20:32
Ұлы Даланың рухани жауһары

І.ЖАНСҮГІРОВ / ЖОЛДАСТАР

Қазақ тілінің лексикалық байлығын терең игеру, сатиралық күлкілі жігіттерді көре білу, адам мінездерін ашатын реалистік диалогтарға икемділік секілді ерекшеліктер Ілиястың прозалық шығармаларының, әсіресе оның “Жол аузында”, “Құқ” кітаптарына енген әңгіме, фельетондарының басты қасиеттері. Қазақ аулындағы әлеуметтік-таптық өзгерістерді, жаңа психологияны, өндіріс, мәдениет, техникаға бой ұрған адамдарды бейнелеу талабындағы әңгімелер, нақты-нақты деректерге сүйеніп жазылған репортаж, очерктер тәжірибесі арқылы өскен қаламгер халық өмірінің кең панорамасын жасауды мақсат еткен қалың оқиғалы, қою тартысты, көп кейіпкерлі “Жолдастар” романын тудырды. Шаһар тіршілігі, қала тынысы, он алтыншы жылғы аласапырандағы қазақ жігіттерінің қасіретті азабы, жұмысшылар ортасы, кемешілер әрекеті, оқыс, шырғалаң, қызықты сюжеттерді ала отырып, жазушы бостандық, теңдік азаттық үшін күрескен халық өкілдерінің сан алуан образдарын жасау арқылы өмір шындығын айтпақ болған. Сатан, Мәмбет, Мардан секілді жігіттер тағдыр талқысына түсіп, қорлық көріп, тапталса да мойымайды, қайралған қанжар іспеттес қайта жарқырап күреске түседі, әуелі барымта, ұрлықпен жуандардан өш алса, кейін әлеуметтік жағдайды, таптық тартысты түсініп, саяси айқасқа шығатын деңгейге көтеріледі. Әрине, романдағы көптеген персонаждарды тұлға дәрежесіне көтерліді деп айту қиын. Қазақтың ауызекі әңгіме айту дәстүріндегі шеберлікті еркін игерген Ілияс жеке бөлімдердің байланысы, композициялық тұтастық, типтендіру принциптеріне келгенде европалық үлгілерді терең меңгермегендігін, проза саласындағы, әсіресе роман жазуда тәжірибесіздігін аңғартып қояды. Табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда жазушы реалистік биікке көтерілді. Юморлық, сатиралық кейіпкерлерде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік қуаты барымта, жұт сценаларын, билер дауы, молдалар айтысын, жұмысшылар ортасын бейнелеуден жақсы көрінеді. Бір мысал.

“Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, боркөздердің бадалы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шақпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге аз ғана желдің лебімен отты жан-жаққа әлдеқашан алып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа-қоңыз құрылдап, тау-тасты өрт алды”.

Стихиялы күш, тілсіз жау қаптаған өртті жазушы осылайша динамикалық қалыпта, жаны бар, ертегінің жалмауызы, аяу білмес қаһарлы дүлей ретінде бейнелейді.

Романның деректі негізін, өмірлік материалын Ілияс зерттеп, жинақтап, іріктеп алған, қаламгерлік қиялмен өзгерткен, сұрыптаған, дегенмен Мұқаметқали Тәтімов, Көлбай Төгісов секілді тарихи адамдардың тағдырымен Мәмбет, Сүбай бейнелерінің ұқсастығын көру қиынға соқпайды.

“Жолдастар” – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-психологиялық роман жазу барысындағы алғашқы сәтті тәжірибелердің бірі, өмірлік мазмұны терең, эстетикалық әсері күшті сапалы шығарма.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 126 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: