны күнде көретін мойылдай қара сақал-мұрты дөңгелетіп тұр. Қос ерін жымқырулы, ауыз орнында сол дөңгеленген сақал  - мұртпен бірге майысқандай көкке шаншылған айдың алғашқы жанасындай тілек қана бар. Ол тілекпен бүгіндікке бір сөз шығыпты дегенге ешкім қана да қоймастай”. Мұндағы Жолбарыс ханның портретінде түрлі кескіндік сипаты іс пен мінез табиғатымен терең бірлікте бедерлеген. Драматизмге толы ситуацияларда хан бейнесі біртіндеп толымдылық алады.

            “Қызыл жолбарыс” романының бір бөлімінде Абылай бейнесі сомдалады. Мұнда Абылайдың жетімдік халі, “Сабалақ” деген атпен түйеші болып жүріп, ел басына қиын кезең туғанда ерлік көрсетуге ұмтылуы ғана қамтылған. 

            Романдағы оқилар “Ақатабан шұбырынды, алқа көл сұлама” деген атпен сақталған  1723 жылғы қалмақтар шабуылының басталуын, ол соғыстың қазақ халқына әкелген залалы мен зардабын кеңінен суреттейді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 62 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: