19:06
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.АДАМБЕКОВ / АТЫЛҒАН ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

 Екінші кітаптағы оқиға Айнаш пен Шынтас арасындағы әңгімелерден өрбиді. Тасбике біреулерге Айнаштың суретінің сыртына: «Естелік ретінде сүйіктім Шынтасқа» деп жаздыртады. Сүйтіп оны Шынтастың әйеліне көрсетеді. Ауылына тараған өсекке шыдай алмаған Айнаш туралы атылып өлді деген сөз тарап кетеді. Осы істі тергеуге ауданнан Тәңкей келеді. Негізінде Айнаш ауыл өсегіне шыдай алмай Сыбан молдаға күйеуге шығуға уәде беріп, тойды жасатады. Бірақ арты қыздың атылуымен бітіп, молда қашуға ыңғайланады.

Жаманқараның жиған бір сандық алтынын молда алып қашпақ болып, Айбалта мен Кәрім оған жол бермейді. Роман соңында Айнаштың Алматыға оқуға кеткені, демалысқа ауылға келгені тәптіштеп баяндалады. Романның мазмұнынан байқалатын жәйт жаны ізгі, ары таза жандардың кейбір озбыр әділетсіз жағымпаздармен табанды күресі кеңінен суреттеледі.

Бұл сатиралық романдағы негізгі обьект Сыбан молда бейнесі. Молданың іс-әрекеті, жан-дүниесі түгелдей жоққа шығып, мүлде мансұқ етіледі. Бұл орынды да. Молданың өзін-өзі мақтаған тұсы адам баласындағы жағымсыз болмыс, қоғамға зиянды құбылыс екенін дәлелдейді.

«- Е, Майлыеке, мен Бұхарада, жер астында жеті жыл, Стамбулда, көк үстінде сегіз жыл оқыдым. Бұл бүкіл Сырдария гүбірнесі, Әулиеата оязында мендей ғұлама молда жоқ. Амал қанша, пешенеге жазғанды көріп жүрміз ғой. Ақырында, жаңағы жаман қатын да бұтын көтерді маған. Сол отырған жерінде, есек қып ақыртып, ит қып үргізіп жіберер едім, амал қанша, заманның ауанынан қорқамын, - деп Майлыбасқа ойлы көзбен қарап, байсалды сөйледі». Осы тұста романшы моральға үйлеспейтін ұнамсыз құбылыстың зияндылығын жете көрсетіп, оған төзуге еш болмайтынына оқушы көзін жеткізеді. Автор талқаны таусылып бара жатқан Сыбан молданың басындағы кемшіліктердің әлеуметтік мәніне дұрыс баға бере білген.

Осы роман кейіпкерлері мен Гогольдің сатиралық образ жасаудағы «Тіл – стиліндегі үйреністері» туралы Р.Алтынбекованың пікіріне қосылуға болады: «С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» атты романында Гоголь кейіпкерлерінің елесі, жүріс-жорығы жүр. Қоғамымыздағы жекеленген жағымсыз жандардың бет - әлпетін, ұсқын – сипатын сомдап, топтап, типтендіруде С.Адамбеков Гогольден біраз жәйтті үйренген. Романдағы Жаманқараның өмірі гүлдену және құлдырау сияқты екі кезеңмен берілген. Оның дәурендеу кезеңі Ноздревтің тіршілігін ... елестетсе, сорлаған тұсы Плюшкинді еске түсіреді».

Әдебиет зерттеушісі Т.Қожакеев Плюшкиннің бағы тайып, «иті оттаудан», тасы өрге домалаудан қалып, салы суға кете бастағанын Гогольдегі қора-қопсысы суреттеген жерін С.Адамбековтің Жаманқара Жабағинінің істі болып айдалып кеткенін, түкірігі жерге түспей тұрғанда салғызған көк қақпалы, көк сарайының кейінгі сиқын салыстыра отырып, бұл сатиралық кейіпкерлердің тағдыры, хал-ахуалы, шаруашылық сыңайы бір әдіс, ұқсас суреттеумен берілгенін дөп тауып айтқан.

Бұл роман бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық тіл-стильмен жазылған. Мысалы:«Міндетті әскери қызметін өтеп келген үш жылды қоспағанда, бар өмірі ел ортасында өткен Мақан ауылдағы «өгіз бұзаулады» дегенге сенетін аңқаулардың бірі еді. Ол ойына келгенді ертеңге қалдырмай айтып салатын мінезі болмаса, біреуге жамандық ойламайтын. Бүгін қараптан – қарап отырып, қырағы, сақшы боп шыға келді», - деген тұсы Майлыбастың толық портретін көз алдыңа елестетеді. Бұл Майлыбасқа берілген мінездемеде кейіпкердің алуан түрлі сезімдері мен қабілет-қасиеттері, әлеуметтік тұрмыс-күйі, қоғамдық ортасы тікелей байланысты суреттеледі.

Мақанның Майлыбас атануының өзі қызықты баяндалады. Қалың бұйра шашына шаң-тозаң тоқтап, қол батпайтындай ұйысып жүргендіктен Майлыбас аталып кеткен екен.

Роман соңында түскен арызды тексеруге келген өкіл Тәңкейді келемеж етеді. Арыздағы фактілерді тексеріп, анық-қанығына жетудің орнына, әр адамға сеніп, өз ойындағы жоспарын жүзеге асыруға көшуін суреттеген тұстары тапқырлықпен салынған сурет деуге болады.

«Ферма кеңсесінде Тәңкей оңаша қалған соң өзінен өзі үрейлене бастады, аудан орталығынан сот, эксперт, милиция адамдарын түгел ала шықпағаны бір қате, өлікті көміп қойғаны екі қате, мына екі қарсылық бәрінен де жаман қате. Қазір, бұрынғы екі-үш аудан бір өндірістік басқармаға айналғанда, наны көтерілген осы Тәңкейдің жиені бастық болып топ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, оңтүстіктегі аудандардың бірінде адвокат болып жүрген Тәңкей қайтадан Шудан шықты».

Бұл жазушының елес берудегі, сөзбен сурет салудағы шеберлігі. Автор тұңғыш сатиралық романда қазақ ауылындағы келеңсіз жағдайларды қатаң сынап, оның зиянды зардаптарын ашына суреттейді. Романда кеселді зардаптарды әшкерелей отырып, нағыз шындықтың бетін ашып, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғайды. Бір сөзбен айтқанда жазушы ел тынысын көз жазбай қадағалап, оның келеңсіз жақтарын тап басып, дәл көрсетеді.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 322 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: