14:29
Ұлы Даланың рухани жауһары

І.ЕСЕНБЕРЛИН / КӨШПЕНДІЛЕР

“Қаһар” – “Көшпенділер” трилогиясының 3-ші кітабы. Автордың алғашқы кітаптан бастамай, трилогияның соңғы бөлігі “Қаһардан” бастауында мынадай себептер бар секілді. Біріншіден, суреттеліп отырған кезең біздің дәуірімізге біртабан болса да жақын, тарих тасасына дидарын жасырып үлгермеген. Екіншіден, ел ішінде ізін суытпай аңызға айналып, халық жадында жатталып, жазылып қалған тарихи оқиға мен нақты адамдар тағдыры авторды қызықтырған. Сондықтан соны жазуды діттеген. Үшіншіден, Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы осы ғасырдың 30-50-жылдары біршама зерттеліп, ғылымда бағасын алған еді. Сонымен қатар ол жайында жазылған еңбектерді саяси орын түгел отқа жаға алған жоқ. Яғни қолына түсіп, жинақталған материалдар жазушыны шабыттандыра түскені шындық.

Бұдан соң автор көп ұзамай трилогияның бірінші кітабы “Алмас қылышты” (1971) жарыққа шығарды. Ортадағы дәуірді орағытып оқырман көңіліндегі дүдәмал сұрақтардың жауабын беретін қазақ хандығының отау тігіп, қалыптасу кезеңін бейнелейтін дәуірді ХҮ ғасырға аттап кетуі тегін емес. Бұл орайда оқырманды эстетикалық ләззатпен еліте отырып, оларға танымдық ғибрат беру автордың негізгі ойы еді.

“Жанталас” романында “Алмас қылыш” пен “Қаһар” романдарында суреттелген тарихи кезеңді жалғастыратын аралық дәуір оқиғаларын шежіреленген. Сөйтіп, қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХҮ-ХІХ) көркем хроникасын жасаған. Сол арқылы өзінің қаламгерлік үлкен арман-міндетін І.Есенберлин қазақ халқына өзін-өзі таныту, жас ұрпаққа өткен ата-бабалары жөнінде мағлұмат беру мақсатын орындап шықты.

Автор хандық дәуірге лайық тақ таластарын әр қырынан ала отырып, шығармасын жалаң, жасанды тап тартысына құрудан бой тартады. Керісінше, қазақ халқы өміріне тән рулық тартыстың астарларын ашуға тырысады. Есенберлин трилогиясында Асан қайғы, Бұқар, Нысанбай сияқты атақты жыраулардың, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды тарихи тұлғалар, аттары бүкіл қазаққа мәлім билердің,  ондаған өнер адамдарының жарқын бейнелері қатар түзейді.

 “Алмас қылыш” пен  “Жанталас” негізінен “Қаһарда” суреттелген кезеңге дейінгі тарихи оқиғалар баяндалған.

Әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) кезінде ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы “Алмас қылышта” қым-қуыт оқиғалар тізбегі арқылы суреттелген. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген қазақ хандығы да оңай бой түзеп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талау азулы ел билеушілермен ырғасып, жаға жыртысуға тура келді. Орта Азияның ұланғайыр жерін тоқымдай тілгілеп жеке-жеке иемденген шағын хандықтармен алысу, көшпелі алтындай біресе ол жағына, біресе бұл жағына ауысқан көне қалалар мен шұрайлы жерлер елді талай сынға салып, тезден өткізді. Сондықтан да “Алмас қылыштағы” оқиғалар желісі тым қою, сюжеттік желісі шытырманды, бұралаңы көп. Алма-кезек ауысқан хан-сұлтандар, олардың арасындағы қым-қуыт соғыстар қаншама. Тарихи зерттеу, архивтік мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым  сұлтандар айналасына топтастыра жинақтауға тырысқанын байқаймыз. Алайда, автордың деректік мағлұматтарды тым көп кірістіру мақсатынан туындаған олқылықтарды жоққа шығаруға болмайды.

“Жанталас” – Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының Жоңғар, Орыс, Қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді.

Роман “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атаумен қалған ұлы қырғын – жоңғар шапқыншылығын сипаттаудан басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп ел көсемі болған Абылай ғұмыры халық, ел тағдырымен бірлікте баяндалады. Алайда, Абылайды идеал қаһарман ретінде көрсетуден іргесін аулақ сала отырып, жазушы ханның күрделі характерін аша отырып, халық тарихының көркем шежіресін жасауды мұрат тұтады.

Өзі сияқты көшпенді халық Жоңғар озбырлығынан елін аман алып шығуға қол жеткізгенмен, Абылай үшін қиындық туғызған батыс пен шығыстағы екі көрші еді. Міне, Абылай осы екі алып көршінің түпкі ойын қалай жүзеге асырмаудың жөнін таба алмай “жанталасады”. Бұл орайда жазушы негізгі шешімді халыққа қабылдатады. Халықтың айнымас қамқоры Бұқар жырау осы қалауды Абылай ханның құлағына әр кез салып, ескертіп отырады. Ол – орыс еліне арқа сүйеу, орыс мәдениетіне қол созу. Осы тілекті ескергендіктен де халық құрметіне ие болады. Автор бұл дүниеден көшіп бара жатқан Абылайдың аузына да осы идеяны өсиет етіп салады. (жағасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 88 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: