20:35
Ұлы Дала елі

АУА РАЙЫН БОЛЖАУ ХАҚЫНДА

Әлбетте, халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп қолдана да білген. Солардың бірі халықтың ауа райын болжау тәсілдері еді. Жазы-қысы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі һәм құпиясын терең білгендігі сондай: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Ендеше қазақтардың ауа райын болжаудағы, халық даналығын жадына ұстаған ата-бабаларымыз қалыптастырған, қағидалары һәм тәсілдеріне аз-кем тоқталуды жалғастырайық..

  • Аралар омартадағы өздері кіріп-шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады; ашық қалдырса, қыс жылы болады.
  • Жауын құрты жер бетіне шықса, жаңбыр жауады.
  • Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
  • Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге; жылы болса, жоғары жасайды.
  • Ашық күндері тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады.
  • Киік топ-топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа райы қатты бұзылып, суық болады деген сөз.
  • Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады.
  • Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
  • Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
  • Қыста күн құлақтанса, қатты аяз болады.
  • Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Өлара (өлі ара) жауын-шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
  • Күн бұлтқа батса, келесі күні жауын-шашынды болады; ашыққа батса, күн ашық болады.
  • Қараторғайлар топтанып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күн ұзаққа созылады.
  • Жылан мезгілінде ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.
  • Ордалы жылан, құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көше бастаса, көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады.
  • Ит ұлыса, жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі.
  • Аяқ-қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
  • Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
  • Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
  • Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
  • Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады.
  • Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
  • Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
  • Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
  • Қыста күн құлақтанып шықса, суық болады; құлақтанып батса, суық сынады.
  • Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; егер шетінен ыдыраса, күн жылынады деген сөз.
  • Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да; батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.
  • Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі.
  • Қызара батқан күн, желдің; ашық сары болып батқан күн, жаңбырдың белгісі.
  • Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
  • Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді.
  • Егер ай бұлыңғыр болса, жаңбырға қарса; ал ашық түсті ай, ауа райының ашық болатындығын білдіреді.
  • Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.
  • Емен ұрығы көп болса, қыс қысады.
  • Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күт.
  • Бұлтты болса да (тек жел жоқта) түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
  • Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
  • Балапан баспана іздесе не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады.
  • Суық күндері қораз ерте шақырса, жанға жайлы жылы күн болады дей бер.
  • Мысық пешке тығылса, аяздың алды сол болар.
  • Ит аунаса, жаңбыр жақын деген сөз.
  • Жаңбыр алдынан балық қармақ қабар, қармаққа балық түспесе, желден хабар.
  • Қой сүзіссе, жел болар.
  • Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел; доңыз қасынса, жылы; шыңғырса, жауын-шашынды болады. Егер доңыз сабан тасыса, дауыл болмақ.
  • Жылқы ішін тартса, күн бұзылады; пысқырса, жаңбыр жауады.
  • Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
  • Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
  • Тұман жер бауырлап құласа, ашық күннің хабары.
  • Бұлт жер бауырласа, күн суытады.
  • Ірі-ірі жаңбыр тамшысы жауын-шашынды дымқыл күннің ұзақ тұратындығын білдіреді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 620 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: