09:40
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ә.НҰРПЕЙІСОВ / ҚАН МЕН ТЕР

“Қан мен тер” трилогиясы (1-кітап – “Ымырт”, 1961; 2-кітап – “Сергелдең”, 1964; 3-кітап – “Күйреу”, 1970). Ә.Нұрпейісов – халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.

Ә.Нұрпейісовтің бас қаһарманы Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана адам ретінде сараптағанда кінәлауға  да болмайтын дағдылар Еламан жан дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі  жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс.

Фамилиясы да аталмайтын (әкесі – Науан) “қараңғы” Еламанның семьялық арнадағы тіршілік-тынысы – оның бүкіл адамдық тағдырын анықтаудағы, ар-ождандық ізденістерін, ашудағы негізгі тетіктердің бірі. “Қан мен тердің” тағы бір ерекшелігі халық бейнесін сомдауда елдің наным, сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілуі, жекелеген жандардың қоғамдық аренадағы орны мен тұрмыстық қалпын желілес суреттеу. Трилогиядағы психологиялық арна автордың әр от басындағы тіршілік дағдыларын кейіпкерлердің рухани өміріне тереңдеп бейнелеуден байқалады. Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штабс-капитан Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет ошағына дейін жіті назар сала, арнайы тоқталуды көреміз. Бұл әдіс роман қаһармандарына тиесілі әлеуметтік іс-әрекеттердің психологиялық түп-тамырын табуға, образдардың толыққанды сипатын ашуға тікелей жол бастаған.

Бір реттен М.Шолоховтың “Тынық Донын” еске түсіретіндей хал “Қан мен терде” Еламан – Ақбала – Тәңірберген жүлгесімен көрініс береді. Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағы, Тәңірбергеннің азап пен ар талқысында талықсуы – күрделі көркемдік-эстетикалық шешім.

Трилогияның сюжеттік-композициялық желілері де бір бағытта өрістегенімен, авторлық, лирикалық шегіністер роман оқиғаларын жаңа  сапалармен толықтырады, қаһарманның есею үдерісін (процесс) ашатын, белгілі әрекеттердің психологиялық дәлелдемесін дайындаушы мәнді детальдар қызметінде жүреді. Бұл орайда “Қан мен тер”, “Ботакөз”, “Тоқаш Бокиндегі” тәрізді алма-кезектесіп отыратын фабулалық  жүлгелерден гөрі “Ақ Жайықтағы” үзіліп, жалғасып отыратын, бір тартыстық арнаны екінші қақтығыстар арқауымен күрмей байлап, ілестіре дамытып отыратын күрделі композицияға құрылғаны аңғарылады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 79 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: