21:01
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ.НАЙМАНБАЕВ / КӨКТӨБЕ

Кезінде “Көктөбе” алпыс мың тиражбен де шықты. Және тез тарап, тез өтіп кетті. Ал, қазір алты мың тиражбен кітап шығару – қол жетпес арманға арналды.

Мұның бәрін айтып отырғанымыз, өткеннің сағынышы емес, роман-дилогияның өмірге келген кезеңінен қысқа бір елес.

Жазушылар шығармаларын жарысып жазды. Бұл бәсеке – жақсы бәсеке болатын. Кісіні ылғи қамшылап отыратын. Соның арқасында өмірге небір татымды дүниелер келді. Шындығын айтсақ, жоғарыдағы кезең, яғни сол отыз жыл қазақ әдебиетін кеңінен танытқан кезең еді. Алтын ғасыр демей-ақ қояйық, ал, күміс белес болғаны анық.

Жалпы, не нәрсені болса да шектеушілік, кісінің іштей қарсылығын туғызатыны сияқты, партиясыз ас батпайтын кезең, әсіресе, жазушы жұртты ізденіске итермеледі. Қиыннан қиыстырып жазуға жетеледі. Қаламгерлер қыспаққа түскенмен де жол тауып,  тың ойларын жұртқа жеткізіп жатты. 

Міне, тәуелсіздігімізде он жылдан асты. Бұл шындап келгенде біраз уақыт.  Ал, осы уақытта жазушы жұрт қандай керемет шығармалар жазды? Ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ-ау. Неге? Бостандық алдық. Шектеп жатқан, қолдан қағып жатқан ешкім жоқ. Сонда бастан кешіріп отырған заман туралы татымды туынды қашан шығады? Қанша сұрау салғанмен ондай шығарма жуық арада дүниеге келе қоймас. Өйткені, біз бұл заманды күні бүгінге дейін ұғып болғанымыз жоқ, електен өткізуге әлі ерте. Қазір шытырман оқиғалы бірдеңелер  жазуға (детектив) болар. Ал, кеңінен көсілу қиын. Бұл жерде, әрине, тарихқа тереңдеп кеткендер туралы әңгіме жоқ. Тарихқа бұрын да көп жүгінгеміз. Енді шын зерттеушілердің күні туды. 

Ендеше, біз әдебиетіміздің өткеніне әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жетістігімізге ерекше назар аударуымыз қажет. Өйткені, бүгінгінің көп нышаны сол кешегі күннің шығармаларында бар. Тыңнан түрен салатын емес, өткеннің жақсы дәстүрлерін жалғастырса жөн болар.

Роман-дилогияға қайта оралайық. Осы туындыны жазушы бірнеше әңгіме-повесть ретінде бөлек-бөлек жазған. Оның екі-үшеуі мерзімді баспасөзде жеке шығарма ретінде де жарық көрді. Әрине, сюжет бір, кейіпкерлер бір. Тек, әр тарау өзінше бөлек. Ал, бәрі қосыла келгенде, басқаша бір бүтін  көркем дүние шыққан. 

Қазір қарап тұрсаң, ауыл туралы күдік шынға айналып бара жатқан сияқты. Неге екенін, ауыл алыстап барады, бізден. Жер емген жұрт қалаға жосылып жатыр. Жалпы, әлемдік танымға да, тәжірибеге де қарасақ, дамыған, төрт жағы құбыла елдердің көбі осындай аласапыран дәуірді бастан өткізді. Еңсесі биік көрінетін Еуропаңызда талай қыстақтар бос қалған. Қайбір елдің болмасын өсу, өркендеу жолында мұндай кезең болған. Әлі де болып жатыр.

Ал, Қазақстан да осыны бастан кешіріп отыр. Бұл шындық. Тек, біздің ұлттық болмысымыз бұл бұрылысқа төтеп бере ала ма? Өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиетке келіп, талай-талай татымды шығармалар жазған ақын-жазушылардың түгелге жуығы ауылдан келген болатын. Олардың туындыларындағы басты тұлға да сол - ауыл адамдары. Сонда біз туған жерді қалай ұмытамыз?

Қазақи ұғымға келетін болсақ, ұлттық болмысымыз туралы сөз қозғайтын болсақ, ауылды айтпай отыра алмаймыз. Өйткені, қазақ үшін ауыл – қасиетті табалдырық. Әрбір қазақ үшін ауылдан ыстық жер жоқ бұл дүниеде. 

Ал, қайталап, айтсақ қазір ауылдан күй кетті.  Ауылды арақ жайлап барады. Ауылда немқұрайлылық, немкеттілік төрге шықты.  Әрине, көпке топырақ шашып отырғанымыз жоқ. Әйтседе, романдағы жан айқай әлі сол жан айқай. Ауылда Жұрынбайлар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Бастықтың есігін теуіп ашатын алпауыттар бүгінгі байлығын маңдай терімен тапқан жоқ. Өтпелі кезеңде орайын тапқандар. Ауылдағы Жұрынбайлардың қазіргі қулығына найза бойламайды. Бұрынғы ортақ меншіктегі жер, мал, құрылыс, техникалық құрал-жабдықтар солардың қолына тегін тиді. Ал, осы талапайдан ұлтарақтай жер тиген кембағал ағайын қаржы болмағандықтан сол болмашының өзін игере алмай отыр.

Ал, ел, жер деп еңіреген Тұрарбектер ше? Әлі еңіреп жүр. Ертерек “оңы-солын таныған” оның көп қатарлары Жұрынбайларға ілесіп кетті... Байып алып, басқа әнге көшті. Сонда мұны  қалай түсінеміз? Ауыл азып бара жатқан жоқ па? Апырай, ауыл азса, қазақ қазақ болудан қалмай ма? Тамыры  шіріген ағаш сияқты күндердің күнінде опырылып түспей ме? Жоқ, ол күндерді құдай бізге көрсетпесін.

Мүмкін емес, ауылдың азуы мүмкін емес. Қазақ үшін ауыл – қара шаңырақ, алтын бесік! Ендеше, ауылдан айрылмауымыз керек! Қалай, қайтіп? Роман-дилогияның авторы ойландыратын - осы сұрақ. Кезінде қаламгерлер  ауыл құриды деп жаза алмады. Жазса, су түбіне кетер едік. Сондықтан күдігін, жүректегі жарасын бүркемелеп айтты. Ертең ауылға ие болатын осылар деп Тұрарбектерге сенді. Көкейдегі күдікті жанамалап болса да солардың аузымен жеткізбеді.

Бүгін осыны ойлағанда “апырай, жазғаны жақсы болған екен” деп шүкіршілік етесіз. Өйткені, қазақ қазақ болғалы қаланы некен-саяқ салса да, зәулім сарайларға сақтықпен қараса да, ұшы-қиырсыз даланы қолдан бермеген. Сол жолда қан төккен, тер төккен. Көп қазақтың күні бүгінге дейін қалада тынысы тарылатыны сияқты. Жас келіннің отауындай шаһар төрінде үлде мен бүлдеге оранып отырса да даланы аңсайтыны, ауылды сағынатыны да рас. Ендеше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігін толғаған роман-дилогия бүгін де қазақ әдебиеті дейтін дінаман лектің қатарында.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 91 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: