19:04
Ұлы Даланың рухани жауһары

Н.ҒАБДУЛЛИН / ЖІГЕР

Романдағы оқиға желісі: ауыл ақсақалы Жақып деген кісінің үш ұлы болады. 1941 жылы Жақып ақсақалдың екі ұлы қатарынан әскерге шақырылады да, кенже ұлы – он үш жасар Хайдар үйде әке-шешеге бас көз боп қалады.

Үлкен ұлы Мәжен – ертерек үйленген, әйелі Сәруәр – мінезі биязы, көп сөйлемейтін, орынсыз күлмейтін, әзіл оспаққа үйірлігі жоқ, жиырма алтыдағы сауыншы келіншек. Қолынан келмейтіні жоқ, киімді өзі пішіп, тіге біледі. Екеуінің бір ұлы бар, ол – бес жасар Сәлім. Екінші ұлы Сейтақ үйленгеніне бір ай болғаннан кейін майданға аттанған, келіншегі жиырмаға жаңа толған Мәуия – сүйкімді, келбетті, мінезі ашық әрі жайдары, өжет, пысық, айтқанынан қайтпайтын, беттегінен таймайтын қайсар. Сұңғақтау келген дене бітімі бар, сөйлеген кезінде екі бетінің ұшына сәл қызғылт бояу тарайтын, көзі күлімсіреген, бойында үйлесімді нәзіктік бар. Романдағы оқиға Жақып ақсақалдың үйіндегі ортаншы келіні Мәуияның босанып, шілдехана жасап жатқан жерінен басталады. Нәрестенің әкесі Сейтақтың елге аман-есен оралуын тілеп, сәбидің есімін Аманжол қояды. Бірақ қуаныш ұзаққа бармайды, келесі күні Сеқтақтың кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқанын жазған жолдастарынан хат келеді. Одан кейінгі оқиға шегініс арқылы беріліп, Мәуия мен Сейтақтың алғаш қалай кездескені, бір- біріне деген сезімін қалай жеткізгені баяндалады. Кейін Жақып ақсақал Мәуияның ата-анасымен сөйлесіп, құда түсіп қайтады да, артынша бірнеше күннен кейін Мәуия келін болып түседі. Соғыс басталған жылы екеуі де шөп жинау жұмысында жүреді. Сейтақ – сырмашы, Мәуия сырма сүйрейтін өгіздерді жетелейтін. Соғыс туралы суық хабарды бригадир Қабен жеткізеді. Бір аптадан кейін әскерге шақыру қағазын Сейтақ та алады. Ауыл жігіттерімен бірге майданға аттанады. Сейтақ әскери жаттығуда жүргенде, өздерінің К. Қаласына келіп тоқтағанын, бұл жерде екі аптадай болатынын ескертіп хат жазады.

Мәуия жарын көріп қайтуға ата-енесінен рұқсат сұрап, қайнысы Хайдар екеуі қалаға келсе, Сейтақ үш күн бұрын майданға аттанып кетеді, бірақ аз уақыт ішінде араласып, туыстай болып кеткен Сейтақтың досы Жәнібекке жолығады. Жәнібек балалар үйінде тәрбиеленген, жаттығуда жүргенде соқыр ішекпен ауырып, госпитальға түсіп, өз тобынан қалып қойған жауынгер. Ол Мәуияларға үй тауып беріп, көмек көрсетеді.

Ауылдың шетіндегі көк қоңылтыр шатырлы үйде тұратын Жағыпар деген кісі Мәуияға сыртынан ынтық. Ол колхоз қоймасының бастығы, қалтасында бір уыс кілт жүреді. Әйелі Қатшамен туған нағашысының ұлы үйленіп, соған барғанда танысып, отау тіккен. Сұңғақ бойлы, аққұбаша келген Қатша оған ұнап, бір-екі кездесуден кейін үйленіп алған. Бірақ бұлардың отбасылық өмірі жарасымды қалыптаспады. Алғашқы айдан-ақ ол Қатшаның басынан үлкен мін тауып, Қатшаға үйленгеніне өкіне бастаған. Әйелінің көзі қыли екен, кезінде байқамаған. Қатша көзінің қылилығын байқатпау үшін, кісімен сөйлескенде басын бір жағына қарай қисайтып бұра береді. Екеуінің арасындағы салқындық ұлғайа берді, әрі үйленгендеріне жылдан асса да балалары болмады. Жағыпардың ойында “Қазір еркектің қадірі артып тұрған уақыт емес пе, басы бос қыз да көп, қатын да көп. Біреуіне сөз салсам жабыса кетпей ме етегіме… Таңдап тұрып алмаймын ба марқасқасын!”. Оның ойында Мәуия. Шіркін, Мәуияға қолым жетсе…

“Айнакөл” колхозы деп аталатын бұл ауылда жүз қаралы үй бар. Ауылдың іргесінде дөп-дөңгелек үлкен шар айна секілді көл бар. 1929 жылы жаңа ұжымдасқан колхоз осы көлдің шығыс жағынан қоныс салып, аты осы көлдің атымен аталады. Колхоз бригадирі Қабен әскери комиссариатқа барып келе салысымен колхоз жиылысын шақырып, өзінің әскерге кететінін хабарлап, орнына адам сайлауын колхозшылардан сұрайды. Колхозшылар Қабеннің өзіне сеніп, кімнің қолынан не келетінін өзің жақсы білесің, сол адамды өзің ата, біз қарсылық етпейміз дейді. Қабен көп ойланып отырып, бригадирлікке Мәуияның лайық екенін айтады. Келесі күні өзі майданға аттанып кетеді де, жұмыс тізгініне Мәуия ие болып қалады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: