20:36
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ш.МҰРТАЗА / ҚАРА МАРЖАН

Шерхан Мұртазаевтың “Қара маржан” романы – 70 жылдардың жемісі. Жазушы осы романы үшін Республикамыздың Мемлекеттік сыйлығын алғаны да бәрімізге белгілі.

Романның басты кейіпкерлері – Нариман Данаев пен Жарас Хамзин. Негізгі сюжеттік арқау, қосалқы оқиғалар желісі де осы екі кейіпкердің айналасында өрбиді. Жазушы шығармасында тікелей өндіріс мәселелерінен гөрі, осы өндірісте еңбек етіп жатқан инженер-техниктердің, қарапайым еңбек адамдарының өмірлік, тұрмыстық жағдайларына көбірек ден қойғаны қуантады. Яғни өндіріс мәселелеріне байланысты немесе соның тікелей әсерінен туындайтын адамдар арасындағы моральдық-әдептік байланыстарға, солардың шығу себеп-салдарына, яғни әлеуметтік-рухани табиғатына зерттеушілік көзбен қарап, байыпты баға береді, байсалды талдау жасайды. Нариман Данаев – инженер, яғни білгір маман, сонымен бірге өндіріс ұйымдастырушысы. Оның Соколов-Сарыбай комбинатында еңбек еткен жылдарының мақсатсыз, мағынасыз өтпегеніне көзіміз жетеді. Сол бұрынғы істеген жерінде меңгерген, жинаған іс-тәжірибесі және өндіріс басшысы ретіндегі ұйымдастырушылық шеберлігін осы жаңа орында, жаңа қызметінде, яғни Нәртас кенішінде де іс жүзінде  көрсетуге, іске асыруға қабілетті, қолынан да келеді. Нариман бойындағы жақсы қасиеттердің – адамгершілік, азаматтық парыз, қоғамдық мүддені дұрыс түсініп, соны саналы өмірінің тірегі ету, моральдық тазалық, әдептілік мінеки, осының барлығы Нариманды қоршаған әлеуметтік ортада, сондағы қоғамдық жағдайда әр қырынан танылып жатуы заңды жағдай.

Ондай орта, ондай жағдай ретінде романда Нәртас кеніші, сондағы еңбек барысы, өндірістік мәселелер алынады. Ол – сонымен бірге жұмысшылардың да ортасы, аяғынан жаңа-жаңа тұрып келе жатқан өндіріс ортасы. Жаңа өндірістің шұғыл шешілуге тиіс мәселелері де көп, оның үстіне жоғары басшылық жақта басқан ізін аңдып отырған бақталасы, қарсыласы Жарас Хамзин отырғанда, Нариман үшін ойына алған ісін орындау, алдына қойған мақсатына жету оңайға түспейді.

Нариман үшін әсіресе қиын болып тұрғаны – жаңа өндіріске жауапты жоспардың берілгендігі. Ол мемлекет орындарында бекітілген, оны орындамау қылмысқа тең. Егер ол жоспар орындалмайтын болса, онда Нариман Данаевты өндірістің басшылығына қоюдың қажеті қанша еді? Осы шындықты азаматтық парызымен, адамдық арымен түсініп қабылдаған Нариман тар шеңберден, қысқан құрсаудан шығудың амалын іздейді. Көп ойланады, көп нәрсені қайта есептейді, қайта таразылайды. Сондағы тығырықтан шығар жол, табылған тиімді әдіс – карьердің жаппай жарылысы екен. Сонымен, “жаппай жарылыс” идеясы көп шындықтың бетін ашады, көп адамның бет-пердесін жұлып, кімнің кім екенін танытады.

“Жаппай жарылыстың” ұзаққа созылмаған сәтсіздігінен кейін Нариман Данаевтың өмірлік позициясы, азаматтық келбеті айқындалады, оның рухы күшті адам екендігі, әлеуметтік белсенді тұлға екендігі біржолата анықталады. Осы оқиға сонымен бірге Хамзиннің, оның тобындағы Ақыраптың, Әділдің де шын кейіптерін танытып, олардың ішкі жан-дүниесін, бар болмысын, адамгершілік табиғатын айна-қатесіз ашып береді.

Автордың роман кейіпкерлерінің моральдық-адамгершілік табиғатын ашу мақсатында пайдаланған осы логикалық-көркемдік дәлелін құптауға болады және де оның сәтті шыққанын айтуға тиіспіз. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 68 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: