18:57
Ұлы Дала елі

ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ

  • Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.
  • Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
  • Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер.
  • Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа.
  • Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.
  • Тәңірге, аруаққа, халыққа тіл тигізбе.
  • Ата-анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында һәм оларды әулие тұт.
  • Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.
  • Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.
  • Туыс-туғандарыңды, нағашы-жиендеріңді, тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып-құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.
  • Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйіңде қастерлеп сақта.
  • Ата-баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа.
  • Біл-білме, бірақ жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.
  • Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.
  • Сырқат адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңілін сұрауға болмайды. Науқас адамға қайғылы хабарды айтпа.
  • Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.
  • Әр істе де әділ бол. Әділ болсаң, әлді боласың.
  • Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адамдық кілті.
  • Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.
  • Қаруың – білімің мен тілің; сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.
  • Ерлі-зайыптылар бір-біріне жала жабуға һәм өте ауыр сөз айтуына болмайды.
  • Балаларыңның алдында ата-аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.
  • Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.
  • Күнә мен кінә бірдей емес.
  • Тақыт пен бақыт бірдей емес.
  • Қызығу мен қызғану бірдей емес.
  • Мақтану мен мақтау бірдей емес.
  • Оқу мен тоқу бірдей емес.
  • Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.
  • Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.
  • Бақытты болғың келсе, ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.
  • Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Айталық, күрекпен шеге қақпайды.
  • Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.
  • Азғындаушының азығы – ішімдік. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.
  • Өнер адамдарын үлгі тұт. Өнерге сүйіспеншілікпен қара.
  • Ата-анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.
  • Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.
  • Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.
  • Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.
  • Қыздар-ау, көп сықылықтамаңдар.
  • Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.
  • Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.
  • Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма.
  • Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр.
  • Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
  • Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
  • Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.
  • Көпке қарсы болма. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мәтел бар.
  • Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді.
  • Жас адам көлікке, атқа ең соңынан міну керек.
  • Үйде, дастарқанда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады.
  • Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн.
  • Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
  • Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.
  • Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын.
  • Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе.
  • Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді.
  • Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол.
  • Халқым барда қарным ашады деп қамықпа.
  • «Миым ашиды» дегеннен гөрі «жаным ашиды» деген жөн.
  • Жақсы һәм жақсылық туралы айтуға әдеттең.
  • Халықтың «ақыл – жастан, асыл – тастан» деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы.
  • Ақ шашаты атаны, ақ жаулықты анаы көрсең – ізет көрсет.
  • Жаман адамға да жақсы көзбен қара.
  • Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа.
  • Халыққа, аруаққа шет болма.
  • Біреудің намысына тимей сөйле.
  • Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа.
  • Жарлы болсаң да жарамсақ болма.
  • Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі Тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
  • Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің.
  • Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе.
  • Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 770 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: