22:18
Ұлы Даланың рухани жауһары

А.НҰРМАНОВ / ҚҰЛАННЫҢ АЖАЛЫ

“Құланның ажалы” үлкен символикалық атау. Жапанда жортқан жалғыз батыр, соның үнсіз тұншыққан қуаныш-мұңы, меңіреу сары дала, үміт пен күдік арпалысы – романға желі боп тартылған лейтмотив әуендері осы. Адамның жеке басының қасиеті қай уақытта артады, ерлік, қаһармандық сыры неде, бауырмалдық пен жат жұрт дұшпандықтың түп-төркіні қайда жатыр, осыған да Ақан бірсыдырғы байсалды жауап береді. Романда оқиға аз, тіпті жоқ деуге болады. Кешегі он алтыншы жылдың дүрмегіне қатысқан, өзі оны ұйымдастырушылардың бірі Құлан атты мерген бүгінде әлеумет ісінен, халық ісінен, халық мақсатынан қол үзіп, жапан түзде жалғыз қалған. Албырт көңіл, ақ жүрек батырды оқымаған қараңғылық зардабы бір жеңсе, жаңа өмірдің қуатты ағысының екпіні екінші жеңіліске ұшыратады. Құлан өр еді, нар еді, құралайды көзге атқан мерген еді, бірақ мақсат кемдігінен туған принципсіздік оны жарға жықпай қоймады. Кітапта Сардар деп қана  аталатын, шын мәнінде Аманкелдімен үзеңгілес болған, Құлан күрес мәнін мүлде тар көлемде ұғынып, өз жеңісін тек бас пайдасының қамы деп ойлаудан аса алмайды. Сондықтан ол аз ғана үй Текесін бөліп әкетіп, солардың алдына мал салып, он-он бес үйдің таңдайы аққа тигенін дәтке қуат көреді. Ол ол ма, бір кезде келіншегі Алтыншаш та атағы дабырайып тұрған кезінде алақанға айламен қондырған құс секілді зорлық пендесі еді. Осының бәрі халық қаһарманы болған қасиетті жанның үлкен атын  кішірейтіп, алдағы күнге апарар жолын тым тарылтып жіберген еді.

Ер басына іс түссе, халық араша тұрады. Бірақ ол үміт пен күдік араласқан жерге арашашы бола алмайды. Қашанда екінің бірі. Өз ісінен әлдебір кемдік сезінетін Құланда  күдік молдау. Өкініші көп. Сардардан бөлек кеткеніне, оны тыңдамай қойғанына өкінеді. Сан рет соны ойланып, бармағын тістейді. Сардар шейіт болып кетсе де, есімі ел есінде, оған деген құрмет бөлек. Ал бұны қолдай қоятын ешкім  жоқ сияқты. Құланның сергек көңілі осыған шерленеді.

Енді, міне, Құлан жалғыз, құдай жалғыз. Қалың қолдан қайтпаған жүрегі үп еткен өсектен шошынып, сайын даладан сая таппаған қашқын біреуге айналды. Табан тірер таянышы халық еді, содан өзі безініп, қасына тексіз бір қашқынды жолдас етеді. Онысы – Ефим Кутский, патшаның жазалаушы отрядында жүзбасы болған, кеше ғана өзімен кескілесіп соғысқан адам. Құлан оның кім екенінен бейхабар, сондықтан өз қойнына өзі жылан салғанмен тең болды. Ендігі қалған жау осы Кутский, анау жымысқы бай Шарбақбай секілді, қойынға кіріп жылан болып шағарлық қана қауқары қалған өңшең сілімтік еді. Құлан сол сілімтіктердің  бірін ақылшы, бірін жолдас, Көктөбет сияқты енді бірін пана етемін деп, өзін-өзі шақтырды. Анау жүрген Майлық, ұры Майлық Құланға бір табан жақын. Адамгершілігімен жақын. Құланның құлдырап бара  жатқанын сезіп, ең құрмады осындай болса екен, жаны қалса екен деп тілек еткендейсің. Құлан жүрегіндегі қайсар намыс оқушыға түсінікті, ол қанаты талса да жерге қонбай тәкаппар қыран тәрізді, шырқаған сайын жер-анадан, қасиетті Отан топырағынан ұзай береді. Құланның ажалы – Антейдің ажалы, сондықтан оның адамгершілігін емес, амалсыздығын жазғырасың. Тағылық қалып еді. Даланың тағысына жақсылық еткің кеп қолыңды созсаң да, жуыр ма, сенер ме сірә да! Табиғат сүтін арда емгісі келген Құлан қасіреті осында. Табиғат сүтін арда ем, бірақ тағы болма. Күдікті жолдас еткенше, үмітті арқау ет. Өткеніңнен қорықсаң, болашаққа сен. Етіңнен ет кесіп алса да ерлігің соған жетсін. Жазушы ұсынған мәнсәз моральдық бір бұтағы осылай жапырақ жаяды.

Иә, Ақан өз дүниесінде жаралған өзгеше пәлсәпә ұқтырады. Құлан тарихта болсын-болмасын, әңгіме онда емес, Құлан – жазушы ойының концепциясы, Құлан – жазушы идеясының мазмұнға, сюжетке айналуы. Ендеше болған оқиғаны жазу шарт емес, болған оқиғаны идеяға, негізгі айтар ойға бағындыру шарт. Ақан бұл міндетін мүлтіксіз орындап шыққан. Кітаптың басынан аяғына дейін бір сарын, бір желі айнымай жүріп отырады. Бөлек-салақ араласпайды. Артық теңеу, орынсыз суреттеу, білгішсіну мұның бәрі кітап бойына жат. Ақанның “Күн ертеңге ауып барады”, “Аққу шоғыры” атты кітаптарына да осы қасиет барынша тән еді. Тазалық тағамның да, талғамның да сақшысы, ол шығармаға әсіресе қажет. Өкінішке қарай, жақсы деп жүрген көп кесек туындылардың ортақ міні – шөп-салам, қыл-қыбырының молдығында. Ақан творчествосы ең алдымен осыдан айыққан ерекшелігімен жарқырайды. Оның бүкіл өмірі, адамгершілік тұлғасы, білім парасаты, мінез байлығы, қысқасы, бар биік қасиеті осындай таза, даусыз еді. Оның алдында артық сөйлеу, жарқылдап кету әбестік болатын. Соның бәрін ол үндемей тыңдайтын. Үндемей отырып өз сөзіңді өзіңе тыңдататын. Сұм ажал осыншалық жұлдыз дарынды әдеби аспанымыздан мезгілсіз қағып түсірді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 58 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: