18:49
Ұлы Даланың рухани жауһары

Е.ДОМБАЕВ / ЖАМАН ЖӘУТІК

«Жаман Жәутік» романының қысқаша мазмұны мынадай:

Нұралы байдың аталасы- Жантуардың екі ұлы- Паңгерей қырық жасқа дейін үйленбеген сүр бойдақ, Смағұлы- молдалық оқу оқып жүрген баласы.

Әйіп қажы аспаннан қан жауғанына садақа беріп, бүкіл ел жиналады. Тек Жәутік қана қой соңынан босай алмай бармайды. Жәутіктің Бәлшебек пен Меншебек туралы ертегісі бүкіл елге тарап, жұрттың көңілін елеңдетіп, бір өзгеріс болатынына қарапайым халықты иландыра бастайды.

Паңгерей жасынан Сарымсақ болыстың жанына еріп жүріп, бір күні Сарымсақтың кіші әйелін картадан ұтып, үйіне ертіп келеді. Мұны естіген Жантуар Паңгерейді жазғырып, мырзаның кіші әйелін қайтарып бергізеді.

Паңгерей Жаманқала түбіндегі Топайылда екі кластық орыс мектебінде оқып жүргенде Саша деген орыс баласымен төбелесіп,артынан дос болады. Карта ойнауды осы орыстардан үйренген Паңгерей Саша екеуі жас орыстың көпесін карта ойнатып, біраз ақшасын ұтып алып, түрмеде үш күн жатып шығады. Паңгерейдің әйел алмайтынына көзі жеткен әкесі еншісін беріп, бөлек шығарады. Оған қалың ел күледі.

Көрші ауылдағы Мұсаның қызы Зағиданы кіші ұлы Смағұлға Жантуар алып беріп, келінді болады.

Жәутік кішкентай ауылға «Бәлшебек кәртөжнік» деген сөз таратып Паңгерей Бәлшебекті іздеп шығады. Көрші ауылдың малын ұрлап қайтып келе жатқанда Отто Брессер деген неміс кездеседі. Оттоның мінген атын түнде қасқыр жеп, өзі жаяу қалған екен. Паңкерей бірінші рет большевиктің партия аты екенін осы Оттодан естиді. Партия дегеннің не екенін де осы Оттодан қанығады. Астындағы атын неміске беріп, ұрланған сиырларды айдап келе жатқанда алдынан Егор мен тағы бір казак шығып, олар осы жоғалған малды іздеп келе жатқанын айтады. Паңгерей Жәутік сөзіне сеніп, большевикті іздегеніне іштей намыстанады. Отто Олег Борисовичтің большевик екенін Егор досынан біледі.

Жәутік сөзіне сенген арызқой Аққисым да он тоғыз күн жол жүріп Бәлшебекті іздейді. Бәлшебектің жарлы жағында екенін Бесоба елінен біледі. Бірақ жолда саппен келе жатқан әскерге тап болып, ішіндегі генерал сапты тоқтатып, Аққисыммен сөйлесіп, оның большевик туралы хабарын естіп, Аққисымды солдаттар соққыға жығып, астындағы өгізін өлтіріп кетеді. Тірі қалған ол мола басына түнеп, Серікбай көкесіне жолығып, аулына қарай бет алып, жолда «Тана тумақ» деген ауылдағы жалғыз үйге тоқтайды. Онда күйеуінің өлгеніне үш жыл болған Балымзия Аққисымды емдеп, оны тоқалдыққа алып аулына қайтады.

Смағұл үйіне шай ішуге келген Жәутікке қатын алғанның жақсы екенін түсіндіріп, Қатира жеңгесімен табыстыруға уәде береді. Жәутік Смағұл зорлауымен Қатираның қойнына барғаны үшін көк тұсағын Смағұлға беруге мәжбүр болады. Смағұл шешесі Бағила кемпір қайтарып жібереді. Жәутік Дүйсенбай мырзадан Қатираға бір қой бергені үшін де таяқ жейді. Бірақ оны ”Бәлшебек сабап кетті” деген өсек таратады.

Нұралы Керімбет байдың күйеу баласы. Қызы Күмісті ағайының төрт көзі түгелде той жасап, Нұралыға күйеуге беріп, бөлек отау етіп шығарады. Екеуінде перзент болмағасын, Күміс тоқал алып беруді ұйғарды. Көп уақыт өткеннен кейін Күміс Дүйсембай деген ұлын, емшек сүтімен Балзияны көтерді.

Сол кездегі Ресейдегі қос өкімет қазақтың қырдағы ауылдарына да өз әсерін тигізгенін романнан кеңінен көрінеді. Нұралы бай ауылына инициативная группа келіп, байды орнынан түсіріп, Саналиевті сабаған осы Нұралы болысының оқиғасы екенін айтады. Ал Нұралы болса бар малын келесі болыстың ауылына айдап жіберуді ұйғарады.

Паңгерей соңғы кездері көзіршілерді өз отауына әкеліп, карта ойнайтын болады. Осыдан кейін Жантуардың үйінде екі қойшы ұсталып, үш-төрт пішенші жалданатын болады.

Зағиданың бірге өскен құрбысы Хұснихатты көріп, Паңгерейге алып беруді ұйғарады. Екеуі соңында үйленеді.

Аққисым Бәлшебек іздеп шыққанда алып келген тоқалы Балымзияға Күнсая күн бермей, Серікбай ақсақалды шақырып, ажырасатынын айтады. Серікбай ақсақал үзеңгілес жолдастарымен ақылдасып, Балымзияны қосып қасына көшіріп алады.

Романның соңғы тарауында қырдағы ауылға совдеп өкілдері келіп, жер байлығы, су байлығы, мал байлығы бәрімізге ортақ деген ұран тастап, кедей-кепшікті жината бастайды. Сол маңайдағы Нұралы, Сарымсақ, Мәметәлі, Қошқарғали, Қара Есжан, Ізбас, Әбілен сияқты алпауыттардан кедей шаруаның еңбектерінен сорып тапқан малын, дүниесін тартып алу керектігін, келген өкілдер халыққа түсіндіреді. Сонда большевиктердің аузына түскен адамның аты – Жәутік болады. Ұлы мәжіліске Жәутік арнайы алынады. Роман Жәутіктің «Бәлшебегін» көруге асығып келе жатқан сәтімен аяқталады.

Автор бұл романда құмдағы қазақ аулына қоғамда болып жатқан өзгерістердің жету жолын, ауылдағы ғұрып-салттың өрнектерін, замана лебі туралы ой-толғамдарын басты кейіпкер – Жәутіктің ұғымы, жан дүниесі, тұрмысы төңірегіне сайып, шебер суреттей білген деуге болады. Жәутік бейнесі юморлық астармен беріле отырып, өмірдегі табиғи мінезін аша түскен. Романда Жәутік пен Қатира арасындағы қарым-қатынас, сезім мен сыйластық, он баламен жесір қалған әйелдің өз ажарына лайық әдебі, эмоционалдық толқу мезеттерін суреттеуге де мол орын берілген.

«Жаман Жәутік» романында сол замандағы қазақ халқының өмірін суреттеуде елдің наным-сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілген. Әрбір үйдегі тіршілік дағдыларын, әрбір кейіпкердің рухани өміріне терең бойлау арқылы бере білген. Мысалы: Жантуар отауындағы Паңгерей, Смағұл, Бағила, Зағида, Нұралы әулетіндегі Күміс, Дүйсебай, Балзиялар, кедей қойшы Жәутік, жесір, он балалы Қатираларға дейін жіті назар сала, арнайы тоқталып, әрбір әрекет үстіндегі істерінің түп-тамырын табуға, осы образдардың толыққанды сипатын ашуға күш салған деуге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 138 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: