21:33
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.КӨБЕЕВ / ҚАЛЫҢ МАЛ

С.Көбеевтің 1913 жылы Қазанда жарық көретін “Қалың мал” романы көпшілікке жақсы таныс шығармалардың бірі. Ол орта, арнаулы, жоғары оқу орындарына  арналған оқу құралдарының бәрінде жүйелі түрде сөз болады. Хрестоматияға енген.

Алайда романға арналған талдаулардағы басты назар бай-кедей арасындағы таптық тартыстарда болғандықтан, негізінен осы романның 1934 жылы екінші рет түзетіліп басылған нұсқасы ғана сөз болған. Алғашқы нұсқа бірен-саран зерттеушілер еңбектерінде ғана кездеседі. Ал олардың арасында айтарлықтай айырма бар.

Екінші басылымда С.Көбеев ресми идеология ыңғайына орай біраз түзетулер жасады. Алайда, романның көркем мазмұны сол қалпында сақталғандықтан соңғы түзетулер қаламгер күткен нәтиже берген жоқ, қайта көркем жүйедегі қайшылықтарды туғызды. Өйткені, роман жазылып, жарияланған 1911-1913 жылдар мен түзетілген 1933-34 жылдардағы қоғамдық ахуалы өзге еді.

С.Көбеевтің “Қалың мал” роман бізге қазақ романы құрылымындағы әлеуметтік мазмұн қызметін ашуға көмек береді.  Біріншіден, онда С.Көбеев тәрізді қазақтың ағартушылық-демократтық бағыттағы жазушыларының роман тәрізді көлемді прозалық шығарма келу жолы, мақсаты бар. Ол туралы қаламгер былай деп жазады:

“Надандыққа, феодалдыққа ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден бір жолы халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне әбден көзім жетті. Бұл күресте санаға күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінеді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім.

... Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап “Қалың мал” романын жазуға кірістім. Романды  себеп болған негізгі ойдың бірі – роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып,  мәдениетке талпынар еді деген қорытындыдан туды”. Қаламгер алдына қойған салмақты, келелі әлеуметтік осы мақсат шығарманың, мазмұны ғана емес, көркем құрылымына, поэтикасына әсер еткен.

Романның 1913 жылы Қазанда басылған вариантына тоқталуына және оның алғашқы және кейінгі басылымдары арасындағы айырма көркем жүйедегі әлеуметтік мазмұн ролін анық көрсетеді.

С.Көбеев революциядан бұрын жазылған романына 30-жылдары қайта оралғанда негізгі объектісіне жаңа көзқараспен келген. Сөйтіп, бүгінгі оқырманға жақсы таныс “Қалың мал” романындағы қақтығыс, елге тізесін батырып отырған озбыр бай – Тұрлығұл мен кедей тобы Медеу ауылы арасындағы таптық тартыс пайда болған. Контрасты стильде баяндалатын бұл қақтығыс 1913 жылғы “Қалың мал” романында өте солғын, онда бай-болыстармен, билердің момын елге істеп отырған қиянаттары ағартушылық-демократтық көзқараста ғана айтылады.

Тұрлығұлға Ғайша жайын айтып, Байғазы мен Құрымбайлар келетін уақиғаны еске түсірейік:

“Бұл келген, сол елдің: Байғазы, Құрымбай деген ақсақалдары еді, өздері және де бетіне жан келмейтін билер.

Елден шыққалы бір жетідей болып еді, ауылнай жағына барып келеміз. Сиязден, халық ішінде бір-біріне ауысқан-түйіскен бар, тоқты-тұрымдай жанжалдары бар сондайларды бітіріп, елде мұндай дау көп болар ма, халық бұзылып біткен ғой, Құрекеңнің пышағы май үстінде, қалтасы да толған шығар, деп Байғазы көзін қысып қалжыңдады. Құрымбай қасқырды қойға тимес деп ешкім айтпас деп қарқ-қарқ күлді”.

Олар осы келгенде Ғайшаның ғана емес, Есмұраттың келінінің деп тағдырын саудаға салып, Оны Жиенбайға ақшаға алып бермек болып уәделеседі.

Бұлардың осы қалжыңдары мен сөздеріне қарағанда айтқандары болмай қалмайтын тәрізді. Бірақ ел ішінде олардың жолсыздығына қарсылық көбейіп келеді. 1913 жылғы басылымда  осы қарсылық көріністері өте әлсіз, солғын болса, кейінгі басылымда негізгі желіге айналған.

Тұрлығұлдың үйінен Ғайшаны алып қашқаннан кейін оның артынан қуып барған Әбіш пен Байғазы пара беріп, сол елдің болыс билерін көндіргендей болса да, олар “қалың қараның” қарсылығынан жақсанып, Ғайшаны қайтара алмайды.

“Бұл ыңғайды көргесін кіли қара халық Қожаш жағына шығып, Ғайшаны бермеуге айналды, - деп жазады С.Көбеев, - Біздің елдің де, пәленше түгеншелердің де жесірлері кеткен деп, бұл қалыппен бес-алты күн тартысып көріп, істің аяғы зорайып бара жатқансын, есек дәмелі болып жүрген би, болыстар ақылына түсіп оңашада мәслихат етістілер: қой, былтырғы астан жаңа бір  аллалап есімізді жиып отырғанда, тағы да кісі өлімі болып, айдаладағы біреудің қатыны үшін он, бес сом аламыз деп басымыз кетер деп тоқтастылар”.

Үзіндіде би-болыстарға автордың көзқарасы айқын. Олардың жаңа заманды, заңды сезуі, халықтан қорқа бастауы аңғарылады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 95 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: