16:22
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.СМАТАЕВ / ЕЛІМ-АЙ

С.Сматаевтың “Елім-ай” романында Аякөзде болған ұрыстың ұзын-ырғасы суреттелмей, ол туралы жұртшылық санасындағы ұғым-түсінік, тарихи баға алға тартылады. Бұхар жырау романында қалың жұрттың, өзі өмір сүріп отырған ортаның саяси бетін сол баға, халық санасына сіңіп қалған сол ұғымға сүйеніп анықтайды, өзгені де соған иландырады. Бұл ретте тарихи оқиға адамның немесе белгілі бір қоғамдық ортаның ой елегінен өтіп, сұрыптала келе танылған, бағаланған тарихи ақиқатқа, сапалық мәнге иеленген тарихи фактіге айналды. Танылған, бағаланған, соның нәтижесінде сапалық мәнге иеленген тарихи ақиқат факт адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық ортада жаңа тарихи оқиғаларды танып-білуге, олардың әлеуметтік мәні мен маңызын анықтауға қызмет етеді.

С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясының бірінші кітабында селдей қаптап келе жатқан жаудан ығысып, көше жөнелген Ошаған бидің ауылының жалпы көрінісі суреттелетін эпизод бар. Ауылын, туған-туыстарын түгел көшірген Ошаған би жалғыз өзі жұртта қалуға бекінеді. Әкесін тірідей жау қолына қалай қалдырып кетерін білмей жаны қиналған ұлына Ошаған би мынаны айтады:

“…Мені жазғырмас. Қашып кетсем, жазғырар көп. Тауым да, өзенім де, жерошағым да, тіпті отымның орнындағы күлім де жоқтайды. Мен кетсем, кәрі сүйегімді қайта әкеле алмаймын. Онан да алланың ақ бұйрығын осы арадан күтейін. Еңкейші, Дәуленім, – деп, сөзінің аяғын сыбырлап бітірді. Әлсіз ерін ұлының маңдайына болар-болмас тиді де, енді қайтып ашылмай бүрілді де қалды” (1, 283-б.).

Көшкен ауылдың жұртында төбе басында жалғыз қалған Ошаған би жаумен айқаста қаза табады.

Үзіндіден Ошаған бидің көшкен аулына ермей, жұртындағы төбе басында жападан жалғыз қалып қоя беруінің бірімен-бірі тығыз байланысты екі себебі байқалады: оның бірі – туған жерін, өскен ортасын тастап кетуге бидің дәті жетпейді. Екіншіден, қарт би кәрі сүйегі жат жерде емес, кіндік қаны тамған туған топырақта қалуын қалайды. Туған жер туралы берік қалыптасып қалған қасиетті ұғым, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік Ошаған биді осындай шешімге алып келеді.

С.Сматаев “Елім-ай” дилогиясында Ошаған бидің көшкен ауылдың жұртындағы төбе басында қалуының сыртқы емес, ішкі себеп-негізі, кейіпкердің қартайған шағында кәрі сүйегін саудыратып бейтаныс жерге тастамай, өз жерінде, кіндік қаны тамған туған топырағында қалдыруға бекіген берік тілегі көрсетіледі. Мұның өзі роман-дилогияның болмыс-бітіміне, кейіпкердің мінезіне айрықша мәнді, маңызды ұлттық реңк дарытатын үлкен суреткерлік шешім еді.

Ошаған би мен І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясындағы Әнет бидің әрекеттерінің негізгі себеп-мотивтері ортақ, өзара үндес. Сол мотивтердің ішінен С.Сматаев ең басты, мән-мағынасында халықтық, ұлттық сипат басым деген ажарлысын ғана таңдап алады. Бұл ретте автор халықтың дәстүрлі рухани мәдениетінің өлшемдеріне, Отан, туған жер туралы танымдарына сүйенеді. Соның нәтижесінде І.Есенберлиннің трилогиясындағы Әнет бабаның жұртта қалуын баяндаған эпизодтан гөрі С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясындағы Ошаған бидің жұртта қалуы суреттелетін эпизод көркемдік-идеялық және танымдық тұрғыда әлдеқайда мәнді, мағыналы болып шыққан.

Жанатай батырдың басынан өткен оқиға Әнет би мен Ошаған би әрекеттерін жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік береді. Жанатай батырдың басындағы оқиға мынандай: а) Бірнеше адам жау қоршауында. Қоршаудан шыққандар құтылады, қоршаудан шыға алмағандар бәрі де өлім табады. ә) Жау қоршауынан алып шығар жалғыз үміт – Жанатайдың астындағы тұлпар. Бірақ тұлпар бір ғана жауынгерді құтқара алады.

Жағдай Жанатай батырдан кімнің елге жетіп, кімнің жау қылышынан қаза табуы керектігін таңдап, анықтауды талап етеді. Жанатай батыр өз таңдауын халықтың дәстүрлі дүниетанымына сәйкес анықтайды. Бар өмірі алдында, болашағы үлкен жасты, өз ұлы Қоқыштың аман қалуын дұрыс көреді. Өмір, ұрпақ жалғастығын осы жолмен сақтап қалғысы келеді. Өзінің орындай алмай кетіп бара жатқан арман-тілектерін баласына аманат етеді. Бала, ұрпақ, ел алдындағы ақырғы парызын Жанатай батыр осылай орындайды.

Қазақ жазушыларының шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілері суреттелініп отырған дәуір туралы басты материал қызметін атқарады.(жалғасы бар)

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 155 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: