07:00
Ұлы Даланың рухани жауһары

І.ЕСЕНБЕРЛИН / КӨШПЕНДІЛЕР

Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек.

Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі “Көшпенділер” трилогиясы еді.

“Көшпенділердің” ең алғаш жазылған бөлігі “Қаһар” 1969 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1970 жылғы, 5,6 сандарында “Хан Кене” деген атпен жарияланған.

Трилогияның бірінші кітабы болып табылатын “Алмас қылыш” романы тұңғыш рет 1971 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. 1974 жылы Москваның “Молодая гвардия” баспасынан “Загаворенный меч” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.

Тарихи трилогияның екінші бөлімі “Жанталас” романы бірінші рет 1974 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында “Отчаяние” деген атпен басылды. Москваның “Известия” баспасынан 1974 жылы орыс тілінде шықты. Үш роман біріктіріліп “Көшпенділер” деген атпен алғаш рет 1976 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде, Москваның “Советский писатель” баспасынан 1978 жылы, “Художественная литература” баспасынан орыс тілінде басылды.

Трилогияны орыс тіліне аударған – Морис Симашко. Сондай-ақ “Көшпенділер” трилогиясы 1983 жылы Польшада 1986 жылы Венгрияда басылды. “Көшпенділер” трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, ХҮ-ХІХ ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Оқиға бүгінгі шекаралық аймақ тұрғысынан қарағанда Алтайдан Атырауға дейінгі шығыс пен батыс аралығы Батыс Сібір ойпаты мен Самарқанд пен Сырдарияға дейінгі солтүстік пен оңтүстік аралығын қамтитын  географиялық аймақта өтіп жатады.

Шығарма кейіпкерлері ретінде негізінен тарихи тұлғалар, Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ  мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

“Көшпенділер” трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді,  қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.

“Көшпенділер” қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі  беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі-коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жатқанына тарих куә.

Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған.

Былайша айтқанда Ілияс Есенберлин халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді. Уақыт сабақтастығын жіті тани білген жазушы тарих тұңғиығына бойлап, ұлт тағдырының, халық қасіретінің қилы кезеңін суреттеу арқылы бүгінгі күннің міндеттері мен ертеңгі күннің бағыттары туралы ой сілеміне жетелейді. Ең әуелі қазақ әдебиетінің, онан соң әлемдік әдебиеттің тарихи тақырыпты игерудегі мол тәжірибесін, игі дәстүрін жинақтай отырып бір кездерде, революция жылдары Алексей Толстой “Бірінші Петрді” жазғаны, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан сұрапыл жылдарда Мұхтар Әуезов Абай туралы роман-эпопеясын жаза бастағаны сияқты, өзге кейбір әріптестері коммунистік партия туралы әсіре мадақ одаларын жазып жатқан шақта Ілияс Есенберлин хандық дәуір тарихына қалам тербеді. Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадады.

Әдебиетіміздің арғы-бергі тарихында ұлы сахарының бірде құландай тулап, бірде ұлардай шулап қалған алмағайып тағдырын Ілияс Есенберлиндей азаматтық қажырмен, суреткерлік қуатпен толғаған жазушы болған жоқ. Егер шындыққа жүгінсек жазушы ерлігіне берілген бағадан гөрі берілмек баға әлдеқайда салмақтырақ болуғы тиісті. Халық тарихындағы хронологиялық заңдылық дегеніміз жыл санауға ғана тәуелді емес, ол – Сананың ел рухымен үн қатысып, адами армандармен матасуына, сөйтіп кешеден келген бүгіннің “генетикалық” арқауына шындық пен әділдіктің, ерлік пен батырлықтың, ар мен ұяттың, бірлік пен бірегейліктің нұрлы шуағын себер сәттеріне байланысты.

Ол жылдары тарих пәні тек оқу пәні ғана емес, кеңестік компартиясының қолындағы негізгі саяси құрал болды. Көптеген партия мемлекет қызметкерлері тарихшы мен тарих бойынша  ғылыми атақ алуды өздерінің борышы деп есептеді. Бүкіл тарихи шежіре біріншіден соңғы бетіне дейін коммунистердің  тиянақты әрі қырағы идеологиялық редакциясынан өтті.

Сол кездегі тарихи жағдай, халықтық сұраныс жазушы жанын толқытып, “Қаһар” сияқты тарихи дәуір келбетін бейнелейтін романды жазуға итермелегені заңды еді. (жағасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 84 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: