20:26
Ұлы Даланың рухани жауһары

Н.ҒАБДУЛЛИН / ЖІГЕР

Мәуия көктемгі егіс, шөп шабу, егін орағы сияқты негізгі жұмыстар мен шаруашылықтағы қосалқы жұмыстардың барлығын игеріп әкетеді, колхозшыларға рет-ретімен жұмыстар бөліп берді. Даладағы жұмысқа шыққысы келмейтін Мәуияның нағашы апасы болды. Ол туыстығын бұлдап, әрі үш балалы әйелмін, осындай суықта далаға көшіп баратын жағдайым жоқ дейді, оған Мәуия, елдің басындағы жағдайдың қиын екенін айтып, егер жұмысқа шықпаса, туыстығына қарамай, жаза қолданатынын айтады. Осындай бригадирдің ауыр жұмысын атқарып, үйдегі оны-мұны шаруаларды реттеп, күнде кеш жатып, ерте оянады. Сондай күндердің бірінде, түнде терезе тырсылынан оянып кетеді. Терезеге барса әскери шинель киген, иығына асқан жол қапшығы бар әскери адамды көреді. Ол: “Сейтақтың үйі осы ма?” – деп сұрайды. Дауыс таныс секілді, есікті ашса баяғы Мәуия мен Хайдардың Сейтаққа жолығамыз деп К. Қаласына арнап барған сапарында екеуіне Сейтақтың жөнін айтқан Жәнібек екен. Жәнібек Сейтақтан қара қағаз келгенін білмейді, оған Жақып ақсақал естіртеді. Жәнібек ол үйде көп тұра алмайды да, ауыл шетінде тұратын жалғыз үйлі украин шалы Корней қарттың үйіне орналасады.

Мәуия қос басында жүргенде Маржанкүлдің кішкентай қызына суық тиіп ауырып қалады, Мәуия өзі мініп жүрген атын беріп, дәрігерге жіберіп, ауруханаға жатуына көмектеседі. Өзі үйіне кеш жетіп келе жатып, баласын ойлады, аяғын тәй-тәй басып қашан жүреді, “тез өсші, тез ер жетші” деп ойланып келе жатқанда, жолдың жиегінен қараңдап қозғалған біреудің тұлғасын көреді, сөйтсе Жағыпар екен. Ол Мәуияға деген көңілін білдіреді. Мәуия оны атымен қаға, жауап бермей өте шығады. Мәуияның жауап бермегеніне дәмелі болып қалған Жағыпар түнде Мәуияның үйіне келеді, Мәуияның терезесінің шам жарығының өшуін күтеді, келіншектің өзімен кездесуге сыртқа шығады деп ойлайды. Тағаты таусылған ол үйдің терезесіне қарай жақындай бергенде, оң жақ бұрыштан ит ырылдап жібермейді. Ертесіне балалар ши түбінде өліп жатқан қара төбетті көреді.

Жәнібек пен Корней шалдың арасындағы қарым-қатынас достыққа, туыстыққа ұласады. Жәнібек колхоз бастығы Таутанға барып, өзіне жұмыс беруін сұрайды. Таутан оны өзіне орынбасар етіп алады. Жағыпар Таутанды қонаққа шақырып, көзіне түсіп, сол орыннан дәметіп жүретін. Екеуі ол Жәнібектің соңына түсіп, қаңғып келген жетімнің ініне су құю керек деп ойлайды, ол жай келген жоқ, Мәуияның соңынан келді деп тұжырымдайды, қызғаныш оты оянады.

Мектептегі балаларды колхозға көмектесуге босатады. Хайдар жұмысты жақсы істейді. Ересек кісілердің орнына кеп жұмыс істеу, үлкендердің ауыр жүгін арқалау – жасөспірім балалардың топшысын ертерек қайтарумен қатар, ақыл-санасын да есейте береді. Жақып ақсақал оның жұмысты жақсы атқарғанына айырықша қуанады. Алдыңғы екі ұлы да әке абыройына дақ түсірмеген, Хайдарға көп алаңдайтын. Себебі бір рет педкеңеске шақырылып, ұялғаны бар. Ондағы кінәнің себебі: қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім майданға аттанып, орнына жаңа адам келген. Ол бойы мықыр, арқасы құныс, кеудесі кемтар кісі. Хайдар қасында отырған балаға жазуы да өзі сияқты екен деп сыбырлап қалады. Ол күледі. Мұғалім ашуланады, анау сықылықтаған бойы сыныптан шыға жөнеледі. Екеуі қарқылдап күледі, оларға қосылып, бүкіл оқушы күледі. Келесі қылығы жаңағы мұғалімге Хайдар сықақтап өлең шығарады. Кейін мұғалім басқа мектепке ауысып кетеді.

Жәнібек колхоз жұмысын жан-тәнімен атқарады. Корней ақсақалдың досы қайтыс болып, үйде екі жетім қызы қалады. Үлкені Хадиша жасық емес, бір үйді ұстап отырады. Жәнібек әкесі өлгенде бір пұт ұн, біраз ет бергізеді. Жағыпар оны өзіне түртіп алады. Жағыпар әскерден келген Мәженге өсек айтып, Жәнібектің Мәуиямен сөйлесіп тұрғанын жеткізіп, екеуінің арасында бірдеңе бар деп ескертеді. Сеніп қалған Мәжен Жәнібекке қатты-қатты сөздер айтады, Жағыпардың осыларды ұйымдастырып жүрген себебі, Жәнібек бір арба бидайды қоймадан ұрлап, үйіне апара жатқан үстінен түскенін, араға Хадиша түсіп, сотталып кетуден аман қалған болатын. Өмірдің жолы – бұралаң, Жақыптың майданда жүрген үлкен ұлы Мәженнің әйелі Сәруар ауыл кеңесінің секретары Әубәкірден екі қабат болып қалып, ұл туады. Ел ол жігітті көккөз деп атаған. Жасы әлі де отызға тола қоймаған, бірақ ерте семірген, әскерге көзінде ақауы бар деп бармай қалған мақтанды сүйетін, көсемсіп сөйлейтін жігіт. Маржанкүл Мәуияға абысынының екіқабат адамға ұқсайтынын айтады. Мәуия сенгісі келмейді. Сәруар баланы түсіру үшін бірнеше амал жасайды, бірақ одан нәтиже болмайды, суық жаңбырлы күні шоқ ағаштың түбінде туып жатқан өзінің келіні Сәруарды Жақып ақсақал тауып алады. Сәруар өзін-өзі өлтіруге қайыңның түбіне арқан алып келген болатын, бірақ осы жерде туып қалады. Күйеуі Мәжен майданда қолынан жараланып, ол қолы илікпейтін, икемге келмейтін жағдайға жеткен соң әскерден босанып, үйіне келеді. Үйінде Сәруарды көреді, жылап көріседі, Сәруар ешнәрсе айта алмай құр жылай береді. Бір кезде нәрестенің жылағанын естиді. Баланы Сәруардың туғанын біліп, үйінен кетіп қалады да, әке-шешесімен бірге тұрып жүреді. Ұлы Сәлім әкесінің қасында болады, бірақ ол өзі үйіне барып, бірге тұрайық деп сұрайды. Мәжен үйіне бармайды. Сәруар шөп тасып жүргенде, шана аударылып, қайтыс болады. Мәжен өз ұлы Сәлім мен Сәруардың туып алған баласын асырап қалады.

Жәнібекке көңілі кеткен Хадиша, жігіттен қарсылық сөз естігеннен кейін Жағыпарға күйеуге шығады. Жағыпар Жәнібекке қарсы шығуын қоймайды. Жәнібек Мәуияға көңіл білдіреді. Бірақ Мәуия өзінің балалы әйел, ал оның үйленбеген жігіт екенін ескертіп, оған күйеуге шықпайтынын айтады. Жәнібек басқа колхозға ауысып кетеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 135 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: