17:11
Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, ЖӨН-ЖОСЫҚТАРЫ

  • Ата-баба дәстүрін, ғұрыпты аттамайды. Ата жолына кім болса да бас июге тиіс. Бұл ел-жұртыңды сыйлағаның.
  • Жасы кіші болса да әкесі үлкен болса – оның «жолы үлкен» болып саналады. Яғни салт-дәстүрде жол, кезек соған беріледі. Мұны есте сақтаған жөн.
  • Табақта басқа елдің (рудың, тайпаның, жүздің) азаматы отырса, бас соған тартылады.
  • Қыз келіндерден жоғары отырады. Қыз ағаларынан да жоғары отыруға хақы бар. Өйткені «қыздың жолы жіңішке» дейді халық.
  • Сәбиді бесікке салғанда жол құдағидікі немесе сол елдің әжесіне, жақсы анасына беріледі. Бесікті отпен аластайды.
  • Бата беру, ас қайыру қонаққа немесе ақсақалға, жолы үлкенге беріледі.
  • Алыстан қонақ келсе – үйдің көршісі және ауыл ақсақалы шақырылады. Сыйластық белгісі осыдан көрінеді.
  • Алыстан келген қонаққа ауылдың үлкен-кішісі сәлем беруге тиіс. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді».
  • Үйге келген кісіге «кімсің?» демейді, оны төрге шақырып, қонағасы береді.
  • Туған-туысқанына, еліне келгендер ауылдың үлкеніне түседі немесе оларға алдымен сәлем береді. Қазақтың әдеп жолы осылай.
  • Көшіп келе жатқандарға «көш оң болсын» деп, ат шалдыртып, дәм-тұз ұсынады.
  • Қуанышты болғандарға «құтты болсын» айтады, шашу шашады. Әр адам достық көңілін осылай білдіреді.
  • Байғазы, көрімдік сұрағандарға құр қол тастамайды.
  • «Айттық» сұрағандарға айттық беру міндет.
  • Қуанышты хабар үшін сүйінші береді.
  • Үйге кірген кісіге дәм ауыз тигізеді. Дәм қашанда достыққа, сыйластыққа шақырады.
  • Келген жұмыстарын тұрып айтпайды, отырып асықпай айтады.
  • Айыпкерлер айыбын төлеп кешірім сұраса, қарсы жақ кешірім жасауға тиіс.
  • Олжасын жолдасына ұсынады немесе бөліседі.
  • Аты озып келгендер, жыққан палуандар, жеңген ақындар алған бәйгесін елдің ақсақалдарына, аруақ орнына, үлкен шаңыраққа байлаған.
  • Тойбастарға немесе беташар айтқандарға кәде беріледі.
  • Достың, жақын адамдардың және басқа адамдардың қалағанын беру мәрттік, мырзалық әрі ұлы дәстүр.
  • Танысып келген қызға лайықты сый-сияпат ұсынады.
  • Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады немесе елден қуылады. Олардың артынан бір уыс топырақ шашады. Бұл қылмысты болдырмаудың жолы.
  • Қонақ қондырмау, қонақ шақырмау – ұлт дәстүрін сыйламайтын, жөн-жосықты білмейтіндердің ісі.
  • Құрметті, сыйлы адамдарды сыйламау – арсыздық.
  • Халық заңы ұлттық дәстүр, салтын ұстанбаған және оны сыйламаған адамдарды жазалаған. Ондайлардан халық сырт айналған.
  • Жетім баланың басынан сипайды, жесірге көмек береді, қайыршыға садақа ұсынады.
  • Асты жамандамайды. «Асты жамандама – құстырар, ерді жамандама – пыстырар».
  • Соғым сойған күні көршілер шақырылады.
  • Қонаққа домалаш жілік, жамбастың шұқыршағы салынбайды. Қазақ ұғымында бұл кәдесіз сүйектер.
  • Қызға кәрі жілік ұсыну әбестік.
  • Күйеуге, қызға төс тартылады.
  • Ақты (сүт, айран, қымыз т.б.) жерге төкпейді. Малдың желіні кетеді.  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 685 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: