Главная » 2017 » Март » 28 » Ұлы Дала елінің дарабоздары
20:33
Ұлы Дала елінің дарабоздары

БҰҚАР ЖЫРАУ

Бұқар жырау Қалқаманұлы – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі һәм жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы.

Бұқар өмір сүрген дәуірдің ұлы оқиғасы жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жерін баса көктеп енуін білеміз. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауытпалықты Бұқар елімен бірге кешкен. Ол, әсіресе, өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшыларымен бірге, ақылшы, үгітші болып белсендік көрсеткен. Абылай Бұқармен осы тұста қатты санасқан. Қалмақ қолына қарсы тұрған қазақ қолын Абылай хан басқарып, оны Айдаболдан Аталық батыр мен Сүйіндік елінен шыққан Олжабай батырлар қолдаған. Қалмақтардан арылғаннан кейін Абылай көрші Қырғыз, Ташкентпен ерегесіп, оларға қыр көрсеткен. Олжабай Абылайдың бұл саясатына қарсы болды. Бұқар жырау Олжабайды қолдайды. Осы тұста халық аңыздарында Олжабай келіссөз жүргізіп, қырғызды соғыссыз бітістіреді-міс. Ауыз бірлігі мол кезінде Абылай қолы қалмақтың Қалден Серен қонтайшысын Қарқаралы, Баянауыл жерлерінен ығыстырып, көп олжалы болады. Бұқар Бөгенбайдың өлімін хан Абылайға естіртуші жыраудың бірі болған. Ол батырдың тарихи рөлін танып, оған деген халықтың қайғысын хан қайғысына ұштастыра жырлаған. Қазақтың даңқты батырлары қатарына алып, оны даралай да білген:

Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұштаспай қып торлады.
Құлағанға ұқсайды,
Қазақтың қамал қорғаны.
Қайғырамыз ханзадам,
Айтпасыма болмады-
Батырың өтті Бөгенбай!

Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей атты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Айталық, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Құдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.

Бұқар өлеңдері – өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен һәм өзінен бұрын жасаған Асан, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар толғаулармен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі толғаулар.

«Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек», - деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 62 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: