20:38
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ә.НҰРПЕЙІСОВ / ҚАН МЕН ТЕР

Негізгі қаһармандардың қиын тағдырлардың тоғыстыратын жер-теңіз жағалауындағы кедей балықшылар ауылы. Мұндағы тіршілік қамымен орыс байы – Федоров (Тентек Шодыр)  ауына жалданып, асымдық  талға жау тауып, күн кешіп жүрген Мөңке, Дос, Еламан, Рай - әр кездері ағайынды Алдаберген софы, Құдайберген болыс (Қаратаз), Тәңірберген мырзалардың малын, жылқысын бағып, кейін намысқа тырысқанда, бөлек шыққан өркеуде кедейлердің ұйтқысы.

Еламанның ыза-кегін оятқан тек Федоров қысымы емес. Бала жасынан тартқан жетімдік тақсіреті. Тәңірберген әкесінің қиянаты, жас мырзаның өз өктемдігі, жеке басынан асып, аз ғана қуанышы – жанұя бақытына түскен шіркеу – осының бәрін ерте есейген зерделі жігіт тағдырдың әділетсіздіген санайды. Еламанды ешкім күтпеген оқыс қадамға (Тентек Шодырды өлтіру) жетелеген себептер авторлық баяндауда кедеспейді. Ә.Нұрпейісов кесек әрекеттердің психологиялық астарын жанама синтетикалық жолмен суреттеген.

Сібірге жер аударылған Еламанның ісін ел ішінде өр мінезді Кәлен жалғастырады. Бай ауылдың барымта-қарымтасымен жүрген дара бітім, оқшау істің адамы – Кәлен мен Абыралы әулетінің мүддесі де қайшылыққа келіп тіреледі.

Тәңірберген – жазушы сомдап түйген характер. Оған М.Әуезов эпопеясындағы Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлкесіндегі” Игілік бейнелерінің әсер-ықпалы көп. Тәңірбергенде дала көкжалы – Құнанбайдың ірілі болмағанмен, айлакерлігі, Игіліктің дәуір, қоғам барысын топшылап, тез бейімделгіш елшілігі бар. Уақыт, орта, жағдай, мінез сипатына байланысты М.Әуезов қаһарманындағыдай асқақтығынан жымысқылығы басым, ал Ғ.Мүсірепов кейіпкеріне залымдығымен ұқсас. Олармен теңесетін – Тәңірбергеннің озбырлығы, менмендігі. Тәңірберген көзге сыпайы, кішіпейіл; ал іс-әрекеті, жасырын жоспраларымен, өктем, бұза жарып өтетін жанкештілігімен өзіндік характер ерекшелігін жасайды. Ә.Нұрпейісов күрделі жан, ой, ұғым иесін терең сарабдалдықпен, әр қырынан, байыпты арналарда суреттейді. Осынау  жауыздыққа бейіл, қатары көп адамның романдағы мәңгілік философиялық ақиқатты жария қылатын мағыналы тұлғаға айналуы – қаламгердің жаңашыл шығармашылық тұғырнамасына дәлел.

“Ботакөзде” Итбайды Кенжебай көтерілісшілермен бірге жазаласа, Кәлен мейманасы тасқан Құдаймендені  жалғыз өзі тұншықтырады. Ақ көңіл, өнерлі, байыр жігіттің көп жағдайда Еламанға жетіспейтін қасиеттер: ерлік, шешімталдық, қызуқандылығы мен ақкөз ерлігі халықты соңынан ерте білетін көсемдікке лайық. Еламанмен бірге бастаған 1916-жылғы Арал өңірі кедейлерінің көтірілісі кезінде де Кәлен –соңғы айласы қалғанша ел алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қасындағы сарбасы үшін туған перзентін жау қолына тастап кететін дархан жаратылысы, оқшау жүректілігімен ерекшеленетін кесек тұлға.

Кәлен де, Еламан да заман талқысы қысқан шақта еркіндік іздеген жарлы қауымға көшбасшылық ететін халге жеке көңіл қалауымен емес, көпшілік тілегі, объективті заңдылықтар жасымен жетеді.  Сарбаздардың өзін хан сайлау туралы ұсынысына қайырған жауабында Кәленнің таң қаларлық қарапайымдығы мен халықтың тарихи, адамгершілік наным, сенімі арқылы әбден сіңісті болған сергек даналығы айқын көрініс береді. Еламан алғашқы сойқан қылығынан басқа жерде әрбір қадамын есепке алып, көп толғанып барып, бір амалға келетін сақ та байсалды. Кәлен – бар істі ашу-ыза үстінде тындырып салатын, кейінгіні ойлап, сары уайымға түспейтін, наркескендей өткір.

Жазушы штабс-капитан Рошаль, генерал Черновтың ой-толғаныс, тіршілік характері арқылы іштей іріп-шіріген Колчак армиясын қызыға суреттеп кететін тарауларда негізгі тартыс арнасын Еламан, Тәңірбергеннің олармен кездесу оқиғалары нәтижесінде қоюланта түседі.

Бас кейіпкердің түрік шекарасындағы соғыстан алған әсері қиын-қыстау кезеңдерде рухани күш, моралбдық жігер беретін елестер түрінде еске алынып отырады. “Тар жол, тайғақ кешудегі” Петров, “Ақ Жайықтағы” Яковлевтің прообразы іспетті Мюльгаузеннің дарашыл психологиясы, авантюристік әрекеттері де өмір шындығын әр түсті бояулармен нанымды өрнектеу өнеріне кепілдік берсе керек.

Әр түрлі алдамшы типтердің, арамза одақтастардың шылауында кеткен жігерсіз Колчак армиясы халықтың ғасырлар бойы қанында тулаған ыза-кек толқынына бере алмайды. Ақтық шамасы қалғанша  тістесіп өткен ақ гвардияшылардың қазақ даласында істеген қиянат-зорлығы елдің қатерлі жауға қарсы ынтымағын арттыра түседі.

Еламан үшін дәуір сапырылысы  айқын нәрсе болса, Тәңірбергенге ол жұмбақ. Қорқыныш, үрей ассоциациялары  таңданып, күдіктенуден, үміттенуден әлдеқайда басым. Тәңірберген тарихи-қоғамдық құбылысты діни-нанымдық фанатизм, сахара стихиясына ғана тән өмірлік қайшылықтар көлемінде бағалайды. Алайда әшейінде әдісқой, астыртын күрестің палуаны Тәңірбергеннің уақыт қаһарына қарсы шығар шарасы жоқ.

Трилогияда кескіндік анықтамалар мен пейзаж көріністерінің рөлі зор. Портреттің психологиялық айтарлары мол. Мысалы, романда Ақбала өңі, оның киім киісі, әдемі көзі, қалың шашы тәрізді негізгі сұлулық нышандары әлденеше рет қайталану арқылы соны жағдайлар табиғатына үйлес өзгерістерімен қамтылады.

Жазушы мезгілдік құбылыстарды көп жағдайда адамдардың ішкі сарайындағы толқындармен, тұрмыстық, мұраттық әуендермен желілес бейнелейді. “Қан мен тер” трилогиясымен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті үшін бұрын жан-жақты бейнелеу өрнегінен өтпеген Арал өңірі табиғатын өзіндік топографиялық ерекшеліктерін ашып кестеледі. Үлкен эпикалық полотнода теңіз стихиясы барша қатал сұлулығымен адамдар тағдырын, олардың кәсіп-тіршілігінің сипатын, арман-мұратын, сол жолдағы іс-әрекетін бедерлейтін көркемдік-эстетикалық фон ретінде шебер көрініс берді. Ә.Нұрпейісов шығармасындағы  ландшафт реңі кездейсоқ алына салмайды, олар әр кездегі қаһармандар ғұмыр кешетін ортаның тарихи-әлеуметтік болмысын танытатындай кейіпте, жан толқынымен бірлікте суреттеліп, жазушының заман, қоғам, өмір қайшылықтары жайлы астарлы философиялық ой-сезімдеріне рухани тірек болады.

Уақыт тағы өзгерді екен деп романды түзетуге салудың қажеті болмас еді. Бұл уақыт - өткен мен бүгінді екшей бағалайтын, әр нәрсені байыбына қарап бағалайтын уақыт. Көп мәселе тарихи туындыларды парасатпен зерделеуге байланысты. Саналы көзбен қараған жанға “Қан мен терде” мол шынайылық, суреткерге тән машық бар.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 70 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: