12:29
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ЗЕКЕНҰЛЫ / КӨК БӨРІЛЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

“Көк бөрілердің көз жасы” атты тарихи романның алғашқы тараулары 1991 жылы-ақ қағаз бетіне түсірілді.  Бірақ, кейін келе көші-қон және жаңа ортаға бейімделу сынды түрлі себептермен оның жалғасы 1999-2000 жылдары ғана жазылып бітті. 2001 жылы Қазақстан республикасы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан өткізілген тәуелсіздіктің он жылдығына арналған жабық әдеби конкурста аталмыш шығарма бас жүлдені жеңіп алды.

Романда жалпы 50-ден астам негізгі және қосымша кейіпкер бар. Олардың негізгілері: Таян хан, Бұйрық хан, Құба-текін, Күшлік, Кетбұға, Тұғрыл хан, Сангүн, Жақамбы, Қадақ, Шыңғыс хан, Жамұқа, Жалаңаш, Кербезі сұлу бегім, Майқы би, Құншақ, Мұқали, Жебе, Тоқтабек, Шылауын, Қолтуған, Көксау Сауырық, Жоқұнан, Сәуке қарт, Ұлтуғаш, Сарал, Гөрхан, Күнке, Сани-Баян, Абусағит, Алаудин Мұхамет, Жошы, Хорезм шах Мұхаммет, Түркен қатұн, Тухадж, Арсылан хан, Баршұқ, Ғұсмайыл; Қосымша кейіпкерлер: Құлан қатұн, Көлсуат, Тетіксал, Тататұнға, Алақұс-тегін, Махмұт тай, Тазша бала, Теб-теңгір бақсы, Қасар, Сорқын Сары, Меңлік қарт, Айшық, Өсімті, Абашы, Ардемген, Дәру сал, Әрін сал, Түңке сал, Баян сал, Тағай, Шөгей, Омар Оғұл, Арыс Инал, Сұнақ-тегін, Сенгеле би т.б.

Роман ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс басқыншылығына байланысты туындаған айтулы уақиғаларды тарихи артқы көрініс (фон) еткен. Сол арқылы автор ХІІ соңы мен ХІІІ ғасырдың басындағы 20-30 жылдық кезеңдегі оқиғаларды көркем сөз құдіреті арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан. Бұл жолда жазушы халқымыздың басынан өткен сол бір уақиғаларды тек қатып-семген академиялық зерттеулерден гөрі, жалпыға бірдей ұғынықты және көркем образдар жасау жолымен жеткізуді әлде қайда ұтымды деп санағаны байқалады. Бұл ең әуелі әлем әдебиетінде пайда болып, кейін келе туған әдебиетімізде қалыптасқан үрдіс. Сол жолда өзіндік қолтаңбасы бар жазушыларды үлгі тұтқан автор оқиғаларды әдейі тыңнан іздейді. Қазақ тарихи романдарының хронологиялық шеңберінен алып қарағанда бұл туған әдебиетімізде  әлі де қалам тартылмаған соны тақырып болатын. Бұл ретте автордың көркем образдар жасауға өздігінен сұранып тұрған сол тарихи тұлғалар мен оқиғаларды дер кезінде байқап, қаламына іліктіре білгені, көркем образдарды сәтті сомдауы шығарманың оң бағалануына әсер етті. Бұл тақырыпты аттап өту-түбі қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының толық қанды тұлғалануына салқынын тигізер еді. Тарихта орыс, француз, қытай, т.б. ұлт әдебиеттерінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жайлы жазылған тарихи романдар легінің бар екенін ескерсек, бұл тақырыпта жазу қазаққа да жат емес-ті. Өйткені дүниені дүбірлеткен сол оқиғалар Қазақ жерінен басталған-ды. Соның бәрін көзбен көріп, Шыңғыс ханмен дос та, қас та болып қатар өмір сүрген тарихи тұлғалардың көбі дерлік қазақтың ата-бабасы болатын. Ендеше, олардың тікелей ұрпағы есептелетін бүгінгі буынның туған тарихы туралы тебіренбеуі, қолына қалам алмауы мүмкін емес еді. Сондықтан, романның бұдан алдын өзге тілдерде жазылып келген Шыңғыс хан тақырыбындағы шығармалардан бір өзгешелігі қазақ тарихына мейлінше жақындығы. Егер, әлем әдебиетінде аталмыш тақырыпта жазылған шығармалардың бәрі дерлік Шыңғыстың жеке басын және оның сырт елдерге жасаған шапқыншылығын, ұлдарының іс-әрекеттерін кең масштабта баяндауды мақсат етсе, мұнда Шыңғыс хан тек оқиғалардың тууындағы себепші фактор ғана. Оның есесіне сол кездің өзінде-ақ мемлекет дәрежесіне көтерілген қазақтың Найман, Керей, Меркіт, Уақ, Үйсін, Дулат, Қыпшақ, Қарлық ұлыстарының шапқыншылықтан бұрынғы және кейінгі кездегі саяси өмірі сөз болады. Бірақ, бұдан Шыңғысхан қазақ өмірінен мүлде оқшау қалады деген ұғым тумайды. Керісінше, Шыңғысқа қатысты тұстар қазақ өмірімен, сол кездің әлеуметтік-саяси бет-бейнесімен жымдастыра суреттеледі. Шыңғыстың саяси белсенділігінің шапқыншылық сипатына қарамастан, ол кезде Қыдырхан тауларынан Еділ бойына дейінгі байтақ даланы мекендеген көшпелі халықтардың ұлттық менталитеті негізінен ұқсас болатын. Оларды тек айырым этникалық белгілері ғана парықтандырып тұратын. Осы белгілермен қоса саяси мүдделер оларды бір-бірінен тәуелсіз мемлекеттік құрылымға топтастырған-ды. Сондықтанда а дегенде бұл тайпалардың біразы Шыңғыс шапқыншылығына батыл қарысы тұрды (Найман, Меркіт). Кейбірі оның “достық” саясатының шапқыншылық сипатын сезбей қалды (Керей, Уақ, Қарлық). Ал. Монғол жорығы өз дегеніне жеткеннен кейін жоғарыдағы жақындықтардың әсерінде қазақ тайпалары бірінші болып Шыңғыс қоластына сәтті біріктірілді. Бұл ұлан-ғайыр даладағы қазақ ұлыстарының саяси-этникалық тұрғыдан одан сайын бірігуіне жол ашты. Шығармада мұның бәрі өз лайығында орын тепкен. Романда сөз болатын геотарихи аумақ Орқын мен Қарақұрым тауына дейін созылып жатқан байырғы Қазақ даласын тұтасымен қамтиды. Сол арқылы автор Шыңғыс шапқыншылығы салдарынан қолдан кеткен ата қоныс – Орқын бойын еске салады. Өйткені бұл өңір сонау түркі заманында-ақ қазақтың арғы ата-бабалары ту тіккен қордалы қоныс болатын. Заманымыздың ХІІІ ғасырына дейін сол көне қоныста әлем бірдей таныған Найман, Керей мемлекеттері өмір сүріп келіп еді. Жойқын шапқыншылық оларды тәуелсіздігінен ғана емес, мың жылдар бойы тарихын тасқа қашаған ата қоныстарынан да айырды. Шыңғыс шапқыншылығының қазақ тарихы үшін оңды ықпалы болды деп қараған күннің өзінде де бұл ұмыт қалуға тиіс емес.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 98 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: