16:26
Ұлы Даланың рухани жауһары

Е.ДОМБАЕВ / ЖАМАН ЖӘУТІК

1980 жылы «Жаман Жәутік» романы жарыққа шығып, оқырман көңлінен шыққан. Автор бұл тұңғыш романында қалың елден шалғай жатқан құм қазақтарының Қазан революциясы қарсаңындағы бейқам, марғау тіршілігін кеңінен суреттеген. Сол жадағай тіршілікке күн сәулесіндей сызаттап еніп, жалшы Жәутіктердің көңілін елеңдетіп, еңсесін көтеріп келе жатқан үлкен дүрбелеңнің дүмпу лебі бұл романда елес береді. Роман кісіні езу тартқызып отырады. Сонымен қатар бұл шығарма юморлы жатық тілмен тартымды жазылған деуге болады.

«Жаман Жәутік» романының басты кейіпкерлері: Жәутік, Паңгерей, Нұралы бай, бәйбішесі-Күміс, Смағұл, әйелі-Зағида, Зағиданың әкесі-Мұса, Паңгерей мен Смағұлдың әкесі – Жантуар, Аққисым, әйелі-Күнсая, тоқалы – Балымзия, Қатира Жәутіктің көңілдесі, ол он баламен жесір қалған Дүйсенбайдың ағайындарының әйелі.

Бұл романның негізгі оқиғасы ХХ ғасыр басындағы шалғайдағы қазақ аулының әлеуметтік ортасы, сол кезеңдегі адамдардың түсінік-нанымы мен мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Құмдағы қазақ аулының малшысы «большевик»деген сөзді естігенде, көңілінде желік пайда болып, қу жақ билерше суырылып ала жөнелетіні , әуелі бір-екі рет тамағын кенеп алатын әдеті ирония аралас юмормен қызықты суреттеледі. Мысалы, Паңгерей мен Жәутік арасындағы мына бір диалогтың тілі жатық, шындықты обьективті тұрғыдан пайымдау міндетін атқарып тұр деуге болады:

« - Анада осында қазақтың «қан жауғыр» деген мақалы расқа шығып, аспаннан қан жауды ғой. Соған Әйіп қажы ас беріп жатыр.

-А?!

Паңгерей орнынан қалай тұрғанын өзі де білмей қалды. Жәутік үндемеді.

-Аспаннан қан жауды? Әй,мүмкін, аспаннан тағы бірдеңелер жауған болар?

-Ақша жауды.

-Ақша?

-Жәутік тағы үндемеді.

-Сосын не жауды?

-Тасбақа жауды.

-Сосын не жауды?!

-Ылғи су жаңа калоштар жауды.

-Мүмкін,сенің аталарыңның бастары да жауған шығар?!

-Олар жауған жоқ .

Бұл үзіндідегі диалогта автор характерлерді ашуға үлкен мән берген сияқты.

Паңгерей Жәутікке сұрақ қоя отырып, оның кез-келген өтірігіне сеніп жүрген аңқау ел сияқты өзі де осы малшының сөзіне нанады. Осы диалог заман көрінісінен хабар береді. «Қарашекпен» деген сөз шықса Жәутік қу жақ билерше суырылып ала жөнеледі. Қарашекпен деген ханның Бәлшебек және Меншебек деген балаларының қалай екіге бөлінгенін ертегідей қылып айта келіп, Бәлшебектің ниеті жақсы, қара халықтың қамын ойлайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғызады екен деп бірақ тоқтайды. Осы тұстан тағы бір байқалатын құбылыс қарапайым ауылдағы халықтың ірі жаңалыққа талпыныс сыры және сол жаңалықты анық түсінбей отырғандығы ирониялық сарынмен беріледі.

«Жаман Жәутік» романындағы Паңгерей бейнесінің мінездемесін суреттегенде көпқырлы қасиеттерімен қатар сол заман адамдарының бейқамдығын, қалың елдің әлі де ұйқыда отырғандығын, кейіпкердің кейбір олқы мінездеріне амалсыз күлуге тура келеді. Қырықтың қырқасына аяқ салуына екі-үш жыл қалған Паңгерейдің өмір сүру принципін былай суреттейді:

«Паңгерей ел аралайды, қыдырады, болса көзір ойнайды, болмаса Зеленый, Өрлік, Андрей, Кірілшік, Аққала сияқты селоларға кетіп, айлап жоғалады. Бірде алады, бірде береді. Бірде қорасымен айдап келеді, бірде қорасымен айдап береді. Жалғыз өзгеріс: екі самайы ерте ағарып, ашушаң болып бара жатты. Қаралығы болмаса, қайратына сымбаты сай, қайыс қара Паңгерей ауылына айында, аптасында бір соғып жүре береді. Бұл бүйтіп жүргенде, құрдастары ғана емес, өзінен кішілер де үйлі-боранды болып жатты». Паңгерейдің бар іс-қылығы түсініксіз пенде болмаса да, ақылы мен айласы әрқашан теңдесе бермейтін, билік тізгінін де еркін ұстай аламайтын, табиғатынан зерек болғанымен қылмысын жақсылыққа балап көпшілікке көрсете алмайтын бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Паңгерейді әрбір әрекетімен сол заман талабынан туған әлеуметтік тұлға ретінде көрсете білген деуге болады.

«Ай сүттей жарық еді. Ауық- ауық жаздың салқын самалы соғады. Әдетте қайбір кез самал боп ыстық леп есетін. Мынау самалдың ар жағында ызғар бардай. Аққисым: «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды деген осы екен-ау,- деп ойлады. Құс жолы да шалғайда. Жұлдыздар да сирек. Кенет есіне Күнсая түсті. Кемпірін де сағынып қалғандай көрінді. Оған әлі бес- алты күнсіз жету жоқ-ау,- деп бір қойды. Басын көтеріп анадай жерде бөлек төселген ақ текеметте жатқан Балымзияға қарап еді, ұйықтап кеткен екен. Жә, енді бастайын, көніп жатса Күнсаяның қиқуы үйреншікті қиқу ғой, -деп тамағын кенеп қалды». Бұл пейзажда ұлттық ойлау үлгісі зор нанымдылықпен суреттелген. Табиғаттың адам жанына әсері, қаһарманның тілек – мұратымен астарласа берілуі сенімді. Аққисым Балымзияға қатты жаны ашығансып отырып, ен далада иесіз қыстаулар ішінде қалған жалғыз әйелді алдамсыратып, соңында екі жарты бір бүтін болуды ұсынады. Ертесіне тек Балымзиядан ғана емес, ақ сиырдан да ерік кеткені байқалады. Үш- төрт күнде Аққисым үйіне жақындаған кездегі көңіл-күйін жазушы шебер суреттеген, әсіресе , Күнсаяның жүрегіндегі тентек бұлқыныстар езу тартқызса, бір жағынан Аққисымның пендешілігіне іштей қынжыласың.

Аққисымның пенделік санасыздығына, дүниеқоңыздығы мен есерлігі, күйгелектігі, пәле-жала таянғанда тайқып шыға келетін сырғанақтығы нақты іс-әрекеттер үстінде көрсетіліп оқушыны сендіре баяндалады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 133 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: