22:16
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.ТОРАЙҒЫРОВ / ҚАМАР СҰЛУ

“Қамар сұлу” романы – С.Торайғыров шығармашылығының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Онда қаламгердің қазақ қоғамы алдындағы кеселдерді әшкерелеумен қатар, оны жан-жақты бейнелеуге күш салғаны аңғарылады. Осы үшін ол жаңа формаға, күрделі жанрға барады.

1913-1914 жылдар роман жанрының қоғамдық санадағы орны, қызметі туралы әңгімелердің қозғалған шағы.

“Қамар сұлу” романына келгенде, көркем прозада С.Торайғыровтың біраз тәжірибесі бар. “Зарландым” (1912), “Ауырмай есімнен жаңылдым” (1913), “Қазақ ішінде оқыту жайы” (1913), “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913), “Өлең мен айтушылары” (1913) т.б. шығармалар жазушы қаламының көркем прозада да қарымды екенін аңғартты. Қаламгер орыс прозасының небір үлгілерін, М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романын жақсы білген.

“Қамар сұлу” С.Торайғыров шығармашылығындағы алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Оның поэмалары кейін жазылған.  Сондықтан да күрделі жаңа жанрдағы бұл романның қаламгер шығармашылығындағы алатын орны да ерекше. Романнан С.Торайғыровтың таланты, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік идеялары айқын көрінеді.

Кейінгі күрделі шығармаларында “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. қаламгер  үлкен идеяларды образға, жинақты бейнелерге көшіруге еркін барады. Ал 1915 жылы ел аузынан жазып алған “Сақып пен Жантұрсын”, “Жазықсыз тамған қан” аталатын шығармаларының үзінділерінде жазушының проза жанрындағы болашағы көрінеді.

Бұл роман да өмірде болған уақиғалар негізінде жазылған. Шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған.

С.Торайғыров қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсетеді.

“Бай деп, кісі деп Нұрымды айт. Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы” деп, шіркін ерледі ғой. Қамар секілді қосағаның тұс келуі сонысына қарай ғой. Ой, өркенің өссін! Алғаныңмен қоса ағар!” дегендегі Нұрым олардың сөзіндегідей қатарынан артық артық туған жан емес, ел ортасында “халқыңды қан жылаттың Жорға Нұрым” атанған ақсақ Нұрым. Сұлтанмахмұт осы психологияны астарлай да, тура да баяндайды. Романда сатиралық өрнектер мен ирония, публицистикалық әуендер қабат келеді. Жазушы өзінің ашу-ызасын туғызған қазақы тірлік келеңсіздіктерін ашына жазады, жымысқы психологиясын сынға алады. Әшкерелейді, ашынады.

Романда полилогтардың алатын орны өте зор. Әрі полилогтар пайдалану С.Торайғыров шығармаларында көркемдік-идеялық мәні бар үлкен тәсіл. Полилог арқылы қаламгер барша жолсыздықтарға жол беріп, көнбеске көніп, тамақ аңдыған надан топтың жиынтық бейнесін береді, әшкерелей жазады. Адамдық құқытарын, ар-намыстарын аяқ-асты етіп отырған әлеуметтік топтар жолсыздығына селт етпеген жандарға, бәрін біліп, қорлық пен мазаққа төзген, көнбіс халыққа бұл әдет пен халінің сұмдық сиқын көрсетеді. Сондықтан да ол дүние қызығын малға сатып аламын, мақсатқа да мал арқылы жетемін дегендерді де, оларға жол беріп отырған тамақ аңдушыларды да сынға алады. Осы топ портретін, психологиясын шеберлікпен жазады.

Романда Жорға Нұрым бейнесі талантты жазылған. “Бір олай, бір былай аунақшып, жарыла жаздап, булығып, анда-санда үйелеген өгіз секілді ыңырана түсуден басқаға шамасы келмей, ардақты күйеуіміз – Нұрым отырды”. “Ойбай!... не сұрайсың. Қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі! Бара салысымен “Ой, сабазың! Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар” деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан жаудырысып-ақ жатыр, Нұрым да “омин-омин” деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ, түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай  шегір көзі ақайып, жирен сақалы қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді”.

Романның бас қаһарманы – қалыптасқан характерлер. Алайда уақиға өрбуіне, тағдыр тартысына қатысты олардың ой-сезімдері, әрекеттері өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, Қамарға  жазған соңғы хаты (қоштасу хаты) қолға түсіп, басы дауға қалған Ахмет ат-шапан айыбын төлеп, енді Қамарға жоламасқа уәде беріп, алысқа қашса да роман соңында қорлық пен зорлықтан азап шеккен Қамарды көріп, оны қорлаушыларға қару жұмсайды.

Ахмет екеуінің арасы елге белгілі болғанда Қамар қатты күйінеді. Біржола күйрейтіндей күйге түседі. Мақтаулы қыздың ел аузындағы жеңіл әңгімеге қалуы – қазақ қызының психологиясы үшін сұмдық. Алайда, уақиғаға Жорға Нұрым араласқаннан бастап Қамар адамдық хұқы үшін ашық күреске шығады. Жорға Нұрымды мазақтап өлең шығарады, некесін қиюға келген молдамен айтысқа шығып оны жеңеді, бақсы-балгерлермен тартысқа түсіп, айтқанына қайтпай осы жолда қаза болады. Осы айтыстарында қазақ қоғамы мен қазақ қызы, надандық, дін туралы пікірлер жан-жақты қозғалады. Бұл эпизодтардың жасандылығы, ағартушы-дидактикалық мақсат, идеялар бірден байқалады. Оны көркем мазмұн мен форма, бейнелеу құралдары арқылы жететін әуенге көшірейін деген автор талпынысы  аңғарылмайды. Соған қарағанда, қаламгер оқушысына кейбір ойларын тура жеткізуді мақсат қылған. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: