12:33
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ЗЕКЕНҰЛЫ / КӨК БӨРІЛЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Романның “Көк бөрілердің көз жасы” деп аталуының өзі де содан дерек береді. Неліктен батырлықтың, тағылықтың символы болған дала көк жалы көзіне жас алуы керек? Оның басына не күн туды? Қадым заманнан қыр даланың иесі де, киесі де өзі болып емін-еркін жүргенде өзінен зорға кезігіп, мәңгі бауыр басқан ұйық жұртынан айырылса, бөлтіріктері жөргегінде тұншықса, күндіз-түні бір қалмай қыр соңынан салбуырын түссе, ол жыламағанда кім жылаушы еді. Демек, көк жал екеш көк жал да тұмсықтан қағылар, жаны жараланар күн болады екен. Ол бастағы дәуреннің тайғаны дерсіз. Ендеше, бөрілі байрақ көтеріп, Орқынды орталық еткен наймандарды көк бөрі киесімен өмір сүрген көне түріктердің өзі емес деп кім айтады. Демек, көк бөрілердің ауызын айға білеуі, көзіне мөлдірете жас алуы түркі баласының ендігі тағдырының алмағайып болатындығын меңзейді. Наймандардың Орқыннан аууы – түркі баласының бұл мекеннен соңғы рет кетуі еді.

Романның оқиға желісі ХІІ ғасырдың 90-шы жылдарындағы Найман, Керей хандығындағы ішкі билік тартысынан басталады. Бұрыннан өзге елдерге күш-қуатымен, байлығымен аты шыққан бұл мемлекеттердің ішкі алауыздығы сыртқы жаудың өктемдік жүргізуіне таптырмас орай болғаны тарихи шындық еді. Мысалы, Найман ханы Иманыш Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін оның балалары Таян мен Бұйрықтың арасында болған тақ таласы, соның нәтижесінде бүкіл ұлыстың екіге бөлініп кетуі, Керей Оң ханның інісі Еркеқарамен болған күрестері түбінде бұл екі хандықтың жойылуына жол ашты. Бұл кезде Меркіт ұлысының қияттарымен болған өштігі де ұзақтан бар ата кекке айналып еді. Романда алдымен Шыңғысханның өз әкесі Ясукей кезінен қалған достық қарым-қатынастан тиімді пайдаланып, Керей Оң ханды өз жағына қалай тартқандығы, сөйтіп оны наймандарға қарысы қалай қайрап салғаны сөз болады. Бұл барыста Оң ханның әрі-сәрілігі, көңіл күйіндегі толқулары шебер суреттеледі. Бұл кезде найманның Бұйрыққа қарасты батыс бөлігі олардың тегеурінді шабуылына ұшырайды. Нәтижесінде Найманның мемлекет қуаты зор дәрежеде әлсірейді. Осы оқиғадан соң Бұйрық және Жамұқа бастаған монғолдарға қарсы одақтың шабуылы сәтсіз аяқталады. Есесіне Монғол күшейіп, өз одақтасы Оң ханды тақтан тайдырып, ұлысын тартып алады. Бұдан тіксінген Найманның таған ордасы Уақ ұлысымен бірлесіп шығыстан төнген қауіптің алдын алмақ болады. Бірақ Уақтардың қағаны Алақұс-тегін Таян ханның бұл ұсынысынан бас тартып, өз еркімен Шыңғысханға беріледі. Ендігі жерде тек өз күштеріне ғана сүйенген наймандар Таян хан мен Көксау Саурық батырдың басшылығында Шыңғыс қолына қарысы аттанады. Екі жақтың кескілескен шайқасы 1204 жылы көктемде Орқын өзенінің шығысындағы Қаңғархан тауында болады. Сол соғыста батыс бөліктегі наймандардың қолдауынсыз қалған Таян хан мерт болып, әскерінің басым бөлігінен айырылады. Талай жыл қол бастаған қарт батыр Көксау Саурық та сол соғыста қаза табады. Тек хан ұлы Күшлік ғана азғана әскерімен қоршауды бұзып шығып, Орқын мен Ханғай тауындағы бейбіт жұртты Алтайға қарай көшіреді. Ол Алтайға жетісімен ел-жұрттың бүтіндігі үшін хандық тақты әкесінің інісі Бұйрыққа өткізеді. Бұйрық та оның бұл әрекетіне іші жылып, Меркіт және бір бөлім Керей қолымен бірлесіп шапқыншылыққа қарсы күреседі. Алтайдағы соғыс бір жылға жалғасты. 1205 жылдың көктемінде Бұйрық соғыста қаза тапты. Ел тізгінін қайтадан қолына алған Күшлік қарсылық күрестерін Меркіт ханы Тоқтабекпен тізе қоса жүргізді. Ақыры монғолдардың тегеуірінді шабуылына шыдай алмаған олар Ертістен өтіп Тарбағатйға қарай шегінеді. Бұқтырма бойындағы үлкен шайқаста Тоқтабекке оқ тиіа, өлім аузында жатқанда балалары Шылауын мен Қолтуған әкесінің басын кесіп алып өздерімен бірге ала кетеді. Мақсат - әкесін жат жұртқа қорлатпау еді. Ертіс пен ата мекен Алтайды жау қолына тастап шыққан жұрт сол жылы қыста Тарбағатайды аса, Жоңғар құмын жағалай қыстайды. Олардың алды Еренқабырға бойлап, Боғда тауына, Бұлыңғыр (Тұрпан) етегіне дейін барады. Бірақ Шыңғыс ханға әлдеқашан тізе бүккен Бұлыңғыр патшасы Баршұқ олардың адамдарын қамап, зорлық-зомбылық көрсете бастайды. Бұлардан қайыр болмаған жағдайда наймандар мен меркіттер енді Жетісуды жайлаған қауғырастармен (Қара Қидан мемлекетімен) одақ құрды. Осы одақтан сескенген Шыңғыс хан он үш жыл бойы Жетісуға аттап баса алмады. Бұл аралықта қауғырастар ханшасы Күнкемен көңіл қосқан Күшлік олардың патшасы Желегуден билікті тартып алған еді. Ендігі жерде Күшлік үшін Хорезм шах Мұхаммет пен және түстіктегі Алты шаһар мұсылмандарымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тура келді. Бірақ бұл қатынасты өз пайдаларына асырғысы келген ол елдер ылғида қулық-сұмдықтан ары аспады. Болашақта монғолдардан болатын басты қауіп ол одақтастарын толғандырмады. Олармен болған қарым-қатынаста Күшлік те қаңқызбалыққа жол берді. Соның салдарынан оның Жетісудағы қазақ тайпаларын бастап, Шыңғыс шабуылына қарсы жүргізген күрестері ақыр аяғында сәтсіз аяқталды. Бірақ ол Шыңғыс қолын жиырма жыл бойында Арқастан ары тосқан айтулы қолбасшы ретінде тарихта қалды. Романның соңғы тарауында Шыңғыс басқыншылығынан кейінгі кездегі қазақ ұлыстарының қайталай бірігуі, Жошы мен Шағатайдың Қазақ даласына хан сайлануы, Шыңғыс ханның өлімі т.б. жайлар сөз болады.

Құрылысы жағынан тұтас роман жиырма екі тараудан тұрады. Онда тарихта аты белгілі айтулы тұлғалармен қоса, шығарманың көркемдік шырайын арттыру үшін ойдан жасалған кейіпкерлер де кездеседі. Кейіпкер монологі, табиғат суреті, образдау, кейіптеу тектес көркемдік амалдар кең қолданылған. Бірақ жалпы оқиға желісі тарихи шындық аясында өрбиді. Сондықтан оны жазуға негіз болған сол дәуірге қатысты сенімді жазба деректер мен аңыз-әңгімелер, қария сөздері, батырлық жырлары, көнеден қалған жер-су аттары, түрлі кесенелер мен тас ескерткіштер еді. Оқиға желісінің қарапайым, шынайы әрі ұлттық бояуының қанық шығуы да автордың ұлттың тарихи дүние танымы мен бітім-болмысын, әдет-ғұрпын, тіл мәнерін терең зерттегендігінің нәтижесі.

Сондықтан бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар легінен өз лайығында орын алып отыр. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 113 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: